«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Цифрлы асхана: мектептегі жаңа жүйе туралы...

Цифрлы асхана: мектептегі жаңа жүйе туралы...
Автор
Жасыратыны жоқ, мектеп оқушыларына берілетін тегін тамақ сапасы қоғамды алаңдатып жүрген өзекті мәселелердің бірі. Жуырда Тараз қалалық қоғамдық кеңесі осы салаға зерделеу жұмыстарын жүргізіп, мектеп асханаларында кейбір жүйелік кемшіліктердің бар екенін анықтады.

Яғни, Тараз қалалық қоғамдық кеңес мүшелері 8 мониторингтік топқа бөлініп, оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етудің жай-күйін зерделеп шықты. Нақтырақ айтатын болсақ, қаладағы №3, 66, 41, 43, 46, 47, 48, 49 мектептерді аралап, асхана залында ілулі тұрған ас мәзіріне назар аударып, азық-түлік сертификаттарын, оның уақытын, тұтыну мерзімін, сапасын, мөлшерін, салмағын, химиялық құрамын тексерді. Асхана қызметкерлерінің санитарлық кітапшаларының болуболмауын, тауарлардың қоймаларда, тоңазытқышта сақталуын, тыйым салынған астың болмауын қадағалады. Мектеп асханаларындағы күнделікті мәзірге, әдетте, бірінші және екінші тағамдар, ботқа, макарон өнімдері, ет немесе тауық еті қосылған ас, сондайақ шай мен компот кіреді. Кейбір білім ошақтарында сүт өнімдері мен жеміс-жидек те ұсынылады. Қағаз жүзінде бәрі талапқа сай: калориясы есептелген, мәзірі бекітілген.

Алайда іс жүзінде жағдай әркелкі. Зерделеу барысында анықт а лған басты олқылықтардың бірі – тағамның сапасы. Кейбір мектептерде ас дәмсіз, суық немесе санитарлық талаптарға сай емес күйде ұсынылатыны айтылды. Мектеп асханасындағы «бір камераға қарап тамақ алу» әдісі – бүгінгі білім жүйесіндегі ең даулы мәселелердің бірі. Ваучерлік жүйе енгізілгелі бері мектептерде электронды терминалдар пайда болып, оқушы асханаға кіргенде камераға бет-әлпетін тосып, сол арқылы тамаққа «рұқсат» алады.

Сырттай қарағанда бұл – заманауи, ашық әрі тиімді тәсіл сияқты. Бірақ оның көлеңкелі тұстары да аз емес. Ең алдымен, бұл жүйе тәртіп пен есепті күшейтті. Бұрынғыдай қағаз тізім жоқ, кімнің тамақ ішкені автоматты түрде тіркеледі. Мемлекет бөлген қаржы нақты балаға жетті ме, жоқ па – бәрі көрініп тұр. Асхана қызметкерлері үшін де жұмыс жеңілдеді. Бір сөзбен айтқанда, цифрландыру өз нәтижесін беріп жатыр. Алайда мәселенің екінші жағы бар. Ваучер бәріне бірдей берілмейді. Әсіресе көпбалалы отбасыларда бір бала жүйеге кірсе, екіншісі кірмей қалатын жағдайлар жиі кездеседі. Сонда бір бала камераға қарап, еш қиындықсыз тамақ алады, ал қасында тұрған бауырына «жоқ» деген жауап шығады. Бұл – баланың психологиясына салмақ түсіретін, қоғамдағы теңсіздікті көзге ұрып көрсететін көрініс.

 – Тағы бір түйткіл – техниканың ақауы. Кейде жүйе баланы танымай қалады, база жаңартылмайды немесе интернет істемей қалады. Осындай сәтте бала кінәлі болмаса да, тамақсыз қалуы мүмкін. Ал бұл – жай ғана ыңғайсыздық емес, баланың күнделікті қажеттілігіне әсер ететін мәселе. Мектеп директорларының да алаңдаушылығы орынды. Олар бір жағынан ережені сақтау керек, екінші жағынан балалардың жағдайын ойлайды. «Барлығына бірдей тамақ берейік десек – қаржы жетпейді, тек тізіммен жүрсек – әділетсіздік болады» деген екіұдай күйде қалып отыр. Қорытындылай келе, ваучерлік жүйе – заман талабы. Бірақ оны енгізуде адам факторын ұмытпау керек. Әсіресе балалар мәселесінде цифрдан бұрын әділдік пен теңдік тұруы тиіс. Егер жүйе бір отбасының балаларына әртүрлі қараса, онда оны жетілдіру – уақыт күттірмейтін міндет, – дейді №43 мектептің әлеуметтік педагогы Жанар Байназарова.

Асханалардың материалдықтехникалық базасы да әртүрлі: бірінде жаңа жабдықтар орнатылса, енді бірінде ескірген құралдар әлі қолданылып келеді. Сонымен қатар кейбір жеткізушілердің өнім сапасына қатысты да сұрақтары бар. Тағы бір маңызды мәселе – бақылаудың әлсіздігі. Ата-аналар мен қоғамдық ұйымдардың қатысуы жеткіліксіз болған жағдайда, кемшіліктер ұзақ уақыт бойы шешілмей қала береді. Оқушылардың өздері де кейде мектеп асын ішпей, сырттан зиянды тағамдар сатып алуға мәжбүр. Нақты айт с ақ, Бектөбедегі Амангелді орта мектебінде асханадағы баспалдақ тым биік орналасқан. Талай мәрте оқушылардың жарақат алу, құлау мәселесі орын алған екен. Мектеп ескі болса да асханасы тап-тұйнақтай.

№66 мектепте тіпті жұмыртқа сақтайтын арнайы қойма, тіпті сол жұмыртқаның неше күндік екенін зерделейтін құрылғы да бар екен. Кейбір мектептерде құжаттарында шикілік болды. Асхана қызметкерлері жиі ауыса ма, санитарлық кітапшаларын тексергенде ондағы қызметкерлерден де көп болып шықты. Дегенмен оң тәжірибелер де жоқ еме с. Қаланың бірқатар мектептерінде асхана жұмысы жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Мұнда тағам сапасы жақсы, асханалар таза, қызметкерлер жауапкершілікпен қарайды. Мұндай мектептерде оқушылар асқа ықыласпен барады, ал ата-аналар сенімді. Бұрынғыға қарағанда асханадағы астың дәмі жақсы. Тұзсыз, дәмсіз емес екен.

Мониторингтік топ жолға шықты дегеннен дайын отыра ма кім білсін, асханалардың тазалығы, өнімдердің сақталуы дұрыс болды. Көкөністер шірімеген. Бірақ бізді дайын күйінде келген жартылай өнімдер қызықтырды. Қалай жасалды, қай жерде жасалды, оны анықтай алмадық. Мердігер компания тұшпара, балық котлеті сынды тағамдарды өздері дайын күйінде қатырып әкеледі екен.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар