- Advertisement -

ДЕРЕКТЕРДІ ӨҢДЕУ ОРТАЛЫҒЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

137

- Advertisement -

Кеше «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Тараз қаласында Деректерді өңдеу орталығын (ДӨО) іске қосты. Онда облысымыздың мемлекеттік органдары серверлік құрылғыларын орналастыра алады.

Дата-орталық «Ақпараттық Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасы мен үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі бағдарламасы аясында іске қосылды. Деректерді өңдеу орталығының ашылуы рәсімінде оның атқарар жұмыстары мен облыстық ақпараттық технологиялар орталығының директоры Мухиддин Шүкенов таныстырды. Оның мәлімдеуінше, ДӨО Қазақстанның мемлекеттік органдарына хостинг қызметтерін көрсету үшін серверлік интернет-платформа құру жөніндегі жобаның бөлігі болып табылады. ДӨО қызметтері мемлекеттік органдарға серверлік инфрақұрылым құрылысына, оны жабдықтауға және сервистік сүйемелдеуге қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді.
Жалпы, Деректерді өңдеу орталығы – деректерді өңдеу, сақтау және берудің бағдарламалық-аппараттық кешенін орналастыру және жұмыс істеуі үшін құрылған инженерлік инфрақұрылым. Бүгінгі таңда ол Colocation мен Hosting қызметтерін ұсынады. Colocation қызметі мемлекеттік органдардың құрылғысын орналастыру мен инфрақұрылымның жалға берілуін болжайды. Hosting – бұл тұрақты түрде желіде орналасқан серверде ақпаратты сақтау үшін есептеу қуатын ұсыну бойынша қызметі. «Мемлекеттік органдардың серверлік бөлмені құру, жабдықтандыру мен әрі қарай жаңарту үшін кететін шығындарын қысқарту біздің орталықтың қызметтерін пайдаланудың негізгі артықшылықтары болып табылады», – дейді Мухиддин Қуанышұлы. «Дата-орталықтың жоғары білікті қызметкерлері серверлік жабдықтың тоқтаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ сақталған мәліметтер жойылып кетпес үшін өрт қауіпсіздігі мен салқындату жүйесі де қарастырылған», – деп толықтырды ол.
Деректерді өңдеу орталығы электрмен жабдықтау, ауа баптау, автоматты түрде өрт сөндіру, күзет-өрт дабылы, бейнебақылау жүйелерімен, сондай-ақ мониторинг пен басқарудың кешенді жүйесімен жабдықталған. Дата-орталық барлық халықаралық сапа нормаларына жауап береді және бағдарламалық-аппараттық кешенінің үздіксіз, тұрақты жұмыс атқаруын және рұқсат етілмеген құрал-жабдық пен деректердің қолжетімділігінен, физикалық зақымдануынан қорғауды қамтамасыз етеді. Бұл жоба электрондық үкімет бағдарламасын әрі қарай дамыту үшін инфрақұрылымдық алаңға айналмақ.
Іс-шара аяқталысымен облыс әкімдігі мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Наурызбек САРША,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support