Репрессияға дейінгі жылдары ұлт қайраткерлерінің ағартушылық бағыттағы жұмыстары баспасөзбен тікелей байланысты болғаны белгілі. Бұл әсіресе, 1905 жылғы қанды жексенбіден кейін айқын біліне бастады. Халықтың көкірек-көзін ашып, азаттық идеяларын насихаттау мақсатында қазақ даласында да алғашқы қарлығаштар қанат қақты. 1910 жылы «Айқап» журналы, кейіннен «Қазақ» газеті патшалық Ресейдің ықпалынан тыс жаңашыл идеяларды танытқан алғашқы баспасөз құралдары болды. Дәл осы басылымдарда алашордашылар қатарында Міржақып Дулатұлы да қызмет атқарып, Ахмет Байтұрсынұлымен бірге «Қазақ» газетінің құрылтайшысы атанды. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Орынборда бірқатар басылымдарда жұмыс істеген Міржақып 1925 жылы алғашқы жала жабылғаннан соң сол кезеңдегі ел астанасы Қызылордаға ауысқан болатын. Дәл осында жүріп ол Еңбекші қазақ (қазіргі Егемен Қазақстан) газетінде редактордың әдеби жәрдемшісі қызметін атқарады. Ал, сол жылдары аталған басылымның бас редакторы Ғаббас Тоғжанов еді. Бұл ұлт қаймақтарын бір ортаға жиыстырған басылымның өркендеген кезі еді. 1927 жылы газеттің 27 қараша күні шыққан санында «Еңбекші қазақ басқармасы» деген атаумен 14 адамның суреті жарияланған. Солардың қатарында редактор мен оның әдеби жәрдемшісінен бөлек, журналистік жолын «Ұшқын» газетінде редакция алқасының мүшесі болып бастаған Ахметсафа Жүсіпұлы, жазушы Бейімбет Майлин, партия бөліміне жауапты Әбдірахман Айсарин, Кеңес құрылысы бөлімінің басшысы Ілияс Ахметов, ретушер Мәжит Дәулетбаевтар да бар.
Міржақыптың немере қарындасы Ботагөз Асқарқызы қалдырған естеліктерде ақын «Еңбекші қазақ» редакциясында істеп жүргенінде Қазақстанның тұс-тұсынан көптеген хаттар алып, бәріне қалдырмай жауап жазып отыратын болған. Осындай оқырман хаттарының бірі әулиеаталық Жұмыр Есмурзин есімді азаматтан келген. Ол өзін таныстыра келе:
«Мен Қостанай облысы, Наурызым ауданында туып-өстім, руым – сүгір-арғын, осы кезде Әулиеатада адвокат қызметін атқарамын. Сізді сыртыңыздан жақсы білемін, енді жүздесіп танысқым келеді. Мүмкіндік болса осы жаз айының демалысына үй ішіңізбен осында келсеңіз, күтуге біз дайынбыз», – деп Міржақыпты Жамбылға шақырады.
Көп ұзамай Әулиеатаға келген Міржақыпты хат иесі күтіп алып, қала іргесіндегі Ақбұлым ауылында қонақ еткен. Бұл оқиға Гүлнар Міржақыпқызының «Шындық шырағы» кітабында Ботагөз атынан баяндалады. Ағасымен бірге келген немере қарындасы сол кезеңдегі жай-күйі келіскен Әулиеатадағы ахуалды былай суреттейді:
«Мойынқұм, Шу өлкелерін тұтас алып жатқан қалың ел – дулаттардың атамекені. Шайқорық жайлауларының иесі – атақты бай, үйсін-жаңабай руынан шыққан белгілі Тұяқбай. Тұяқбай сексеннен асқан кезі, көрмекке сүйкімді, қызыл шырайлы, толық келген, жүріс-тұрысы өте ширақ кісі еді. Ол кісінің сегіз әйелі барын естігенде, біз таңғалғанбыз. Сегіз әйелі сегіз ауыл, Тұяқбай жиырма үш жасар өте сұлу тоқалымен осы Ақбұлымда тұрды. Тұяқбай ауылымен іргелес кісі – Қалыбай Танкин! Қалыбай ертеректе өзінің туған жері Торғайдан туыстарына өкпелеп Әулиеатаға көшіп келіп, сол елге сіңіп кеткен арғын. Ол кісіні Қалекең дейтінбіз. Қалекең елуді еңсерген кісі, тапал, толық денелі болатын. Шу өлкесінің атақты болысы Бұралқымен бажа еді. Қалекең дәулетті, төрт түлігі сай, ел ішінде сыйлы, беделді кісі. Біздің үш үйді өзінің қарамағына алып, күнара саба-саба қымыз, бір-бір қойды үйдің сыртына байлаттыратын. Дулатовтың Әулиеатаға келуі ел ішінде тез тарап сәлем беруге, танысуға келушілердің саны өте көп болып кетті. Солардың ішінде есте қаларлықтай әсер қалдырған Дербіс атты жаңабай-үйсін. Әулиеатаның атақты байы Дербіс елінде ұзақ жылдар болыс болған, жасы алпыстан асқан ұзын бойлы, семіздігінен денесін өзі көтере алмай, салт атқа мінбей, тек пар ат жеккен арбаға кісілер көрпемен көтеріп отырғызғанын көрдік».
Бұдан бөлек, жаңа экономикалық саясат әсерінен ашаршылыққа дейін қала орталығындағы Атшабар базары адам көп жиналатын орындар қатарында болған. Міржақып отбасымен осында болып, қаланы аралаған.
«Ақбұлымнан қала он екі шақырым, фаэтонға мініп, лезде қалаға жеттік, бұл қаланың тұрғындары көпұлтты: қазақ, қырғыз, өзбек, татарлар, дұнғандар, орыстар», – дейді қарындасы естелігінде. «Үйлерінің көбі саманнан соғылған, қызыл кірпіш үйлері де жетерлік. Әр үйдің қора, бақтары мәуеге тұнып тұр. Көшелер бойы сылдырап аққан арықтар – жанның рақаты, ескен самал желі ауаны салқындатып тұрғандай сезілетін. Арықтарға жағалай отырғызылған түрлі биік ағаштар көлеңке түсіріп тұратын, қаланың алыстан көрінетін бурыл таулары еңсесін көтерген батырлар іспетті күннің шұғыласымен түсін күніне бірнеше өзгертетін. Кешке таман таудан соққан қоңыр жел шілденің шыжыған ыстығын лезде басып, түндері салқын тұратын. Әулиеатаның орталығындағы үлкен бау-бақшаға жиі келіп, бұлбұл құстардың құбылтып сайраған әуенін тыңдап, сол жерде отырып демалдық. Көп жүргеннен болар – қарнымыз ашып, өзбектердің шайханасына барып, палауын жеп, шайын ішіп, тынығып, дүкендерін аралаймыз».
Міржақыптың мұндағы сапары тек базар аралап, сауда жасаумен ғана шектелген жоқ. Жанына жылқыны серік еткен жігіттің сабазы мұнда да жергілікті қамысқұлақтыларды көрмей кете алмады. Елі таныған ерді алыс-жақыннан іздеп келген бай-манаптар Алаш арысына арнап, күндіз-түн ойын ойнатты, той қылды. Десе де, сол кезеңде-ақ, қазақ даласына даңқы таныла бастаған жылқы зауытын көру ақынның басты мақсаттарының бірі болса керек. Осы сапарынан кейін ел астанасына барып, «Әулиеатадағы жылқы зауыты» деген атпен мақала жазған Міржақып жылқы зауытын Жамбыл ауданы, Бесағаш ауылының маңы деп көрсетеді де:
«Жылқы зауыты Әулиеатада көптен, төңкерістен бұрын бар. Өткен жиһангер соғысы, одан кейін төңкеріс, ел соғысы кездерінде қай жерде болса да, асыл тұқымды мал құруға жақындап қалған. Мұндай хал Әулиеата зауытының басынан да кешкен. Кейін Кеңес өкіметі орныға, ел шаруасы түзеле келе, жұрт қатарлы Әулиеата зауыты да баяғы қалпына түсуге жақындаған.
Әулиеата зауыты қалаға 7-8 шақырым жерде. Өзінің салдырған үйі, қора-қопсысы бар, орманы, жері, шабындығы бар. Бұл зауытта ағылшын, түрікпен, ағылшын-араб, қарабайыр сықылды жақсы тұқымның әрқайсысы табылады. Бұл тұқымдарды зауыт осы кезде өршітіп отыр. Зауыттың жылқысы казір 500-ге тарта бар көрінеді. Зауыт әр тұқымды бірімен-бірін араластырып келеді. Мәселен, мұнда әкесі ағылшын иә түрікпен, анасы қазақы бие болған будандары да бар. Бір тұқымның өзді өзін де асылдандырып, бағу-қағудың арқасында жүзіктің көзінен өткендей қылып қойғанын көрдік. Бағу жағынан келгенде, біздің қазақ өз көзімен көрмесе, айтқанға нанбастай дәрежеде күтетін көрінеді...», – деп зауыттың тыныс-тіршілігімен таныстырып өтеді.
Иә, бұл деректердің еліміздегі бірден - бір мемлекеттік жылқы зауыты статусын иемденген Луговой жылқы зауытына тікелей қатысы бар. Сондықтан әңгімемізді әріден тарқатсақ. Жамбыл жерінде алғашқы асылдандыру орталығы XIX ғасырдың аяғында-ақ пайда болған. Мұның басты себебі патшалық Ресей әскерін атпен қамтамасыз ету еді. Осы мақсатта 1884 жылы мемлекеттік жылқы зауыттары басқармасының бастығы, граф И.И.Воронцов-Дашковтың бұйрығымен Торғай, Орал облыстарына, Бөкей ордасына, кейінірек қазақ жерінің басқа да аймақтарына мамандар жіберіледі. Нәтижесінде Торғай облысында үш зауыт, Әулиеата мен Алматыда бір-бір асылдандыру орындары ашылды.
Осыдан бастап, қазақ жері әскери жылқы өсірудің жаңа базасы есебінде мемлекеттік жобалар мен жоспарларда, баспасөзде көп айтыла бастады. Торғай облысының жылқы шаруашылығы – Ресей үшін қаншалықты маңызды болғанын төмендегі екі деректен байқаймыз. Мәселен, «Тургайская газетаның» эмблемасында аттың суреті, Торғай облысының гербінде қазақ жылқысының басы бейнеленген. 1883 жылы мемлекеттік жылқы зауыттары бас басқармасының өтінішімен төре тұқымынан шыққан Ахметсұлтан Жантөриннің өзі көлемді очерк жариялайды. Очеркте қазақ жерінің ауа райы, жылқының бағылымы, жайылымдық жерлері, басқа түліктермен салыстырғандағы үлес салмағы, саны, Еуропа мемлекеттеріндегі жылқы санымен салыстырғандағы пайыздық мөлшері секілді мәселелер қамтылған. Ол экономист-маман ретінде жылқы түлігінің пайдасын, үлес салмағын ұтымды көрсетіп, Орынбор облысында 1879 жылғы санақ бойынша 1,8 миллион жылқы болса, бүкіл қазақ жерінде 4 миллионнан асу керек деп шамалайды. Қазақи тұқымның ерекше шыдамдылығы мен төзімділігі туралы жазылған 20-дан астам зерттеушілердің мақалаларына сүйене келіп, қазақ жылқысы салт мініске арналған тұқым болып қалу керектігін дәлелдейді. Қазақи тұқымның тек бір кемшілігін, бойының аласалығын, бітімінің қораштығын кетіру үшін кавказ, таза желгіш, түрікмен, араб тұқымдарымен будандастырып, асылдандыру жолдарын ұсынады.
Осы межені орындау мақсатында ашылған зауыт әуелі Жамбыл ауданында орналасқан. Көнекөз қариялардан сұрастыра келе, зауыттың қазіргі Қарой ауылдық округі, Сұлутөр елді мекенінің маңында болғандығын білдік.
– Ауылымыздың маңайында асылдандыру орталығы болғаны рас. Ол жер Владимир Маслов деген көпестің шаруашылық жайы болған. Онда 2000-ға жуық құс, 1000-ға тарта шошқа, 200-дей мүйізді ірі қара мен жылқы малы ұсталған. Шаруашылықта қызметкерлерге арналған 15-20 шақты үй орналасқан. Кеңес өкіметі орнап, кәмпеске басталған уақытта жер иесі бір түнде қашып кеткен деп еститінбіз. Содан бұл аймақта жылқы зауыты болған. Мұнда маршал Буденныйдың өзі келіп, жылқыларды таңдап көретін. Жарамайтынын ет комбинатына жіберіп, таңдаулысын алып қалып отырған. Сондай бір сапарында жолы түскен маршал атақты Абсенттің шешесі Баққараны да өзі таңдап алып қалған екен. Кейіннен жылқы зауыт жабылып, Луговойда қайта ашылған уақытта бұл жер көкөніс кеңшары болды, – дейді Сұлутөр ауылының ақсақалы Абай Мазалиев.
Обалы не керек, ақсақалдың айтуынша, мұндағы В.Масловтан басқа да көпестердің ел мен жерге жасаған жақсылығы көп болған. Жергілікті халық ұзақ жылдар солардың еккен тал-дарағының, бау-бақшасының қызығын көруіндей-ақ көрген. Кейіннен ағаштар оталып, жақын маңайда тек бесағаштықтар ғана тал-дарағын кестірмей сақтап қалған. Айтпақшы, Сұлутөр ауылы әуелде Бесағаш округінің құрамында болған екен. Сондықтан Міржақып деректерінде жылқы зауытының орналасқан аумағы осылай көрсетілген.
Міржақып зауытқа барысымен қарсы алған жылқылардың атбегісі осындағы арғымақ айғырлардың атқорасы – жеке-жеке бөлме болатындығын, қырдағы байлардың жүз үйінен артық екендігін айтып масаттана мақтанған. Ол аттарды жақындап көруге рұқсат сұрайды. Зауыт бастығы «аттар қазір демалып жатыр» деп жолатпайды. «Ақсүйектердің» тұруын күтеді. Мезгілі болғанда қоралар ашылып, әр бөлмеден көздері оттай жанған, шиыршық атып, көкке қарап тұрған, суреттей сұлу жануарларды көреді. Бастық олардың әрбірінің әкесін атап, енесімен таныстырады. «Мынау – дейді бірде, – Пасманның баласы» деп, темір қаракөк дөненді көрсеткен. «Бір көк дөненнің қасынан кеткіміз келмеді», – дейді Міржақып. – Сұлулығына көзіміз тоймады. Қасымыздағы бір атқұмар жігіт: «Шіркін-ай, мұны ұрлар ма еді» деп жіберді. «Тек, олай деме» дей алмадық. Көк дөненде өзіміздің де ойымыз бар еді». Мұнан соң басқа бөлмеде жатқан жирен қасқа дөненнің қасына келдік. «Мұның әкесі – ағылшын, шешесі – қазақ биесі» деп таныстырды. Бұл да мінсіз сұлу екен, тұрғызып көрмек болып едік, «қойыңыз, тимеңіз, мазасын алмаңыз» деп зауыт бастығы без-без етті. Бұл не деген күтім, бұл не деген жануарға жанашырлық!», – деп тамсанған Міржақып. Тамсанған да, бұларды бағып-күту тәжірибесімен танысқан. Суды, жемді қаншадан, қай мезгілде беретінін, бойларын қалай сергітетінін, қанын қалай тарататынын, қалай тазалайтынын, қалай жуатынын білген. Кейіннен өз мақаласында қазақтың жылқыны асылдандыруға ден қоймайтындығын, асыл тұқымнан гөрі жергілікті жылқылар мықты болады деп келеке қылатындығын сынай жазған Міржақы
п халықтың шаруашылығы да ғылымға негізделсе деген ойды ортаға тастайды. Ал, оған сол кезеңдегі жұртшылықтың ахуалы жететіндігін мынадай деректермен дәлелдей түседі.
«Әулиеата елі – малды, қазақты ел. Ас-той, көкпар, бәйге дегенің бұл елде әлі қалған жоқ. Сентябрь туысымен мұнда үлкен-үлкен астар болады. Бұл елде бәйге аты аса қадірлі. Асты бұл ел бәсекемен береді, бірінен бірі асырмақ болады. Бас бәйге 5 мың сом, 3 мың сом, ия, пәлен жүз қой тігуші екінің бірінен табылады. Тек малы болсын, ия атағы болсын. Сексенге келіп өлген кемпіріне желігіп ас беріп, ат шаптыртып жатқанын көрдік». М.Дулатовтың жазуынша, Әулиеата елі малға өте бай болған. Әсіресе, мінсең – көлік, саусаң – сусын, сойсаң ет – жылқы түлігін үйірлеп баққан. 1909 жылы осы ел қазағы Ботпай руынан Нұрманбет Бәкі баласы Қожа Ахмет Йасауи зиратына қаржы жинап келген Шахаб Қожаға таңдамастан қаптаған қалың жылқысының бір шетінен 100 жылқы бөліп бере салған екен. Тек Шахаб Қожа әлгі жылқылардың қымбаттарын сатып, түстерін «бояп», Түркістанға арық-тұрақ көтерем мен тұяқ санын түгелдей өткізіпті. Аймақтың сол кезеңдегі табысы оңтүстіктегі өзге өңірлерден басым болғандығын осында қызмет атқарған Алаш арысы Сұлтанбек Ходжановтың партиялық «Ақ жол» газетінің 1924 жылғы 17 тамыздағы санындағы мәліметі де растай түседі. Ол жер дауы мәселесінде арандатушыларға берген жауабында «Түркістаннан жиналатын салықтардың 43 процентін қазақтар төлейді. 1923 жылы 14 миллион сом салықтың 6 миллионы қазақтардан жиналған. Мұнда Әулиеата уезінің үлесі мол. Ол – астықты өңір, мал шаруашылығы дамыған аймақ. Қазақтар Орта Азиядағы енші алыста ақы иесі екеу болса, бірі, санға кіретіннің ең үлкені болуға тиіс», – деп ұлтының намысын жергілікті халықтың мәртебесін биік қою арқылы батыл қорғайды.
Алайда, тарихшылардың айтуынша, Алаш арысы Әулиеатадан көңілді аттана қоймаған. Оған өз халқының көрсетілген құрметі аздық еткен жоқ. Тек, ағасы Асқардың қызы Ботагөздің Бұралқы болыстың баласы Мұстафамен бірге қашып кетуі жанына батса керек.
– Бұралқы болыс Сұлтанбекұлы өз дәуірінде Әулиеата жерінде танымал адамдардың бірі болған. Мойынқұм өлкесінде Ағашақ болыстығын он сегіз жыл басқарып, еліне қамқорлық жасаған азамат ретінде танылған. Оның Ташкенде оқитын тұңғыш баласы Мұстафа Әулиеатаға тәжірибе ретінде май, сыр шығаратын өндірісте практикада жүрген уақытында Танкиндер әулеті арқылы Ботагөзбен танысып, екеуі көңіл жарастырып қашып кетеді. Міржақыпқа осы жайт оңай тимеген еді, өйткені оның қарындасы бұл уақытта қазақтың суретші қызы Ләтипа Қожықованың інісімен сөз байласып қойған болатын, – дейді Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының ғылыми қызметкері, тарихшы Мадияр Ералыұлы.
Бұралқы баласы Мұстафа да тегін адам емес еді. Ол кейіннен қазақтан шыққан тұңғыш агроном ретінде танылған. Ташкентке кеткеннен кейін бір жылдан соң екі жас Міржақыптың кешірімін алады. Ұзақ жылдар қуғын-сүргіннен аман шығып, Абай мұраларын, Сәбит Мұқановтың «Ботагөзін» орысшаға аударады, қазақ тілінің түсіндірме сөздігін жазады. Алайда, соңғы еңбегі аяқсыз қалады.
Ал, Міржақып Жамбыл жерінен аттанған соң жаламен ұсталғанша ел астанасында қызметін жалғастырды. Осында жүріп бүркеншік атпен ел тағдырына қатысты түрлі мақалалар жариялап тұрды. Ол бас сұққан жылқы зауыты ашаршылықтан кейінгі жылдары Сұлутөр ауылынан Т.Рысқұлов ауданы, Көгершін ауылындағы Сұлутөр баурайына көшіріліп, Абсент арқылы әлемге танылды. Бүгінде бірнеше дүркін Олимпиада жүлдегері болған жылқыны, оның әкесі Арабпен (Қазбек) маршал Жуков Жеңіс парадын қабылдағанын бәрі біледі. Алайда, Міржақыптың осы зауыттың алғашқы аймағында болғандығын білетіндер жоқ десек те болады.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді