«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Есіл еңбекті жырлаған майдангер

Есіл еңбекті жырлаған майдангер
Ашық дереккөз
Соғыс және еңбек ардагері, ақын, ұстаз Мыңатай Қыстаубайұлы Бурабеков 1922 жылдың бірінші мамырында Талас ауданында, «Көктал» өзенінің бойында, бабасы Айтуғанның сазында дүниеге келді.

1929-1932 жылдары үлкен Көкталда (Төребек талында) ашылған алғашқы сауат ашу мектебінде оқып, білім алды. «Кушеке» ұйымдастырған ашаршылық кезінде Көкталдағы мектеп жабылған соң, 1934 жылы қазіргі Тамды ауылына іргелес орналасқан елді мекен «Ақшұқырдағы» К.Маркс атындағы орта мектепте оқуын жалғастырды.

Осы мектепті сегізінші кластан 1939 жылы үздік оқып, бітіреді. Еңбек жолын 1939 жылы «Қызыләуіт» ауылындағы сауатсыздықты жою мектебіндегі мұғалімдік қызметтен бастайды. 1941жылдың 22 маусымында соғыс басталған соң өзіне берілген бронға қарамай қазан айында өз еркімен майданға аттануға бел байлайды.

Алдымен әскери офицерлер дайындайтын курстан өтіп, кіші лейтенант атағын алады. Майдангерлік жолын Сталинград майданынан бастайды. Сталинград майданына 1942 жылдың 22 қазанында №105-ші «Ұлттық атты әскер» дивизионының эскадрон командирі, белгілі ақын Хамит Ерғалиевтің саяси істер жөніндегі орынбасары ретінде кіреді. Оқ пен отқа оранған Сталинградтағы сұрапыл шайқастың қандай ауыр қасіретті болғанын елестетудің өзі қиын! Осы әскери бөлімде жертөледе отырып, мұз төсене жүріп бөлімнің газеті «Қызыл семсерде» «Алға», «Тұлпарым», «Гитлердің көрі» өлеңдері жарияланды. 1943 жылдың алтыншы қарашасында «Орталық майдан» құрамына жіберіледі.

Осы майдан құрамында Паулюс басқарған 300000-дық армияны жою үшін жүргізілген сұрапыл соғыстарға қатысады, жан беріп, жан алысады. Мыңатай Қыстаубайұлы құрамында болған №1107 полк гвардия полкі атағын алады.

1944 жылы 3-ші Беларус майданына миномет взводының командирі ретінде кіреді. Сондай ақ Шығыс Пруссияны, Польшаны азат ету, жау апаны Берлинді алу сияқты аса күрделі соғыс операцияларына қатысқан. Соғысты аға лейтенант атағымен аяқтап, 1946 жылы аман-есен оралды.

Соғыстан соң 1946-1948 жылдары ішкі істер бөлімінде қызмет атқарады. 1948 жылдың қыркүйегінен бастап өмірінің соңына дейін Ильич атындағы орта мектепте «Қазақ тілі мен әдебиет», «Алғашқы әскери дайындық» пәндерінен сабақ береді. Отыз алты жылдық ұстаздық қызмет аясында мектепте тәлімгер, әдістемелік бірлестіктің жетекшісі, мектеп басшысы қызметтерін атқарады. Кеңес өкіметі тұсында бірнеше өлеңдері мектеп оқулықтарына да енген. Ал ақынның басты тақырыбы еңбек адамдары мен өз заманының жаңалығына арналған.

1983 жылы 61 жасында өмірден озды. 1994 жылы он сегізінші қараша күні өткізілген Талас аудандық мәслихаттың №8 сессиясының қаулысымен өзі қызмет атқарған мектеп ақын атымен аталды. Ауылында Мыңатай ағамыздың алдынан дәріс алған жастар «Шіркін, Мыңатай ағаның қиып салма, шымшыма өлеңдер-ай!» деп тамсанады.

«Өмірдің қысы болар, жазы болар,

Мұраның молы болар, азы болар.

Өтпейік дүниеден қол қусырып,

Кейінгі ұрпақ бізге де әділет қазы болар», – ақын өзі жырлағандай, соңында мол мұрасы қалды. Өзінің тірі кезінде «Күлкілі өлеңдері» (1961ж.), «Батырдың баласы» (1964ж.), «Тұзды ботқа» (1966ж.), «Аспаз» (1967ж.), «Бос қалта» (1971ж.), «Қызық-ай» (1978ж.), «Өтірік өлеңдер» (1980ж.) шығармалары жарық көрді. М.Қыстаубайұлы өзімен бірге оқыған ел азаматтары, кешегі сұрапыл соғыста ерлік көрсеткен ауыл азаматтары, елдіктің рухани құндылықтарын арттыру үшін ерен еңбек етіп жүрген жерлестері туралы жыр жолдарын жазды.

Бәйгіге ұсынылған «Талас түлектері» («Ленин жолы», №104, 28.08. 1978ж.) атты өлеңінде: «Ақшұқырда Карл Маркс мектебі,

Класында өміріміз көктеді.

 Сол уақытта бүкіл Талас бойынша,

Жұлдыз еді ол қол жетпейтін көктегі», – деп өзі білім алған мектебін жұлдызбен теңейді. 1941-1945 жылдарындағы сұрапыл соғыста ерлік көрсеткен азаматтар туралы өлеңінде:

«...Төке, Құлыбек, Боқатай, Еркінбекпен,

Қас дұшпанын майданда дірілдеткен.

Тілеуберді, Сейілбек, Шонабай да,

Сан фрицті көріне «төркіндеткен», – деп елін қорғаған есімдерін әлемге паш етеді. Ақын ағамыздың сықақтары сан алуан тақырыптарды қамтиды.

«...Сен мені мақтайсың,

Жүзіңде күлкі ойнап,

Әйтсе да жақпайсың,

Жүрегіңде «түлкі ойнап».

М.Қыстаубайұлы аудандық, облыстық, облысаралық ақындар айтысына қатысып, бақ сынаған аудан ақындарының бірі. Мыңатай меркілік Садықановпен, қызылордалық Ә.Баймұратовпен және басқа да ақындармен айтысқан. Ақынның айтыстары жыр жинағына енгізілді.

Мыңатай ағамыз «Ауылдағы ой» атты өлеңінде:

«...Шалқыған ырыс-бағы Таласымның,

Мен де ерке, бұлаң өскен баласымын.

Сонау жыл сұрапылда фашистердің,

Көзіне үймелеткем қара шыбын.

 

Жырладым жастайымнан Таласым деп,

Білемін онда маған жанашыр көп.

Таластың топырағын гүлге орастым,

Айнала атақ-даңқы тарасын деп.

 

Елімнің жырға қосам тарландарын,

 Ол-дағы орындалған армандарым.

Содан ба кейбіреуге ұқсап өзім,

Көшпелі лауазымға малданбадым.

 

Әр елдің көп өзіндік ақындары,

Жазарым менің Талас батырлары.

Дәрігер, шопан, дихан, ұстаз, кенші,

Бәрі де Мыңатайдың жақындары, – деп жырлайды.

Енді, көпшілікке әлі жарияланбаған Мыңатай Бурабековтің «Жеке шумақтар» деп аталатын өлең тағылымына терең үңіліп, оқыған қауым өзіне керегін табады деп ойлаймын. Негізінде бұл 258 шумақтан тұрады. Біз мына төмендегі шумағымен аяқтағымыз келеді:

Досыңның жағасынан алғаның –

Дұшпаныңның табасына қалғаның.

* * *

Өзінше білгіш, өзгеге міншіл,

Адамның азғыны – күңшіл.

* * *

Тойымсыз қарын түйесін жұтады,

Түйесі таусылса, иесін жұтады.

* * *

Өсек – шаң,

Қағылар да жоғалар.

Шындық – шам,

Жағылар да оңалар.

* * *

Өтірік – құйын,

Бұрқыратып өтер.

Шындыққа сиын,

Мұратына жетер.

* * *

Әзіл-сықақ – Көп шаруаны тындырады.

Тисе нық-ақ, Қабырғаңды сындырар.

* * *

Бала мақтанса, Жарасады.

Үлкен мақтанса, Адасады.

* * *

Ел басына күн туса,

Өлімнен ер қашпайды.

Жұрты жауға ұмтылса,

Батырлары бастайды.

* * *

Бір Бауыржан қартаяр,

Мың Бауыржан марқаяр.

Жоғалу жоқ асылға,

Жалғасады ғасырға.

 

Апсамат ШОНАБАЕВ,

Ішкі істер қызметінің ардагері

Ұқсас жаңалықтар