Мектепті 17 жасында бітірген ол анасына қарайлап, ауылдан ұзап шыға алмады. Еңбекке ерте араласты. Еңбек жолын Тереңөзек ауылында тұратын нағашылары, ағайынды Сұлтанбаевтар құрған «Береке» шаруа қожалығында қатардағы жұмысшы болып еңбек етті. «Үйдің жақсы болуы – ағашынан, жігіттің жақсы болуы – нағашыдан» дегендей, еңбекқор, іскер нағашыларының қолында 9 жыл еңбек ете жүріп шаруашылықты қалай жүргізудің қыр-сырын меңгерді. Содан кейін Мырзабек төрт жыл Алматыда дәнекерлеуші болып жұмыс істеді. Сол жақта жүріп тапқан табысына мал сатып алып, ауылға келіп мал басын көбейтті. Құмнан мал қора соғып, үш жыл мал бақты. Мал басын көбейтті. Қаржы жинады. Бұған дейінгі жұмыс істегені қолға алған шаруасын алға сүйреуде сеп болды. Сөйтіп ол өзінің «Байбол» шаруа қожалығын құрды. Қожалықтың жұмысы техникасыз жүре ме? Әкесі марқұм Мырзахмет ұзақ жыл кеңшарда көлік жүргізуші болып жұмыс істеген. Содан үйренгені болар, қалған-құтқан теміртерсектерден өзі Беларусь тракторын, соқа, сеялка құрастырды.
«Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, осы тірліктің бәрін ешкімге жалынбайақ өзі атқарды. Екі аяғына нық тұрып алған соң екі қуатты «К-70» тракторын, егін оратын комбайн лизингке сатып алды. Алдында ожауы бар жер тегістейтін, жүк салатын трактор, одан кейін қызылша жинайтын техника сатып алды. Қызылша баптап, жақсы өнім алды. Бұдан бөлек, Мырзабек мал алыпсатумен айналысты. Шәкіртімді бір көргенде не істеп жүргенін сұрағаным бар, сонда ол, жай ғана жымиып, «Бізге қарап жатуға болмайды» деген еді. Шындығында нағыз еңбек адамы бос қарап отыра алмайды. Осы жерде Мырзабектің анасы Хафизаның еңбегін ерекше атап өткім келеді. Жұбайынан ертерек айырылып қалса да балаларына дұрыс тәрбие беріп, адал еңбек етуге үйретті. Үлкен ұлы Есен мектепті жақсы бітіріп, өз күшімен Алматы политехникалық институтына түсті, бүгінде аты дардай инженер. Кіші ұлы Мырзатай да мектепте жақсы оқыды. Алматыда тұрады. Құрылыс саласында еңбек етеді. Ал бауырларын оқытып, өзі анасына қарайлап қалған Мырзабек қарашаңырақта анасына қарап отыр.
Жалпы ер-азаматтың үй ішіне алаңдамай емін-еркін шаруашылықпен айналысуы үшін отбасының мықты, ұйымшыл берекелі болуы өте маңызды. «Берекесіз үйдің мерекесі де болмайды» дегендей, бүкіл үйдің тіршілігін тап-тұйнақтай етіп Құдайдың берген 4 ұлы мен 1 қызының ас-суын, киім-кешегін, оқуын, 76 жастағы енесі Хафизаның бар жағдайын жасап отырған Айсұлу келіннің еңбегі ерекше. Үлкен ұлы Мырзакелді Отан алдындағы борышын өтеп келсе, одан кейінгі қызы Айжан Алматыда Д.Қонаев атындағы Еуразия университетінде заң университетінің студенті. Мырзабек ауыл жігіттерінен тағы да 80 гектар жер алып, оның 20 гектарына қызылша, 60 гектарына пияз егуді жоспарлап отыр. Артезиан құдығын қазып дайындап қойған. Су атқылап тұр. Техника бар.
«Алғашқы кезде дүнгендерді шақырып қалай себу керек, қалай баптау керек екенін үйренеміз. Ары қарай өзіміз-ақ алып кетеміз», дейді. Мұның бәрін неге жазып отырмын? Кезінде Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев жастармен болған бір кездесуде «Университет бітірмей-ақ жақсы өмір сүруге болады», – деді.
Мен осы сөзді қолымды көтеріп тұрып қолдаймын. Оның жарқын мысалы әңгіме етіп отырған Мырзабек оқушым. Өзінің таудай талабымен, өжеттілігімен, алдына қойған мақсатына жетпей қоймайтын қайсарлығымен, адал еңбегімен ауылдағы ең бақуатты азаматтың біріне айналды. Ең алғашқылардың бірі болып зәулім үй соқты. 150-200 тонналық қамбасы, мал бордақылау алаңы бар. Астында темір тұлпар. Қазақта «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды», «Үйленбей жатып бала сұрағаннан без, еңбек етпей байлық сұрағаннан без» дейді. Мырзабектің тірлігі басқаларға үлгі болсын. «Алма піс, аузыма түстің» заманы өткен.
«Таудай талап бергенше, бармақтай бақ бер» деген мақалмен келіспеймін. Бақ аспаннан түсе қалмайды, еңбекпен келеді. Абай атамыз «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңінде «Бес нәрсеге асық бол...» – дейді.
Сол бесеудің ең бірегейі – талап. «Талаптыға – нұр жауар» дейді. Қазақтың әрбір азаматы алдына таудай талап қойып, соған әкелу үшін аянбай еңбек еткені жөн.
Кенжебай АМАНҚҰЛОВ
зейнеткер ұстаз
Т.Рысқұлов ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Азаматтарды жеке мәселелер бойынша қабылдады
- Бүгін, 16:36
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




