Осыған орай өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында баспасөз конференция өтті. Брифингке қатысушылар мемлекет қаржысының тиімді игерілуі – ел экономикасының тұрақтылығы мен әлеуметтік дамуының негізгі тетігі екенін айрықша атап өтті.
Бүгінде бюджет қаражаты тек қаржылық ресурс қана емес, ол – мұғалім мен дәрігердің еңбекақысы, жол мен инфрақұрылым, ауылды қолдау мен халықтың әл-ауқаты екенін спикерлер ерекше атап көрсетті. Жиында облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті Жедел басқармасы басшысының орынбасары Шерхан Пірімқұл негізгі бағыттар туралы баяндады.
– Мемлекеттік бюджет қаражатының әр теңгесі қатаң бақылауда болуы тиіс. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығын субсидиялау саласында алаяқтық фактілері жиі кездесіп отыр. Біздің міндет – мұндай құқық бұзушылықтардың жолын кесу ғана емес, оның алдын алу, – деді ол.
Спикердің айтуынша, соңғы алты жылда 189 және 190-баптар бойынша 90-нан астам қылмыстық іс тіркелген. Жалпы келтірілген залал миллиардтаған теңгені құрап, оның бір бөлігі өтеліп, бірқатар мүлік тәркіленген.
– Ең жиі кездесетін жағдайлар – ауыл шаруашылығы субсидияларын заңсыз алу деректері. Кейбір жағдайларда делдалдар арқылы жалған өтінімдер беріліп, мемлекет қаражаты мақсатсыз пайдаланылған. Біз бұл бағытта талдау жұмыстарын күшейтіп отырмыз, – деді Шерхан Батыржанұлы.
Сонымен қатар ол кәсіпкерлерге маңызды ескерту жасады.
– Электрондық цифрлық қолтаңбаны үшінші тұлғаларға беру – үлкен қауіп. Бұл алаяқтық схемалардың жүзеге асуына жол ашады. Сондықтан әрбір кәсіпкер өз құжатына өте мұқият қарауы қажет, – деп атап өтті ол.
Брифинг барысында бизне сті қорғау мәселесі де кеңінен қозғалды. Департамент өкілдері адал кәсіпкерлердің құқықтарын сақтау басты назарда екенін жеткізді.
– Қылмыстық істер тек нақты деректер мен алдын ала талдау нәтижелері болған жағдайда ғана қозғалады. Біз адал бизнестің қызметіне кедергі келтірмеуге ерекше мән береміз, – деді департамент өкілі.
Қазіргі таңда ведомство жанында талдау орталығы жұмыс істейді. Ол қаржы пирамидалары, мемлекеттік сатып алу, салықтық тәуекелдер сияқты бағыттар бойынша алдын ала қауіптерді анықтауға мүмкіндік береді. Жиында сөз алған облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Нұралы Ергебаев та өзара ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.
– Палата мен экономикалық тергептексеру департаменті арасындағы байланыс жүйелі жолға қойылған. Біз кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, түсіндіру жұмыстарын жүргізу және алдын алу шараларын ұйымдастыру бағытында бірлесе жұмыс істеп келеміз, – деді ол.
Оның айтуынша, жыл сайын екі тарап арасында меморандум жасалып, нақты іс-шаралар жоспары бекітіледі. Дөңгелек үстелдер, ашық есік күндері және кәсіпкерлермен кездесулер тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Брифинг соңында спикерлер азаматтар мен кәсіпкерлерді заң талаптарын қатаң сақтауға шақырып, кез келген экономикалық құқық бұзушылық туралы тиісті органдарға хабарлаудың маңызын еске салды.
«Заң мен тәртіп» қағидаты – тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі екені айтылды. Мамандардың пікірінше, мемлекет пен бизнестің өзара сенімі мен ашық диалогы ғана экономикалық қауіпсіздікті нығайтып, тұрақты дамуға жол ашады.
Мақпал СҮЙІНБАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Цифрлы асхана: мектептегі жаңа жүйе туралы...
- 23 сәуір, 2026
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




