«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 7 миллиард долларға жетті

Ауыл шаруашылығы  өнімдерінің экспорты  7 миллиард долларға жетті
kaz.orda.kz
Еліміз бойынша ауыл шаруашылығы саласында соңғы жылдары өсім динамикасы қалыптасып отыр. ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков Қазақстан Республикасының Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтқанындай, өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 5,9 пайызға өсіп, 9,8 триллион теңгені құраған. Жалпы өсім өсімдік шаруашылығында да, мал шаруашылығында да байқалды. Мәселен, республика көлемінде таза салмақта 25,9 миллион тонна астық жиналса, оның 19,3 миллион тоннасы бидай. Ал майлы дақылдардан жиналған өнім рекордтық 4,8 миллион тоннаны құраған, сондай-ақ бұршақты дақылдардан бір миллион тоннадан астам өнім жиналған.

– Ауыл шаруашылығы шикізаты өндірісінің өсуі аясында қайта өңдеу өнеркәсібі де дамуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,9 триллион теңгені құрады, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 8,1 пайызға жоғары. Мұндай өсім басқа бағыттарда да қалыптасып отыр. Атап айтсақ, ет консервілерінің өндірісі 43 пайызға, жарма өнімдері 28,7 пайызға, қайта өңделген және консервіленген жеміс-көкөністер 27 пайызға, сары май 24,8 пайызға, өсімдік майы 17,4 пайызға, макарон өнімдері 12,5 пайызға артты. Ұн өндірісі 3,6 миллион тоннаға дейін өсті, ірімшік пен сүзбе өндірісі 13 пайызға, қышқыл сүт өнімдері 8 пайыздан астамға көбейді, – деді вице-министр.

Ауыл шаруашылығы саласында дәнді, майлы, ет және сүт салалары өңдеудің негізгі бағыттары болып қала береді. Бүгінгі күні майлы дақылдарды қайта өңдеу саласында елімізде жалпы қуаттылығы 5 миллион тоннадан асатын шамамен 90 кәсіпорын жұмыс істейді. Соның арқасында Қазақстан өсімдік майы өндірісін едәуір арттырды. 2025 жылы оның көлемі 890 мың тоннаны құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 17,4 пайызға өскен. Бұдан бөлек, жыл сайын елімізде 5 миллион тоннадан астам астық өңделеді. Сонымен қатар астықты терең өңдеу бағыты дамуда. Республикамызда қуаттылығы 500 мың тоннадан асатын 3 кәсіпорын жұмыс істейді, олар крахмал, глютен, сірне және биоэтанол өндіреді.

Сондай-ақ мал өнімін өңдеу саласында да ілгерілеу бар. Бүгінгі таңда елімізде етті қайта өңдеумен айналысатын жалпы қуаттылығы 450 мың тоннаға жуық 210 кәсіпорын жұмыс істейді. Сүт өнеркәсібінде жалпы қуаттылығы шамамен 2,7 миллион тонна болатын 180 қайта өңдеу кәсіпорны жұмыс істеп тұр. Осы бағыттардағы өндірістік қуаттардың кеңеюі қайта өңделген өнім көлемін арттыруға және ауыл шаруашылығы шикізатын пайдалану тиімділігін көтеруге мүмкіндік береді. Ең перспективалы бағыттардың бірі – астықты терең өңдеу. Алдағы жылдары қайта өңдеу көлемін айтарлықтай арттыратын 6 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. 2028 жылға дейін жалпы қуаттылығы жылына 5,8 миллион тонна болатын жаңа астықты терең өңдеу өндірістерін іске қосу көзделген.

Ал экспортқа келетін болсақ, елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 7 миллиард долларға жеткен. Қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту инвестициялық жобаларды белсенді іске асырумен қатар жүретіні белгілі. Вице-министрдің айтуынша, алдағы жылдары майлы дақылдарды қайта өңдеу саласында 94 миллиард теңгені құрайтын 13 жобаны іске асыру көзделген. Астықты терең өңдеу бағытында жалпы инвестиция көлемі шамамен 1,9 триллион теңгені құрайтын 6 ірі жоба жоспарланған. Сүт саласында 41 миллиард теңгені құрайтын 12 жоба іске қосылып, қосымша 165 мың тонна қайта өңдеу қуаты енгізіледі деп күтілуде. «Қайта өңдеу көлемінің өсуі елдің экспорттық әлеуетінің артуына тікелей әсер етеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қайта өңделген өнім экспорты 3,6 миллиард АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 35 пайызға өсті. Жалпы алғанда агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 7 миллиард АҚШ долларына жетіп, өткен жылдың көрсеткішінен 37 пайызға асты», – дейді баспасөз мәслихаты алаңында вице-министр Ербол Тасжүреков.

Бұл ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің едәуір өсуі ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорт көлемін де белсенді түрде арттыруға мүмкіндік береді. Сондай ақ қайта өңдеу саласын қаржылық қолдау құралдары кеңейтілген. ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің айтуынша, қайта өңдеу кәсіпорындары үшін негізгі құралдарды сатып алуға 2,5 пайыз мөлшерлемемен жеңілдетілген кредиттер, ал айналым қаражатын қаржыландыруға 5 пайыз мөлшерлемемен несиелер енгізілген. Кепілдік қамтамасыз ету жеткіліксіз болған жағдайда «Даму» қоры арқылы қарыз сомасының 85 пайызға дейін кепілдік беру қарастырылған. Бұдан бөлек, инвестициялық субсидиялау шаралары кеңейтілген. Егер инвестицияларды өтеудің стандартты үлесі 25 пайыз болса, басым бағыттар үшін ол ұлғайтылып отыр. Қант өндірісі мен жұмыртқа өңдеу үшін 40 пайызға дейін, ал жоғары технологиялық өндірістер үшін 50 пайызға дейін қарастырылған.

Ал Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін 160 кәсіпорын бар. Олардың қатарында сүт өнімдерін тереңдете өңдейтін – 19, ет өнімдерін өңдейтін – 38, мақсары майын өңдейтін – 2, астықты терең өңдейтін 3 кәсіпорын жұмыс істеп тұр.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаевтың айтуынша, аймақта 62 наубайхана жұмыс істесе, оның 44-і бөлке нан пісіреді. Бұдан бөлек, өңірде жүн мен теріні, қант қызылшасын және құс етін өндіретін – 6, жұмыртқа өндіретін – 1 және макарон өнімдерін шығаратын 6 кәсіпорын қызмет атқаруда. Аталған өндіріс орындарында 2,5 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өткен жылы облыста сүт өнімдерін тереңдете өңдейтін 19 кәсіпорын жұмыс істеп, олардың жалпы жылдық қуаттылығы 115 мың тоннаны құраған. «Аймақта өндірілген 230 мың тонна сүттің 96,2 мың тоннасы ішкі тұтынуға бағытталып, 107,7 мың тоннасы қайта өңдеуге жіберілді. Нәтижесінде 2,6 мың тонна сары май, 1,3 мың тонна қатты ірімшік және 6,3 мың тонна өзге де сүт өнімдері өндірілді. Ет өндірісі саласында да оң динамика байқалады. Өткен жылы облыста 75,3 мың тонна ет өндіріліп, оның 17,7 мың тоннасы ішкі тұтынуға жұмсалса, 33,1 мың тоннасы қайта өңдеуден өтті. Сонымен қатар 9,5 мың тонна шұжық өнімдері, 14,4 мың тонна құс еті және 102,8 миллион дана тауық жұмыртқасы өндірілді», – дейді басқарма басшысы.

Облыста өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңірек өңдейтін өнеркәсіп ошақтарында 19,5 мың тонна дәнді және өсімдік дақылдарынан жасалған ұн және ұн қоспалары, 2,6 мың тонна өсімдік майы, 2,9 мың тонна макарон өнімдері өндірілген. Өндірілген өнімдер мен күзгі дақылдарды сақтайтын облыста сыйымдылығы 374,4 мың тоннаны құрайтын 123 қойма бар. Басқарма басшысының айтуынша, ол қоймаларда 453,2 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі, атап айтқанда, 1825 тонна картоп, 1920 тонна сәбіз, 437 мың тонна пияз, 12,1 мың тонна басқа да өнімдер сақталуда.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар