«Фестивальдің негізгі мақсаты – өңірдің туристік әлеуетін кеңінен насихаттау арқылы әлемге таныту, облыс аумағында өсетін қызғалдақтардың табиғи ландшафттарын сақтап қалу және оны өңір брендіне айналдыру арқылы келушілер санын арттыру. Оған отандық және шетелдік сарапшылар, мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық ұйымдар, сондай-ақ әлемнің 15-тен астам елінен келетін қонақтардың қатысуы күтілуде. Спорттық ойындарға қатысушыларды есептемегенде, фестивальге келушілер саны кемінде 2000 адам болады», – деді өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев.
Бүгінге дейін аталған фестиваль ауқымын кеңейту және келушілер санын арттыру мақсатында кең көлемді жарнамалық-ақпараттық жұмыстар жүргізілді. Әлі де насихатталып жатыр. Бүгінде 500-ден астам әлеуметтік желі парақшаларында ақпараттық материалдар жарияланған. Сонымен қатар қала орталығындағы Төле би – Жамбыл, Абай – Төле би, Абай – Қазыбек би көшелерінің қиылыстарында орналасқан 3 LED экранда және 5 билбордта фестиваль жарнамалары орналастырылған.
Аспандияр Мұраталыұлының айтуынша, «Қызға лдақ мұра» фестивалі аясында өткен жылдары іске қосылған арнайы ресми сайт биыл да өз жұмысын жалғастыруда. Қала тұрғындары мен қонақтары аталған платформа арқылы тіркеліп, өз ұсыныстары мен пікірлерін жолдай алады. Фестиваль туралы толық ақпаратты ресми сайттан – taraztulip. kz/kk, сондай-ақ «Тараз-Туризм» туристік ақпараттық орталығының ресми Instagram парақшасынан – @ visit__taraz алуға болады. «Фестивальге қатысу үшін барлық қатысушылардың ресми сайтқа тіркеліп, қажетті мәліметтерді толтыруы міндетті. Бүгінде сайтқа тіркелушілер саны 1000-ға жуықтады», – дейді басқарма басшысы.
Басқарма басшысының сөзінше, биылғы фестиваль аясында халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағытында Нидерланд Корольдігінен өңірімізге 40 мың қызғалдақ тұқымын сыйға тарту жоспарланып отыр екен.
– Фестиваль аясында 20 киіз үй тігіліп, 4 алтыбақан орнатылады. Сонымен қатар үлкен сахна алаңында концерттік бағдарлама ұйымдастырылады. Көрермен назарына «Қызғалдақтың шығу тарихы» тақырыбындағы театрландырылған қойылым ұсынылады. Мерекелік кеште эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді. Сондай-ақ фестиваль шеңберінде «Ауыл» халықтықдемократиялық патриоттық партиясы қолдауымен және демеушілігімен жүлде қоры 5 миллион теңгені құрайтын ұлттық спорт ойындарының 8 түрінен жарыстар, сондай-ақ жүлде қоры 1 миллион теңге болатын «Қымызмұрындық» іс-шарасы аясында жүлделі байқау ұйымдастырылады. Фестиваль алаңында қо сымша фудкорт аймағы жұмыс істейді. Қызғалдақтар алқабына экскурсия ұйымдастырылып, арнайы 2 фотозона мен стела орнатылады. Киіз үйлерде жергілікті қолөнершілердің көрмесі, сондай-ақ қызғалдақтарға арналған фотосурет көрмесі ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, «Ауыл» халықтықдемократиялық патриоттық партиясы бастамасымен «Бауырсақ Фест» алаңы ұйымдастырылып, фестиваль қонақтарына тегін бауырсақ пен ауыз су таратылады. Іс-шара соңында «Таза Қазақстан» акциясы аясында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті мен «Ауыл» партиясының 200-ден аса волонтерлері фестиваль алаңын қоқыстан тазарту жұмыстарын жүргізеді, – дейді Аспандияр Сейсебаев.
Бір атап өтерлігі, өткен жылғы фестиваль барысында жол қатынасына байланысты бірқатар қолайсыздықтар туындаған болатын. Бұл жолы оның бәрі ескеріліп нақты автобустар белгіленіп отыр. – Автобустар жолаушыларды тікелей фестиваль алаңына дейін жеткізіп, сол бағытпен кері қайтады. Яғни, 25 сәуір күні сағат 06:00-де Small сауда дүкені алдынан арнайы 50 орындық 10 автобус фестиваль өтетін орынға облыс тұрғындары мен қонақтарын тегін тасымалдайды. Сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында автобустар облыстық полиция департаментінің патрульдік сүйемелдеуімен қозғалады. Кері бағытта, яғни Тараз қаласына дәл сол автобустар сағат 16:30- да қайтады. Биыл барлық көлік қозғалысы, тасымалдау жұмыстары және келушілер легін реттеу шаралары қатаң тәртіппен, бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіледі, – деп атап өтті Аспандияр Сейсебаев.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Жаңажолдың жастары енді өз ауылында жаттығады
- Бүгін, 15:48
Мәдени мұраны бірге сақтайық
- 21 сәуір, 2026
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




