«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тараз қант зауыты биыл қызылша өңдей ме?

Тараз қант зауыты биыл қызылша өңдей ме?
Автор
Күн жылып, жердің тоңы жібіген кезде басталатын жыл сайынғы көктемгі дала жұмыстары биыл да уақытылы басталды. Биыл егіс алқаптарының жалпы көлемін өткен жылмен салыстырғанда 25,5 мың гектарға ұлғайтып 665,4 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаев айтты.

Бүгінгі күні көктемгі дала жұмыстары басталып кетті. Басқарма басшысының айтуынша, дәнді және дәнді бұршақты дақылдарды 378,3 мың гектар алқапқа орналастыру көзделуде. Ал майлы дақылдар 44,3, қант қызылшасы 8,5, картоп 8,8, көкөністер 28,9, бақша дақылдары 9,7 мың гектар алқапқа орналастырылмақ. Мал азығына қажетті азықты 186,7 мың гектар алқаптан дайындау жоспарлануда.

Бұдан бөлек, биыл «Ислам даму» банкінің қаржыландыруымен облыста 76 каналға жөндеу жұмыстарын жүргізу межеленген. Осының есебінен биыл суды қажет ететін көкөніс дақылдары 2,1 мың гектарға қысқарып, жалпы алаңы 28,9 мың гектарға, бақша дақылдарының алаңы 3 мың гектарға кемітіліп, жалпы алаңы 9,7 мың гектарға орналастыру жоспарлануда. Әбдірәсіл Серікұлының айтуынша, аймақтағы каналдардың суару алаңы 51,4 мың гектарды құрайды, ал жалпы ұзындығы – 430,3 шақырым. Жөнделетін каналдардың қатарында Байзақ ауданында 18, Меркіде бір, Сарысуда 11, Таласта бір, ал Шу ауданында 45 канал бар.

– Биыл басымдылық өңірде орналасқан қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етуге беріледі. Дәндік жүгері дақылының алаңы 11,8 мың гектарға артып, жалпы алаңы 30 мың гектарға жеткізіледі. Нәтижесінде жиналатын өнім көлемі 2025 жылмен салыстырғанда 109 мың тоннадан 210 мың тоннаға дейін артуы күтілуде. Сондай-ақ қант қызылшасы 1,9 мың гектарға артып, 8,5 мың гектарға орналасатын болады. Нәтижесінде 450 мың тонна қант қызылшасын жинау жоспарлануда. Қазіргі таңда егістікке дайындалған жер көлемі 19,9 мың алқапты құрады. Сонымен қатар дақыл себуге 21,3 мың гектар алқап дайындалып, 10,1 мың гектар алқапқа арпа себілді. Ал 570 гектарға көпжылдық шөп, 460 гектар алқапқа көкөніс дақылдары орналастырылды. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті 59,6 мың тонна тұқым дайындалып, жоспар толық орындалып отыр, – дейді ол.

Егіс алқаптарына себуге дайындалған тұқымның 280 тоннасы элита, 4,2 мың тоннасы 1-репродукциялы, 27,2 мың тоннасы 2-репродукциялы, 26,5 мың тоннасы 3-репродукциялы болса, 940 тоннасы бірінші ұрпақты будандарды құрайды. Ал көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін шаруалардан түскен өтінімдерге сәйкес басқарма тарапынан 27,4 мың тонна дизель отыны дайындау жоспарлануда. Оның 18,2 мың тоннасы көктемгі дала жұмыстарына қаралған. Энергетика министрлігі тарапынан облысқа мұнай өңдеуші зауыттардың қуаттылығына қарай 15,9 мың тонна дизель отынының көлемі бөлінген. Жанар-жағармай облыста бекітілген 8 өңірлік таратушы операторлар арқылы үлестірілетін болады. Ал оның босату бағасы 1 литрі үшін 281 теңге болып бекітілді. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге шекті баға нарықтағыдан 15 пайызға төмен берілуде.

Өнімділіктің жоғары болуына тікелей әсер ететін минералды тыңайтқыштарды жерге сіңіру жұмыстары да қатаң бақылауда. Биыл 665,4 мың гектар алқапқа 109,7 мың тонна тыңайтқыш өндіру жоспарланған. Оның құнын (органикалық тыңайтқыштарды қоспағанда) субсидиялау бағдарламасы аясында бюджеттен 2,5 миллиард теңге бөлінген. Тыңайтқышпен қамту жұмыстары отандық «ҚазАзот» және «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері арқылы жүзеге асырылуда.

– Көктемгі дала жұмыстарына 10,7 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасын жұмылдыру жоспарланған. Оның ішінде трактор саны – 5447. Жер өңдейтін соқалар саны – 1032, қопсытқыштар – 562, дән сепкіштердің саны – 645. Бұдан бөлек 79 тұқым дәрілегіш, басқа да 2920 ауыл шаруашылығы техникасы бар. Техника паркін биыл 8 пайызға жаңарту көзделіп отыр. Көктемгі және күзгі дала жұмыстарын қаржыландыру үшін, «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы «Кең дала» және «Кең дала-2» бағдарламалары аясында облысқа 7 миллиард теңге қарастырылған. Жалпы өтінімдер өткен жылдың қараша айынан бастап қабылданған. Бүгінгі күні 187 шаруадан 6,1 миллиард теңгеге өтінім түсіп, 149 шаруаға 4,4 миллиард теңге 5 пайыздық жеңілдікпен несие ретінде берілді, – дейді басқарма басшысы.

Шаруаның алдына қойылып отырған міндет – қолда бар суды тиімді пайдалану. Өкінішке орай, соңғы жылдары су тапшылығы қатты сезіліп келеді. Оның үстіне өңір шаруалары көрші мемлекеттен өзендерге түсетін суға тәуелді. Ол да егіннің шығымына тікелей әсер ететіні белгілі. Бұл мәселені шешу мақсатында өңірде су үнемдеу технологиясы көптеп енгізілуде. Осының арқасында жыл санап тамшылатып және жаңбырлатып суару көлемі артып келеді. Өткен жылы шаруалар тарапынан 11 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиясы енгізіліп, оның жалпы көлемі 66,5 мың гектар алқапқа жетті. Жаңа технологияны енгізушілерге 50 пайыздық субсидия да қарастырылған. Биыл су үнемдеу технологиясын 10 мың гектарға енгізіп, 76,6 мың гектар алқапқа жеткізу жоспарлануда.

Сонымен қатар ағын су тапшылығын азайту мақсатында 11 мың гектар алқап 288 ұңғыма арқылы ылғалдандырылуда. Бұл бағытта жұмыстар әлі де жалғасуда. Алдағы үш жыл көлемінде су үнемдеу технологиясын 137 гектарға дейін жеткізу межеленген. Сондай-ақ Талас, Шу және Байзақ аудандарында егіс алқаптарын жерасты суымен пайдалану арқылы 43,2 мың гектар алқапта пилоттық жобаны іске асыру жоспарлануда.

Ауыл шаруашылығы өнімін терең өндіретін өнеркәсіп кешендерін дамытуға да көңіл бөлініп отыр. Басқарма басшысының айтуынша, осы жылдың бірінші тоқсанында жүгеріні терең өңдейтін Fufeng Group компаниясының ірі өндірістік кешенінің 1-кезеңін іске қосу көзделса, оның қуаты 500 мың тоннаны құрайды. Жобаның жалпы құны – 800 миллиард теңге. Кезең-кезеңмен өңдеу қуаттылығы артып, толық қуаттылыққа шыққаннан кейін 2028-2029 жылдары жылына 3 миллион тонна жүгеріні қайта өңдейтін болады.

Ал 2028 жылы каналдардың жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін 51,4 мың гектар алқаптың сумен қамтылу деңгейі арттырылады. Сөйтіп облыста жүгері егіс алқаптарын 2029 жылы 80 мың гектарға дейін, зауытқа тапсырылатын өнім көлемін 560 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда жиналатын жүгері көлемі 5 есеге арттыру күтілуде. Республика бойынша өткен жылы дәндік жүгері дақылынан 1 миллион тонна өнім жиналса, оның 90 пайызы оңтүстік өңірлерге, яғни Алматы, Жетісу және Түркістан облыстарына тиесілі. Бұл ретте Fufeng Group компаниясымен бірлесіп аталған өңірлерде жүгеріні қабылдау пункттерін ашу қарастырылуда. Осыған байланысты аталған облыстардың әкімдіктерімен зауытты шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында әріптестік іс-қимыл шаралары жүргізілуде.

– Жоғарыда айтқанымыздай, биыл қант қызылшасы 1,9 мың гектарға артып, 8,5 мың гектарға орналасатын болады. Нәтижесінде 450 мың тонна қант қызылшасын жинау жоспарлануда. Жиналған өнім екі негізгі кәсіпорында өңделеді. Тараз қант зауыты 2001 жылдан бері қант қызылшасын өңдеуді тоқтатып, тек қант құрағынан қант өндіріп келген. Зауыт 2025 жылдан бастап модернизациядан өтіп, қант қызылшасын өңдеуге ауыстырылуда. Биылғы маусымда 25 жылдан кейін қайта іске қосылып, 200 мың тонна қант қызылшасын өңдейтін болады. Екінші өндірістік база – Меркі қант зауыты. Зауыт бүгінде тұрақты режимде жұмыс жасап тұр. Жылдық өңдеу қуаттылығы 250 мың тоннаны құрайды. Сонымен қатар 2027 жылы қытайлық «Zhongkai Kazakhstan» компаниясының жаңа қант зауытын іске қосу көзделуде. Аталған зауыт жылына 1 миллион тонна қант қызылшасын өңдеп, 130 мың тонна қант өндіреді. Меркі және Тараз қант зауыттары да өз жұмысын жалғастырады. Нәтижесінде өңірде 2028 жылдан бастап жылына жалпы 1,5 миллион тонна қант қызылшасы өңделіп, шамамен 186 мың тонна қант өндіру жоспарлануда. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда дайын қант өндірісін 10 есеге дейін ұлғайту күтілуде. Жалпы көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы және өңірдегі қайта өңдеуші кәсіпорындардың жүктемесін қамтамасыз ету қатаң бақылауда, – дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаев.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар