«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Ауылдастың тайы озсын» деген ел едік, ағайыннан атақ жақын болғаны ма?

«Ауылдастың тайы озсын» деген ел едік, ағайыннан атақ жақын болғаны ма?
Ашық дереккөз
Біраз жылдар бойы араласып, сыйласып жүретін ескі танысымның бірі бірде маған мынадай тосын сұрақ қойғаны бар-ды: «Даңқ деп жүргеніміз не? Дақпырт дегеніміз не?». Мен сол кезде өзімнің білгенімше бұл сұраққа жауап қайтарған болдым. Бірақ, менің ойымша, берген жауабыма әлгі танысымның көңілі тола қоймады-ау деймін. «Сіз менің осы сұрағыма асықпай қазіргі ортадан, өмірден жауап іздеп көріңізші. Содан кейін тағы бір кездескенімізде пікір бөлісіп көрелік», – деді. Мен бұл ұсынысты қабыл алып, оған өзімше жауап іздедім. Ойлана келе тез, атүсті жауап беретін жеңіл сұрақ емес екеніне көз жеткіздім. Шынында, даңқ пен дақпырт дегеніміз не? Осы кезде атақ пен марапат өз иелерін дұрыс, орынды тауып жатыр ма?

Ойлап отырсақ, қазіргі адамдардың жан дүниесі, ойы, психологиясы өзгерген, тіпті, сөз саптауы да ерекшелене түскендей. Байқасаңыз, кешегі кеңестік дәуірде «барлығы еліміздің, халқымыздың болашағы үшін», «мемлекетіміздің гүлденіп, дамуы үшін» деп жалпы қоғам үшін тірлік етсе, бүгінгі пенделер «қайтсем бай боламын», «қашан миллионер, миллиардер боламын» деп аласұрып, күн-түн демей басын тастан-тасқа ұрып, біз мүлдем түсінбейтін, санамызға сыймайтын өжет талпыныспен, қорқау пейілмен өмір сүріп жатқаны ешкімге жасырын емес. Тіпті, қоғамымызда олардың жаңағыдай пиғылын теріс санамай, қолдаушылар да жеткілікті.

«Несі бар, әр уақыттың өз «әні» бар, әр заманда да «әр ауылдың күшігі ала қасқа», қолдан келсе неге байымасқа?» – деп «жаңа қазақтарға» кешіріммен қарайтындар баршылық.

Ақылға салсақ, бүкіл әлем бірте-бірте біздің түйсігімізге жат капитализмнің қорқау машинасына айналып, алапат қайратты диірменге түскен тастай күл-талқан болып өзгеріп бара жатқан тәрізді. Кейде болашаққа көз жүгіртпек болып, ой құшағына берілген сәтте, біртүрлі қорқыныш пайда болып, түсініксіз үрей бойды билейді.

«Болашақ жастарға не сыйлар екен?» немесе «Ұлттық мінез, қазақи рух, ар-намыс, әдет-ғұрып, салт дәстүр жайы болашақта не болар екен?» деген ой мазаны алады. Бүгінде біреуге біреу тәуелді емес, әркім өз мәселесін, басына түскен қиындығын өзі ғана шешіп жатыр, тіпті, бола тұра, ағайынға ағайын бұрынғыдай қол ұшын беру де сиреп барады. Сөйтіп, бірте-бірте «ағайындық», «бауырмалдық», «қандастық» сияқты адамдар арасындағы жылы, құнды сезімге көлеңке қоюлана түсердей болады да тұрады.

Лайым біз қателесіп, өмірде олай болмай-ақ қойсыншы! Даңқ – халқың үшін, еліңе жұмсаған ерен еңбегің, ерлігің арқылы келетін қымбат, асыл дүние. Қазақ атам: «Ердің атын ел шығарады, елдің атын ер шығарады» деп орынды айтқан. Еңбек даңқы, ерлік даңқы кім болса соның басына келіп қона беретін бақыт құсы емес. Даңқ иесі – көпшілік оның еңбегін, ерлігін мойындап, елдің көз алдында құрметке бөленген қадірлі, құрметті абзал жандар. Тәубе, халық есімдерін құрметтеп даңққа бөленген қандастарымыз баршылық.

Алдағы кезде бола да бермек. Елге сыйлы болған азамат, қоғамымыздың қажырлы қайраткері, халық жазушысы Шерхан Мұртаза бір сөзінде «Уақыт ірі көзді елек – оның елегінде ересеңдер ғана қалады» деген екен. Ендеше, уақыттың елегінен елім, халқым деп өткен абзал азаматтар ғана халықтың сүйіспеншілігіне, даңққа бөленеді. Қазақ барда, сірә, А.Бөкейханов, М.Шоқай, А.Байтұрсынов, Ә.Ермеков, Т.Рысқұлов, С.Асфендияров, Д.Қонаев, Қ.Сәтбаев, Ж.Тәшенов, М.Әуезов, І.Омаров, Ө.Жәнібеков, А.Асқаров, Б.Момышұлы, Қ.Қайсенов, Е.Бөкетов, Ө.Жолдасбеков, Т.Әлімқұлов, Ш.Мұртаза, Т.Әубәкіров секілді халқына адал қызмет еткен, оның даңқына бөленген тұғырлы тұлғалар ел есінде мәңгі сақталатынына еш күмән жоқ.

Дақпырт – науқандық, желпіп өткен жел тәрізді уақытша дүние. Тіпті, кейде ол сабынның көз қызықтыратын көпіршігі секілді бір сәтте жалп етіп жарылып жоқ болатын алдамшы дүниеге ұқсайды. Шындыққа келсек, қазір көзбояушы-дақпыртшылар, жалған атаққа, сыйға, орынсыз марапатқа қызығушылар ортамызда аз емес. Олар «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» дегендей, бірер жыл жұмыс істеп-ақ, жоғарғы мекемелердің есіктерін тоздырып жүріп, көп ұзамай кеудесіне жарқыратып орден мен медаль тағып, құрметті атақ немесе сыйлық алып «айды аспанға шығарып» жатады.

Кейде ондай кезде көпшіліктің пікірін білмек болып:

«Анау кісі Мемлекеттік наградаға ие болыпты немесе атақ алыпты» десең, «Е-е, жалпақтап жүріп жолын тапқан екен-ау, сабазың!», – деп селт етпей, бүйрегі бүлк етпей, еш қуаныш немесе қолдау белгісін сездірмей, салқынқандықпен иығын қиқаң еткізеді де бейберекет жайда қала береді.

Сөйтіп, қазіргі адамдарды атақпен, наградамен, сыйлықпен таңғалдыра алмайтын болдық. Неге? Бұл қазіргі ештеңеге қызықпайтын немқұрайлық, енжарлықтың бір белгісі емес пе екен? Әлде, ол атақтардың, наградалардың, сыйлықтардың беделі құлдырап, бағасы төмендеп кетті ме? Егер олай болса, оған не себеп? Бүгіндері еліміздің қай түкпіріне, қай қаласына бармаңыз ғылым кандидаты, ғылым докторы дәрежесі барлар табылады, жалпы халыққа ол атақ таңсық болудан қалды, оларға ешкім бұрынғыдай ерекше зер салмайды да (рәсми құзырлы министрліктің мәліметі рас болса, біздің тәуелсіз елімізде тек соңғы 17 жылда 17 000 адам ғылыми атаққа ие болыпты).

Зауыт директоры немесе департамент бастығы кем дегенде кандидат деген атағы бар, бәз біреулері жолын тауып, тіпті, доктор болып алған. Министрлікте, Парламентте, Сенатта отырғандардың арасындағы еті тірілері «бес жыл бойы бос қалғып отырмай» бірер жылда кандидаттықты, докторлықты «сәтті қорғап» ғалымдар қатарын едәуір көбейте түсіпті. Соншама ғалымдардың ортасында кәсібін терең меңгерген, өз мектебі, шәкірттері бар саңлақ ғалымдар некен саяқ. Әлгі көп «профессорлардың» басым көпшілігі студенттерге қалай дәріс жүргізуді, зертханаларда жұмыс істеуді мүлдем білмейді.

Бұл өткен күндердің мен мұндалап тұрған бұлтармайтын шындығы болатын. Ал, нағыз ғылымға берілген, оның жолында өмірін сарп етіп, маңдай тері бес елі болып жүрген жандар ғылыми атаққа жете алмай, жолы болмай, «инемен құдық қазып», сіңірі созылып, титықтап жүргендері қаншама еді? Осыдан кейін оған түңілесіз бе, әлде таңғаласыз ба, оны өзіңіз біліңіз. Басқа елдерде аты белгісіздеу «социология», «саясаттану» ғылымының докторлары қазір бізде жетіп артылады-ау, шіркін! Ғылыми дәрежесі жоқ болса да әйтеуір бір академияның мүшесі болып алғандары қаншама?! Қандай академия жоқ қазір бізде...

Саусаққа салып санай беріңіз: инженерлік академия, жаратылыстану академиясы, педагогикалық академия, медициналық академия, профилактикалық медицина академиясы, информатикалық академия, есептеу-техникалық академия, өнер академиясы... Сөйтіп бұл тізім шұбырып кете береді, санай берсеңіз оның санына екі қолыңыздағы саусағыңыз жетпейді. Әлгілердің мүшесі болу үшін демеушілік көмек немесе тиісті жарнасын төлесеңіз жетіп жатыр. Ғылымды меңгерем деп жан қинаудың ешбір қажеттілігі жоқ. Қалтаңызға «академик» деп жазылған қалың мұқабалы әдемі куәлік келіп түседі.

Сондай куәліктер бұл күндері біраз адамдардың көңілін тасытып, жүрегін жылытып жүр. Не дегенмен біреулер оларды таныстырғанда, тойда сөз берерде, жиналыста мінберге шақырғанда «академик Пәленшеев» деп елдің құлағын елең еткізеді. Олар кеуделерін кере түсіп, паңдана басып, екі иығымен әрең демалып, жұрт алдына шығады, аузында айтар сөзі болмаса да керіліп-созылып жұртқа бірнәрсе айтқандай болып біраз уақытыңызды алады. Сондықтан кейде терең ойға қаласың: мынадай екпінмен, Құдай жар болса, бірер онжылдықта біздің мемлекет академиктер еліне айналуына толық мүмкіндігі бар екен-ау...

БАҚ өкілдеріне берген бір сұхбатында белгілі ғалым-математик, академик А.Жұмаділдаев: «Бір теориямен айналысып жүргеніме бес алты жылдың жүзі болды. Аяғына жеткізе аламын ба, жеткізе алмаймын ба деп жүрсем, бірнеше басшы ғылым докторы болып шыға келді. Үкімет жұмысында жүргендердің қолы тимесе керек еді» дейді.

Одан әрі:

– Ғылыммен шұғылданған адамның басқа жайтқа мойын бұруға мұршасы болмауы керек еді. Мысалы, мен студенттерге сабақ бергелі бері ғылыммен айналысуға мұршам болмай қалды, – деп ағынан жарылады.

Шынында, қазіргі өмірімізде доктор немесе кандидат мәртебесін «сырттай» иеленіп жүрген шенеунік ғалымдар қаншама? Кім білсін...

Бірақ ондайлардың саны өте көп. Бұл дегеніңіз үйреншікті құбылысқа айналып еді, әйтеуір, диссертация қорғау кеңестерін бірнеше жыл бұрын елімізде жауып, әупірімдеп жүріп «псевдоғалымдарға» тосқауыл қойып, олардан арылдық-ау, тегі. Соған қарамай, жолын тауып көрші елдердің ғылыми кеңестерінен диссертация қорғап келіп жатқандар жоқ емес...

Неге екені тағы белгісіз, мүйіздері қарағайдай академик, профессорларыңыз ғылымды ығыстырып тастап таққа, билік басына ұмтылуда. Өйткені олар ғылымнан «шекелері қызбайтынын» ұғып, одан үміт-күдер үзіп, ат құйрығын шорт кесіп, басшылыққа талпынған, мансапқа ие болуды арман еткен, «Қазіргі ең тиімді бизнес – басшы болу» деген ұран жалауын желпілдетіп жүрген «жаңа қазақтар» немесе «қолдан жасалған» ғалымдар. Тіпті Алматы мен Астанадағы ғылыми орталарын, жылы орындарын тастап, облыстық деңгейдегі мекемелерге, басқармаларға басшы болып келгендері де бар. Олардың бұл ісіне, сірә, соңғы кезде таңданбайтын болдық-ау деймін. «Заманың түлкі болып қашса, тазы болып шал». Одан артық не дерсіз, тәйірі...

Ақын-жазушылар арасында да соңғы кезде дақпырттық, даңғазалық, өтірік атақ алу белең алуда. Шымыр, тартымды, тұщымды, көрнекті шығармаларымен жалпы халықты селт еткізбесе де қалам ұстаған ағайындар әр деңгейдегі халықаралық, мемлекеттік сыйлықтардың иегері болып шыға келгенде «Оу, ол қандай еңбегімен дараланып еді?» деген ойға қаласыз. Өткен жылдардың бірінде 40-қа жуық ақын-жазушыларға халықаралық «Алаш» сыйлығы бір жылда берілді. Бұл не? Сонда, соншама жазушы, ақын үшін бұл жыл «көктен жұлдыз жауған сәтті, мәрт жыл» болды ма, қалай? Мықты, шебер суреткер болса Нобель сыйлығы иегерлерінің қатарынан неге әлгі қаламгерлердің бірінің атын көрмейміз? Ондай кезде сыйлықтардың да сатулы болғанына, биік, құрметті даңқтан дақпырттық, даңғазалық көбейіп бара жатқанын ойлағанда көңіліңіз құлазып, бойыңды реніш жүдете түседі.

Шетелдік компаниялар да біздің атаққа құмар екенімізді жақсы біліп алған. Аяқ астынан сан түрлі керемет номинациялар ойлап тауып, түрлі түсті қағаздарды әшекейлеп, оны әдемі рамкаға салып, кезек-кезек біздің атқа қонған азаматтарымызды марапаттап жатады. Тіпті кейбір айтулы компаниялар одан әрі барып, конвертке шақыру қағазын салып «Құрметті ..... Сіз (немесе Сіз басқарып отырған ұжым) пәленбай номинация бойынша үздік шығып, дипломант атандыңыз. Сыйлығыңызды алу үшін біздің елге келуіңізді сұраймыз. Жол қаражатыңыз бен жатағыңыз өзіңіздің есебіңізден...» деп жібереді.

Оған біз масайрап, ісіп-кеуіп мәз боламыз келіп. Бұл жас баланың қолына көңілін алдау үшін ұстатқан әдемі ойыншық секілді болады да тұрады. Оның қандай «айдалада жатқан батпан құйрық» екенін, оның астарында не бар екенін ойламаймыз да. Сөйтіп, аңғалдықтан әлгідей жолмен олардың бірте-бірте сенімімізге кіріп, қолтығымыздың астын паналайтынын аңғара бермейміз-ау, сірә...

Тағы бір көңілде жүрген өзекті мәселені айта кеткенді жөн санадық. «Пәленбай» ауданның немесе облыстың құрметті азаматы деген атақтың беделі мен бағасын түсіріп болдық. Соқталдай бір азаматтың Алматыдан «ат терлетіп» келіп, жоғарыдан қоңырау түсіріп, облыстың, ауданның, туған ауылының құрметті азаматы деген үш бірдей атаққа ие болғанына куәгерміз. Соншама атақ оған не үшін керек болды екен? Бұл да, ойлап отырсаңыз, нағыз даңғазалық, атаққұмарлық емес пе?.. Атаққұмар халықтың басында бүгіндері қазақтар тұр емес пе? Әлдекімдердің итерсе есігінен, тепсе тесігінен кіріп, арсыздыққа жол беріп, бет моншағымызды төгіп жүріп, алған атағымыз, награда-марапатымыз кімге керек? Таза, адал еңбекпен, маңдай термен келмеген атақ кімнің жанына опа болады, қандай абырой әкеледі?

«Құрметті азамат» дегеннен шығады. Уақыт тауып «Ауданның Құрметті азаматы», «Қаланың құрметті азаматы» атағына ие болғандардың тізіміне қараңызшы. Құдайым-ау, сол атаққа ие болғандарға зер салсаңыз тізімде кім жоқ. Олардың арасында да талай «белгісіз геройлар» жүр. Оны айтасыз, соңғы жылдары «Ауданның құрметті ардагері», «Қаланың құрметті ардагері», «Облыстың құрметті ардагері» деген атақтар жауыннан кейін шыққан саңырауқұлақтай қаптайды. Іштарлық жасамайық. Бірақ, елді елең еткізбейтін арзан атақ, кеуде толы жылтырақ «темір-терсек» адамға қандай абырой әпереді? Қазіргі орта оларды қалай қабылдайды? «Қоғам қайраткері», «мемлекет қайраткері», «ұлы» деген атақты кім болса соған тықпалап жазу да соңғы кезде әдетке, сәнге айналды. Қоғам қайраткері деп қызметі жоғары болған, адамдарға бейберекет жапсыра беру орынсыз. Қоғам қайраткері деп халық алдында ерекше еңбегімен беделі бар, өзінің қажырлы, игілікті, адал ісімен ұлтына қызмет еткен ұлтжанды, олардың сүйіспеншілігіне айналған азаматты атамайтын ба едік? Ал қазір неге оны төмендетіп алдық? Соны ойлай отырып, ғалым-дәрігер, академик Т.Шармановтың ертеректе «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Құндалықтың құлдырауы» деген мақаласы еріксіз есіме түсті...

Шынында да құндылықты қолдан құлдыратып, атақтың дәрежесін төмендетіп, кім болса соған, көлденең көк аттыларға оңды-солды атақ беріп жатқанымыз, ойланыңызшы, дұрыс іс пе? Есімі еліміздің ғалымдарының арасында жақсы таныс, көрнекті абайтанушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов ағаға өткен жылдары «Жамбыл облысының құрметті азаматы» деген атақ берілді. Ғалымға деген бұл құрметті көпшілік орынды қабылдады. Кездескенде «Аға, құрметті атағыңыз құтты болсын!» – деп құттықтап, ризашылық сезіммен қолын қыстым.

«Рахмет, інім. Бірақ, ол атақ маған не береді? Онсыз да басқа атағым жетіп жатыр емес пе?» деп өзіме қарсы сұрақ қойғаны бар. Содан кейін Мекемтас ағаның шенқұмар, атаққұмар еместігіне, дақпырттан бойын аулақ ұстайтынына, қарапайымдылығыны іштей риза болып қалдым. Басқалар болса әлгі атақты өзгеше қабылдар еді...

Иә, әйтеуір жолын тапқан кісі ел алдында сондай бір сіңірген еңбегі болмаса да әлгі атаққа ие болып, иықтарына шапан іліп жатыр. Тіпті, кейде ауылына, еліне ат ізін ондаған жылдар бойы салмаған, ағайын-туысқан үшін шөптің басын сындырмаған жазушы, артист, әнші, сазгер 50, 60, 70, 75 жасқа келгенін елінде тойлатуды, атақ алып, темір тұлпар мініп қайтуды әдетке айналдырды. Барлық салмақ елдегі ағайынға, жамағат-жұртқа түсетінін біле тұра «ауылым – алтын бесігім» деп қасына нөкерлерін жиып кіндік қаны тамған өлкесіне «шеру жасайды».

Өз күнін әупірімдеп әрең көріп, баласын оқытуға қаржы таппай отырған ағайынға, «елді қалай көгертем», «бірді қалай екеу етем», деп күні-түні жар құлағы жастыққа тимей жүрген ауыл немесе аудан басшыларына салмақ сала барады. Көпшілік болып жерлестері «қос тігіп, қазан көтеріп» конференция-кездесу, той ұйымдастырып, сый-сияпат жасайды. Ал оның көңіліндегідей тойын ұйымдастыра алмаған, оның қасына еріп барған қонақтарды оңды қарсы алып, сый-сияпат көрсете алмаған жерлестері мен ағайындарын жерден алып, жерге салып, өкпесі қара қазандай болып еліне өкпелеп кетеді. Неге? Өкпелемей тұрып ол ең бірінші: «Осы мен еліме, туған ауылыма не істедім? Қандай еңбек сіңірдім?», деп ойламай ма? Керісінше, қолынан келіп тұрса ауылдағы ағайын-жұртқа қол ұшын беріп, ауылын көгертуге, көркейтуге неге үлес қоспайды? Құдайға шүкір, әр аймақта атымтай жомарт, қолдары ашық, ойы терең азаматтар бар екенін күнделікті баспасөзден, тележаңалықтардан естіп қаламыз. Ауылдарға жол, көпір, балабақша, мешіт, тіпті кейбірі мектеп, спорт ғимараттарын салғызып, елді ауызсумен қамтамасыз етіп жатқандары бар емес пе? Ел ішіндегі сондай жақсылыққа толы хабар кеудеңдегі жұдырықтай жүрегіңді жылыта түсіп, «Ортамызда сондай туған елі мен кіндік қаны тамған жерді ұмытпай, жерлестеріне қолдау көрсетіп жүргендер қатары көбейе түссе, шіркін!», деген тәтті қиялға берілесің кейде...

Атақты да, марапатты да тек лайықтылар, мемлекетке, халыққа таза еңбек сiңiргендер алса жөні бөлек. Әйтпесе, біз кейінгі жылдары орден мен медальдің, атақ пен марапаттың құнын тым арзандатып жіберген тәріздіміз. Расында да, орден де, медаль да, жалпы, сыйлық пен атақ, марапат атаулы шын иесiн тауып жатса, қандай ғанибет, шіркін! Әйтеуір, даңғазалыққа салынып құндылықты құлдыратпайықшы, ағайын!

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина профессоры.

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар