Осы бағыттың маңыздылығын еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше атап өтті. Ол өз сөзінде жасанды интеллектінің тек технология емес, ел дамуына серпін беретін стратегиялық құрал екенін жеткізді. Бұл аталған саланың болашағы зор екенін айқын көрсетеді.
Әлемде жасанды интеллектінің барлық мүмкіндігі толық ашылды деп айтуға әлі ерте. Бүгінде адамзат бұл технологияның әлеуетін тереңірек түсініп, оны әр салада тиімді қолданудың жолдарын іздеуде. Қазіргі таңда жасанды интеллект медицина, білім, бизнес, тіпті спорт салаларында қолданылып келеді. Алайда оның зерттелмеген қырлары әлі де жеткілікті. Дәл осы кезеңде оны меңгерген адам заман талабына тез бейімделіп, өзіне жаңа мүмкіндіктер аша алады.
Шет елдердегі тәжірибеге көз жүгіртсек, жасанды интеллектінің мүмкіндіктері әлдеқайда кең екенін байқаймыз. Мысалы, АҚШ пен Жапонияда үй шаруасына арналған Roomba роботтары кеңінен қолданылып, адамдардың уақытын үнемдеуде. Қызмет көрсету саласында SoftBank Robotics әзірлеген Pepper роботы келушілерді қарсы алып, олармен тілдесе алады әрі тапсырыс қабылдайды. Логистикада Amazon компаниясының роботтары тауарларды сұрыптап, жеткізу үдерісін жеделдетуде. Медицинада роботтар күрделі операцияларға қатысып, дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп отыр. Ал Ameca сияқты гуманоид роботтар адамның эмоциясын бейнелеп, қарым-қатынас жасауға бейімделген. Tesla компаниясы да адам сияқты еңбек ете алатын роботтарды дамытуда. Мұндай жетістіктер жасанды интеллектінің адам өміріндегі рөлін айқын көрсетеді.
Қазақстанда да бұл бағыт біртіндеп дамып келеді. Әсіресе медицина саласында роботтардың көмегіне жүгініп, емдеу сапасы артуда. Кейбір орталықтарда дәрі-дәрмек дайындау үдерісі автоматтандырылған. Өндіріс пен логистикада роботтар жүк сұрыптау мен тасымалдауды жеңілдетуде. Ауыл шаруашылығында дрондар егістікті бақылап, қажетті жұмыстарды атқаруда. Қауіпсіздік саласында да олар іздестіру және бақылау қызметтеріне пайдаланылып жүр. Дегенмен елімізде роботтар әзірге көмекші құрал деңгейінде ғана қолданылуда. Сондықтан бұл бағытты дамыту – уақыт талабы.
Жасанды интеллект еңбек нарығына да жаңа өзгерістер енгізді. Бүгінде бір ғана мамандықпен шектелу жеткіліксіз. Кәсіп бастау ісі жеңілдеп, бір адамның өзі бірнеше міндетті қатар атқара алады. Бұл – шығармашылық ойы бар жастар үшін үлкен мүмкіндік. Сонымен қатар білім беру саласында күрделі тақырыптарды меңгеру жеңілдеп, әр оқушы өз деңгейіне сай білім алуда. Интернет пен цифрлық технологиялар арқылы жастар мәтін жазу, аударма жасау, дизайн әзірлеу, әлеуметтік желілерді жүргізу сияқты бағыттарда өз қабілеттерін дамытып, табыс табуға мүмкіндік алып отыр. Осылайша, жаңа технологиялар уақытты үнемдеумен қатар, жұмыстың сапасын арттыруға ықпал етуде.
Дегенмен кез келген құрал сияқты, жасанды интеллектінің тиімділігі оны қалай қолданатынымызға байланысты. Егер тек дайын нәтижеге сүйенсек, дамуымыз тежелуі мүмкін. Ал оны ізденіс пен білімге жол ашатын көмекші ретінде пайдаланған жағдайда, жетістікке жету әлдеқайда жеңіл болады.
Жасанды интеллект – уақытша құбылыс емес, заман талабы. Ол – болашаққа бастар көпір. Ал сол көпірден сенімді өту – бүгінгі жастың біліміне, талпынысы мен үздіксіз ізденісіне байланысты.
Мадина МҰСАБАЙ,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз университетінің 4-курс студенті.
Ұқсас жаңалықтар
Кітап оқитындардың қатары көбейіп келеді
- Бүгін, 10:13
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- Бүгін, 10:57
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- Бүгін, 10:51
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




