
Құжат Қазақстан халқы үшін Starlink спутниктік терминалдарын ресми түрде сатуды іске қосуды жоспарлауда. Салаға жауапты министрліктің хабарлауынша, сатылымдар жылдың үшінші тоқсанында басталады. Жобаны іске асыру – елдің шалғай өңірлерін жоғары жылдамдықтағы спутниктік интернетпен қамтамасыз етуде маңызды қадам болмақ. Бұл – цифрлық байланыс мүмкіндіктерін кеңейтіп, телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға тың серпін береді. Осы ретте жаңа цифрлық серіктес жайында аз кем мәлімет бере кетейік.
Америкалық танымал өнертапқыш және кәсіпкер Илон Маскке тиесілі SpaceX компаниясының Starlink жаһандық спутниктік желісі 2019 жылы орбитаға шығарылып, өз жұмысын бастаған болатын. Ал 4 жылдан соң компания иесі Starlink спутниктік желілері шығынсыз жұмыс істей бастағанын хабарлады.
Өткен жылғы мәлімет бойынша Starlink жазылушыларының саны 2 миллионнан асқан. Starlink желісі 5G стандартына сәйкес келетін, секундына 1 гигабит трафик жылдамдығымен ғаламшардың кез келген нүктесінен интернетке қолжетімділікті қамтамасыз етуге арналған. Қазіргі уақытта Жердің төмен орбитасында бес мыңнан астам осындай құрылғылар бар. Бұл барлық белсенді жерсеріктердің жалпы санының жартысын құрайды. Әрбір құрылғы үш жарым жыл жұмыс істеуге арналған.
Жоғары жылдамдықты интернетке Starlink арқылы қосылу – ауылдық мектептер, медициналық мекемелер, мобильді топтар мен инфрақұрылым нысандарына сапалы байланысқа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл – әсіресе, талшықты оптикалық желілерді экономикалық немесе техникалық тұрғыдан тартуға қиындық тудыратын өңірлерде өзекті болып отыр. Starlink спутниктері елімізде пилоттық режимде жұмыс жасап келе жатқандығын атап өткен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев ресми келісімдер нәтижесінде еліміздегі цифрландыру саясатының жаңа мүмкіндіктері қалыптасатындығын атап өтті.
– Қазақстан – аумағы кең, халқы әр өңірге шашыраңқы орналасқан ел. Барлық тұрғындарды сапалы интернетпен қамту үшін біз талшықты-оптикалық байланыс желілерінен ұялы байланыс мұнараларына дейінгі түрлі тәсілдерді қолданамыз. Алайда жайылымдар, таулы ауылдар мен шалғайдағы кәсіпорындар сияқты қолжетімділігі күрделі аймақтар да бар. Ондағы тұрғындар да сапалы интернетке қол жеткізуі тиіс. Қазіргі таңда әлемде бұған мүмкіндік беретін технологиялар бар. Бүгінге дейін Starlink елімізде тек мектептерге интернет ұсынып, пилоттық режимде жұмыс істеп келді. Ал халық үшін ол ресми түрде қолжетімсіз еді. Енді біз келісімге келдік, компания ақпараттық қауіпсіздік пен байланыс саласындағы ұлттық заңнама талаптарына сай жұмыс істейтін болады. Биыл қажетті жұмыстар жүргізіліп, тұрғындар ресми әрі заңды түрде спутниктік интернетке қосыла алады, – деді министр.
Starlink жабдықтарын заңдастыру мен ресми қолдану мәртебесінің ерекше маңызы бар. Бұған сәйкес енді азаматтар терминалдарды заңды түрде сатып алып, пайдаланып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркей алады. Starlink спутниктік интернетіне қосылу арнайы пайдаланушы құрылғылары арқылы іске асады. Қазіргі уақытта жеке пайдаланушыларға қызмет көрсету тәртібін қоса алғанда, техникалық және ұйымдастырушылық мәселелерді келісу жұмыстары жүргізілуде. Жобаны іске асырудың барлық кезеңдері ұлттық заңнама талаптарын, соның ішінде қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жүргізіледі.
Бұл бастама ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздікті азайту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында және «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының мақсаттарына сәйкес қолға алынуда. Ұлттық жобасы шеңберінде «2023-2027 жылдары облыс елді мекендерінің интернет желісіне және байланысына сапалы қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі» Жол картасы бекітілген.
Аталған Жол картасына сәйкес, 2023-2025 жылдары 208 елді мекенде мобильді интернет желісінің сапасын 4G-ге арттыру жоспарланып, бүгінгі күнге 140 елді мекенде тиісті жұмыстар аяқталған.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Әр қадамымызды халық игілігі үшін жасап отырмыз
- 3 шілде, 2025
Есіл еңбекті жырлаған майдангер
- 1 мамыр, 2025
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді