«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Елде елеулі оқиғалар легі жалғасуда

Елде елеулі оқиғалар легі жалғасуда
Ашық дереккөз
Өткен айда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен елімізде бірқатар саяси және экономикалық маңызы бар шаралар жүзеге асырылды. Мәселен, Мемлекет басшысының ішкі саяси іс-шараларда, шетелде өткен жиындарда сөйлеген сөздері мен отандық, халықаралық мәселелерге қатысты мәлімдемелері, әлемдік нарықтағы тарифтік қақтығыстардың салдарынан ел экономикасында қалыптасқан ахуал қаралған жиын, Қауіпсіздік кеңесінің экономика мәселелеріне қатысты жұмыс отырысы, мемлекетімізді өркендетуге атсалысып жүрген ғалымдармен және ұлттық бітімгерлік құрамы сапында табысты қызмет атқарып, халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға зор үлес қосқан әскерилермен кездесу, Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында сөз сөйлеуі, еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне қатысты Үкіметке берілген тапсырмалар, бұлардың барлығы Президенттің сәуір айындағы тығыз жұмыс кестесінен анық көрінеді.

МӘРТЕБЕЛІ МЕЙМАНДАР, МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР

Бүгінге дейін достық және өзара тиімді серіктестік деңгейінде дамып келе жатқан Қазақстан мен Словения арасындағы қарым қатынастар әрі қарай да қарқын ала түспек. Қасым-Жомарт Тоқаев сәуір айының бірінші күні Қазақстанға ресми сапармен келген Словения Президенті Наташа Пирц-Мусармен жоғары деңгейде келіссөз жүргізіп, саяси серіктестікті жаңа деңгейге шығаруға, көпқырлы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға уағдаласты. «Біз Словенияны Қазақстанның Балқан түбегіндегі негізгі және өте маңызды серіктестерінің бірі ретінде қарастырамыз», – деді Мемлекет басшысы.

Айта кетсек, Словенияның Қазақстан экономикасына салған тікелей инвестициясының көлемі 200 миллион АҚШ долларына жуықтаған. Еліміздегі фармацевтика, машина жасау, телекоммуникация және жаңартылатын энергия көздері салаларында Словения капиталының үлесі бар 20 компания кәсібін табысты жүргізіп келеді. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Словенияның көлік-логистика, цифрландыру және инновация, денсаулық сақтау, туризм бағыттарында өзара серіктестікті арттыруға әлеуеті зор. Сондықтан Пирц-Мусар өзімен бірге Астанаға Словенияның жетекші 25 компаниясынан құралған үлкен бизнес-делегацияны ертіп келді. Келіссөзден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге келген Наташа Пирц-Мусармен бірге Қазақстан – Словения бизнес-форумына қатысты. Мемлекет басшысы елімізге келген тағы бір мәртебелі мейман – Израиль мемлекеті Кнессетінің төрағасы Амир Охананы қабылдаған кездесуде сауда-экономикалық серіктестік, сонымен қатар су ресурстары саласындағы кооперация мәселесі талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Израильде жасалған озық технологияларға жоғары баға беріп, еліміз аталған бағытта серіктестік орнатуға әзір екенін растады. 2000 жылы негізі қаланған әйгілі курьерлік қызмет – YTO Express бірте-бірте Қытайдың ішкі нарығында басым ойыншыға айналып, өзін елдегі ең ірі логистикалық және жедел жеткізу компанияларының бірі ретінде көрсетіп келеді. Президенттің компанияның басқарма төрағасы Юй Хуэйцзяомен кездесуі де нәтижелі болды.

Мәселен биыл Алматы облысында сұрыптау хабының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Аталған нысан пошта жөнелтілімдерін жеткізу мерзімін едәуір қысқартуға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар «Qazpost – YTO» ЖШС сұрыптау хабына жақын маңнан Индустриалды парк салуға ниетті. Мемлекет басшысымен болған тағы бір кездесуде стратегиялық әріптестіктің қазіргі ахуалы мен перспективасын талқылаған америкалық Chevron энергетикалық корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Майкл Уирт Қазақстан компанияның стратегиялық әрі сенімді серіктесі болып қала беретінін жеткізді. Сондай ақ «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны 1993 жылдан 2024 жылға дейін елімізге айтарлықтай инвестиция салғанын айтты.

Еуразиялық даму банкі еліміздің экономикасына былтыр 1,4 миллиард доллар қаржы салған, ал инвестиция портфеліндегі қазақстандық жобалардың үлесі 60 пайызға жеткен. Қазақстан бойынша 2022-2026 жылдарға арналған стратегия аясында аталған банк елімізге 3,8 миллиард доллар инвестиция құюды жоспарлаған болатын. Бұл меже мерзімінен бұрын орындалды. Биыл банкке жалпы сомасы 4,5 миллиард доллардан асатын жобалар ұсынылды. ЕАДБ республикалық маңызы бар жолдарды жөндеуге, инфрақұрылым нысандары құрылысына, өнеркәсіп және цифрлық технологияларға қатысты жобаларға 1 миллиард доллардан астам инвестиция салуды көздеп отыр.

Бұл туралы Президенттің қабылдауында болған Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Николай Подгузов баяндады. Мемлекет басшысы Ақордада «Яндекс Global» компаниясының бас директорын қабылдады. Даниил Шулейко платформа арқылы жұмыспен қамту жобасы нәтижесінде 65 мыңнан астам автокөлік жүргізушісі «Яндекс. Такси» серіктесі ретінде әлеуметтік қорғауға ие болғанын жеткізді. 2024 жылы компания елімізге 29,5 миллиард теңге көлемінде салық төлеген, ал 2016 жылдан бері Қазақстан экономикасына 225 миллиард теңгеден астам инвестиция құйған.

Сонымен қатар «Яндекс Global» басшысы AI-Sana бағдарламасына атсалысуға дайын екенін жеткізді.

21 сәуірде Қазақстанға келген Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен бейресми кездесу өткізген Президент:

«Мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқаны қуантады. Газ саласында, сондай ақ көлік-логистика бағытында стратегиялық маңызды жобалар бар. Біз бұл жұмыстарды бақылауда ұстаймыз. Өйткені оның нәтижесі қазақ-түрікмен экономикалық байланыстарын одан әрі өркендетуге ықпал етеді», – деді.

Кездесуде өзара сауда-саттық көлемін 1 миллиард долларға жеткізу үшін байланыстарды дамытудың тың мүмкіндіктерін қарастыру қажеттігі айтылды. Өткен айда Мемлекет басшысы Қазақстанға келген Пәкістан Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал Асим Мунирді, Хорватияның Сыртқы және еуропалық істер министрі Гордан Грлич-Радманды, Ресейдің Энергетика министрі Сергей Цивилевті қабылдады. Ал Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының елімізге көрсетіп отырған қолдауына жоғары баға берген Қасым-Жомарт Тоқаев UEFA президенті Александер Чеферинді II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

БАРМАСАҢ, КЕЛМЕСЕҢ, ЖАТ БОЛАСЫҢ

... Мемлекет басшысы «Орталық Азия – Еуропа Одағы» саммитіне қатысу үшін 3 сәуірде Самарқанд қаласына барды. Саммит аясында Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар маңызды кездесулер өткізді. Мәселен, Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Коштамен кездесу барысында экономиканың түрлі секторларындағы көпжоспарлы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелері қаралды.

Айта кетсек, Еуропа Одағы Қазақстанның ірі сауда серіктесі әрі шетелдік инвесторы саналады. Елімізге шетелден тартылған тікелей инвестицияның 40 пайыздан астамы аталған ұйымға тиесілі. Былтыр Қазақстан мен Еуропа Одағына мүше елдердің тауар айналымы 50 миллиард долларға жуықтаған. Самарқандта Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйенмен және Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассомен кездесті.

Еуропалық комиссия президентімен әңгімелесу барысында Қазақстан мен Еуропа Одағының экономиканың түрлі секторындағы, цифрландыру және инновация салаларындағы ынтымақтастығын дамыту перспективасы талқыланса, Одиль Рено Бассомен экономиканың түрлі секторындағы ынтымақтастық мәселелері сөз болды. Былтыр Қазақстан Үкіметі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі 25 жобаны қаржыландыру туралы келісімге қол жеткізді.

Мәселен, «жасыл экономика» бағдарламаларын жүзеге асыратын бастамаға ЕҚДБ 2 миллиард еуро инвестиция құюды жоспарлап отыр. Сапар барысында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен кездескен Қасым-Жомарт Тоқаев келесі күні саммитте сөйлеген сөзінде геосаяси дүрбелеңдер мен жаһандық сын-қатерлер белең алған кезеңде Орталық Азия мен Еуропа Одағы арасындағы ықпалдастықтың өзектілігі арта түскеніне назар аударды. Қазақстан басшысы, ең алдымен, сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға баса мән берген жөн деп санайды.

Оның айтуынша, Қазақстан ЕО нарығына жалпы құны 2 миллиард доллардан асатын 175 тауар түрінің экспортын ұлғайтуға дайын. Бүгінде Қазақстанда Еуропа Одағы экономикасына қажетті 34 шикізаттың 19 түрі өндіріледі. Қазақстан Президенті осы сапарында «Жаһандық климат сын қатерлері кезеңіндегі Орталық Азия» халықаралық конференциясына да қатысып, сөз сөйледі.

ҚУАТТЫ ӨҢІРЛЕР – ҚУАТТЫ ҚАЗАҚСТАН

Өткен айда Мемлекет басшысы еліміздің екі облысына сапарлап, өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстарды көзбен көріп қайтты. Мәселен, Шымкенттегі бірқатар нысанды аралап көрген Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен қаладағы әуежайдың жаңа терминалымен танысты. Мемлекет басшысының қаланы дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында салынған әуе айлағының құрылысына жеке инвестор 24 миллиард теңге қаражат жұмсаған. Бұдан кейін Мемлекет басшысы стратегиялық маңызы зор «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізіне жақын орналасқан Almaar Logistics сауда-логистика орталығына барды. Аумағы 24 мың шаршы метрді құрайтын көп функционалды кешен құрылысына жеке инвестор 14,8 миллиард теңге қаржы құйған. Сонымен қатар Президент ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесін аралап көрді.

Қаладағы 50-ге жуық өңдеуші кәсіпорын былтыр 168,5 миллиард теңгенің өнімін шығарған. Қасым-Жомарт Тоқаевқа жылыжай кешендерін салуға түркиялық Alarko Holding компаниясы 650 миллион доллар, ал Польшаның Fabe Polska SP кәсіпорны 136 миллион доллар көлемінде инвестиция құюға ниетті екені айтылды. Президент жаңадан ашылған Coca-Cola Içecek Kazakhstan зауытын да аралап көрді. Бұдан бөлек, қытайлық Shaanxi Construction Engineering компаниясы ұсынған қоқыс өртеу зауытының жобасымен танысты. Өткен жылы маусым айында пайдалануға берілген Tulip Hall көпфункционалды кешеніне барған Мемлекет басшысы конгресс-холға жиналған жергілікті қауым алдында сөз сөйлеп, шырайлы Шымкент еліміз үшін өте маңызды қала, тарихы терең қастерлі мекен екенін атап өтті.

Президент халық арасында Шымкентті «кәсіпкерлер отаны» деп атайтынына назар аударып, қала экономикасының жартысынан көбі 140 мыңға жуық шағын және орта бизнес нысанының еншісінде екенін жеткізді. Президенттің Маңғыстау облысына кезекті жұмыс сапары Ақтау қаласындағы көтерме сауда тарату орталығының жұмысымен танысудан басталды. Аумағы 80 мың шаршы метр болатын кешенде 40 мың тонна өнім сақтауға болады.

Жобаны жүзеге асыруға 5 миллиард теңге инвестиция тартылған. Жыл соңына дейін орталықтың екінші кезеңін іске қосу жоспарланған. Мемлекет басшысы Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамытуда маңызды рөлге ие басты логистикалық хабтың бірі – Ақтау халықаралық теңіз портына барды. Бүгінде аталған нысандағы көпмақсатты заманауи терминал «Шығыс – Батыс», «Солтүстік – Оңтүстік» бағыттары бойынша тәулік бойы жүк тиеу мен түсіру қызметін ұсынады. Сондай-ақ Ақтауда контейнерлік хаб салынып жатыр.

Бұл жоба порттың жүк өткізу қабілетін айтарлықтай ұлғайтпақ. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Кендірлі курорты аймағында жаңа әуежайдың құрылысы басталған болатын. Әуежай сағатына 150 жолаушыны қабылдай алады. Бұдан бөлек, «Орталық – Батыс» және «Бейнеу – Сексеуіл» секілді ауқымды жол құрылысы жобаларын жүзеге асыру көзделген.

Мемлекет басшысы Кендірлі курорты аумағындағы әуежай құрылысын тезірек аяқтауды тапсырды. Президент «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалі аясында Астана қаласындағы «Жастар» саябағында экобелсенділермен бірге ағаш егуге де уақыт таба білді.

ЖОСПАРЛАРДЫ ТИІМДІ ІСКЕ АСЫРУ ТАПСЫРЫЛДЫ

Мемлекет басшысы сәуірдегі жұмыс жоспарына сәйкес Ақордада бірқатар қабылдау өткізді. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевқа орташа және терең өңделген өнім көлемін ұлғайту, биыл отандық тауар өндірушілердің бірыңғай реестрін құру, инвестор тарту жұмыстарын жандандыру жөнінде бірқатар тапсырма берілді. Бұдан бөлек, ведомство басшысына өңдеу өнеркәсібі нысандарын уақытылы іске қосу тапсырылды.

Президент қабылдауында болған Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовке отын-энергетика секторын одан әрі дамыту, инвестициялық климатты жақсарту үшін кешенді шаралар қабылдау, геологиялық барлауға стратегиялық инвесторларды тарту міндеттері жүктелді. Сондай-ақ Көлік министрі Марат Қарабаевқа «Орталық – Батыс» автожолының құрылысын жеделдету, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізін кеңейту, Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту, ішкі және халықаралық әуе рейстерінің санын көбейту, көлік секторына инвестиция тарту жұмысын күшейту, Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалиға еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдарды одан әрі жалғастыру, тамыр жайған қылмыстық тізбектің жолын кесу және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру жөнінде бірқатар тапсырма берілді.

Президентке Агенттік қызметінің негізгі қорытындылары туралы есеп берген Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановқа экономикалық құқық бұзушылықтың алдын алу, көлеңкелі айналымның үлесін азайту, заңсыз иеленген активтерді жылыстатуға қарсы күресті жалғастыру, сондай-ақ халықтың қаржылық сауатын арттыру тапсырылды.

Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов Президентке жаңа Салық кодексінің бірінші оқылымының қорытындыларын, Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырысында берілген тапсырмаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жұмыстары туралы баяндады. Ақордада қабылдауда болған Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Мемлекет басшысынан облыс экономикасын одан әрі әртараптандыру, әлеуметтік саланы дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және көктемгі егіс жұмыстарына дайындық жөнінде бірқатар тапсырма алды. Ал Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевке индустриалды аймақтар мен Аlatau АЭА-ның әлеуетін нығайтуға, сондай-ақ коммуналдық және елді мекендердегі жолдардың құрылысына баса мән беруді тапсырды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының жаңадан тағайындалған орынбасарлары Дмитрий Останькович пен Расул Ахметовті қабылдаған Президент қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясатты жүзеге асыру ісінде ҚХА ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Мемлекет басшысының қабылдауында болған «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшинге екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, экономиканың нақты секторын қаржыландыруды, Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту ұлттық жобасын іске асыруға қаржы тарту мәселесін шешуді тапсырды.

ЕҢ БАСТЫСЫ – ЕЛДІҢ МӘСЕЛЕСІ

Сәуірде Президент еліміз үшін маңызды бірқатар жиындар өткізді. Премьер-министрдің, Ұлттық банк төрағасының және басқа да лауазымды тұлғалардың қатысуымен өткен басқосуда әлемдік нарықтағы тарифтік қақтығыстардың салдарынан энергетика ресурстары және негізгі тауарлар бағасының құлдырауына байланысты ел экономикасында қалыптасқан ахуал қаралды. Мемлекет басшысы Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың іс-қимыл жоспарын қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды.

Президенттің төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің экономика мәселелеріне қатысты жұмыс отырысында қазіргі жаһандық экономикадағы ахуалдың тұрақсыз сипат ала бастағаны, сондықтан кез келген жағдайға дайын болу қажет екені атап өтілді.

Мемлекеттің қаржылық тұрақтылығын сақтау мен ақша-несие саясатын іске асыру тетіктерін жетілдіруге ерекше назар аударылды. Президент Ғылым күні қарсаңында ғалымдармен кездесіп, ғылымның әр саласында табысты еңбек етіп, мемлекетімізді өркендетуге атсалысып жүрген азаматтарға ризашылығын білдіруді де назардан тыс қалдырмады.

Жиында бір топ ғалым мемлекеттік наградамен марапатталып, бір топ жас ғалымға баспана кілті берілді. Ал Ұлттық бітімгерлік құрамы сапында табысты қызмет атқарып, халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға зор үлес қосқан офицерлермен және сарбаздармен болған кездесуде Президент Қазақстанның толыққанды бітімгерлік күштері бар елдердің қатарына қосылғанын атап өтті.

21 сәуірде Астанада өткен «Таза Қазақстан» экологиялық фестиваліне қатысқан Мемлекет басшысы «Тазалық» фестивалі өте тағылымды іс-шара екенін айтып, қоғамда тазалық мәдениетін дәріптеуге ерекше атсалысқан бір топ жастарды марапаттады. Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында сөз сөйлеген Президент ынтымақ-бірлік, диалог, өзара сенім мен құрмет, азаматтық жауапкершілік – мұның бәрі елімізді қарқынды дамытудың мызғымас қағидаттары екеніне тоқталып, елімізде бейбітшілік пен келісімнің қайталанбас үлгісі қалыптасқанын атап өтті.

ТЕЛЕФОНМЕН ДЕ ТАЛАЙ МӘСЕЛЕ ШЕШІЛЕДІ

Халықаралық қатынастар саласында ара-тұра телефон арқылы тілдесіп, сыртқы саясатқа қатысты мәселелерді талқылау, айтулы датамен бірін бірі құттықтау, не болмаса, түрлі жағдайларға байланысты жеделхаттар жолдап, өз ықыласы мен көзқарасын білдіруді бүгінде мемлекеттер басшылары жиі жүгінетін қарым-қатынастың бір түрі деуге болады.

Мәселен, өткен айдың басында телефон арқылы тілдескен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сербия Президенті Александр Вучич екіжақты ынтымақтастықтың даму қарқынын жоғары бағалап, қазақ-серб қарым қатынастарын одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Вучичті биыл Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Қасым-Жомарт Тоқаев жеделхат арқылы Үндістанның Премьер-министрі Нарендра Модиге 23 сәуір күні Пахалгам қаласындағы лаңкестік әрекет салдарынан бейбіт тұрғындардың қаза табуына байланысты көңіл айтса, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға Мәрмар теңізі мен Ыстанбұл шаһары аумағында орын алған жер сілкінісіне байланысты алаңдаушылық білдіріп, қолдау сөзін жолдады.

Президент өткен айда өмірден өткен жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Таразидің және көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы Сейіт Қасқабасовтың отбасылары мен туған-туыстарына да көңіл айту жеделхаттарын жолдады. Сонымен бірге, Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде тұратын барша христиандарды Пасха мерекесімен құттықтауды да назардан тыс қалдырмады. Жалпы, сәуір айы еліміздің ішкі және сыртқы саясаты үшін елеулі оқиғаларға толы болды деуге толық негіз бар.

Мемлекет басшысы жыл басында республикалық «Ana tili» газетіне берген сұхбатында:

«Қазір әлемде бұрын-соңды болмаған аса күрделі геосаяси ахуал қалыптасып отыр. Соған қарамастан, Қазақстан бейбітшілік үшін диалог орнату жолында тиімді рөл атқаратын мемлекет ретінде халықаралық аренадағы позициясын күшейтті. Бұл жағдай еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экономикамызды орнықты дамытуға септігін тигізеді. Менің басты мақсатым – мемлекетіміздің экономикалық әлеуетін, егемендігін және халықаралық аренадағы орнын нығайта түсу», – деген болатын.

Қазақстан бүгінде осы бағыттағы ұстанымын жүзеге асыруға нық қадам басып, елдің ішкі және сыртқы саясатында елеулі жетістіктерге жетіп келеді.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

 

 

 

Ұқсас жаңалықтар