Жақында сондай азаматтың арызын қарадық. Өзі Тараз қаласының жігіті екен. Кәсіпкер. Айтуынша мәзірханасы, көлік жөндейтін бекеті, кішігірім мейрамханасы бар көрінеді. Заман солай, қолына қаржы түскен соң біраз мал сатып алып, шаруамен айналысқысы келген. Малшы іздеген. Оның бұл ниетіне қарамағындағы бір адамы келісе кетіпті.
«Қандай тапсырма берсең де ләппәй», – деген әлгі кісі:
– Малшы іздеп не қыласыз? Мен-ақ бағып берейін. Ауылда тұрамын, мал қорамыз бар дейді. Әлгінің ақылына құдайдай сенген кәсіпкер жігіт 300 гисар қойын сатып алып, алдына салып береді. Ақысын да келіседі. Ай сайын жалақысын төлеп, тіпті бар жағдайын жасайды. Күндердің күнінде малын аралап көргенде майдаланып бара жатқанын байқайды. «Ағасы, малдың ішінде гисар қойы азайып, қаракөл қойы өріп жүр. Айырбастап жүрген жоқсыз ба?», – дейді ренжіп.
Жалшысы антсу ішеді.
«Сізге қиянат жасасам Құдай көріп тұр ғой, сенбесеңіз ай сайын санап тұрыңыз» дейді. Қыраулы қыс өтеді, көкорайлы көктем жетеді, жазиралы жаз келеді. Бір күні кешқұрым жалшысы түрден-түр, ыпыннан ыпыны жоқ, жыларман болып, кәсіпкердің қаладағы үйіне келіп: «Құдай бізді атып қалды, түнде «камазбен» түсі суық қарақшылар келіп, бала-шағамызбен байлап тастап, мал біткенді үптеп кетті», – дейді жыламсырап.
Әлгінің түрін көріп аяп кеткен кәсіпкер оның сөзіне сеніп, ұрлық жайлы аудандық полицияға арыз түсіреді. Содан не керек, аудандық полиция қызметкерлері жан-жаққа сұрау салып, іздестіреді. Табылмайды. Ақырында бұл малды «Қырғыз асқан ғой» деп істі жабады. Кәсіпкер байғұс амалы қалмағандықтан ағайындарымен ақылдасады.
Солардың біреуі:
«Әй, осы жалшыны ауыл дұрыс атамайды. Қолының сұғанақтығы бар деп еститінбіз. Анау жылы ауылда 18 есекті ұрлап, Өзбекстанға асырып, қолға түсіпті. Бұл жолы да біреулермен араласып, базарға сатып жоқ қылғаны анық», – дейді.
Нақты айғағы болмаған соң кәсіпкер жалшыны қорқытып алайын деген ниетпен бір-екі азаматты астыртын жұмсайды. Сөйтсе олар да ештеңе анықтай алмапты. «Барып ошағының ойранын шығарайын» деп кәсіпкер ашуға мінеді. Әке-шешесі «Қой қарағым, оларды ойрандасаң, өмірің өксіп, түрмеде шірисің» деп зорға дегенде қойдырады. Енді не істеу керек? Кәсіпкер айлаға көшіп, малшыны сөзге тартыпты. «Қане, қарыздан қалай құтыласың?» дегенде, соны күткендей жылмаңдаған жалшы: «Жердің тесігі болса кіріп кетуге дайынмын. Сізге қастық қылсам, өле-өлгенше сіздің жалшыңыз болайын» деп жалпаңдапты. Ағайын-туыспен кеңесіп, амалы құрыған кәсіпкер жалшысын ертіп, бізге келді. Мен әлгінің бет-жүзіне қарап отырып: «Сенің малыңды біреулер келіп, қорқытып, үркітіп алып кетті дегенге сенбеймін. Менің білуімше, сен малды сатып құртқансың» деп едім, ол беті бүлк етпестен: «Мен сондай қиянатқа баратын адаммын ба? Әдейі құртсам, екі дүниеде де оңбай кетейін» деп қарғанды. «Мақұл саған жұрт сенген шығар, бірақ менің күмәнім бар, ал сіздің ойыңыз қандай?» деп кәсіпкер жігітке қарадым. Өзі иман жүзді азамат көрінді. «Осының жылтыр сөзіне сеніп қалған мен де ақымақпын» деді ол. Малды бағуға беремін дегенде, отбасым қарсы болды, көзі ойнап тұр екен.
Жылпос сияқты көрінеді дегендеріне де қарамадым. Алла жаңылыстырса, адамның көзі тұманданып бойбермей кететін қу мінезіміз бар ғой. Оның үстіне қолымызда жалдағанымды реттейтін келісімшарт та жоқ. Сотқа жүгінсек сол құжатты сұрайды, амал жоқ сіздерге жүгініп отырмын. Құдайға шүкір, өзге де кәсіп түрлері бар. Соны атқаруға отбасымен жалдап алсам деймін, деген соң әлгі жігітке «сен қарсы емессің бе, жалшы болуға» деп сұрадым. «Е,е мен неге қарсы боламын. Өле-өлгенше жалшы болуға пейілдімін» деп жылпылдады ол. Сөздің қысқасы, екеуін келістіріп, қол алыстырып, келісімшарт жасатып, оны нотариустық кеңсе арқылы бекітіп, тындық. Сонда қайран қалғаным, жылпостың бір сәтте болса ұялғанын байқамадым. «Жәке, мені құтқарғаныңыз үшін сізге алғысым шексіз» деп бүлк етпей отыр. Кейін сұрастырып білдім, әлгі қудың отбасы бар, әйелі мұғалім екен. Бес баланы өсіріп, тәрбиелеп отыр. Ол байғұстарға не кінә артамын? Мына суқит оларды қара бет қылды ғой дейін десем, оған да тілім бармады.
– Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді деген. Сен жалшы болуға намыстанбасаң, біз неге намыстануымыз керек, – деп әлгіге жиіркенішпен қарадым.
Осындай жалшылар әр жерде бары анық-ау деп жүрегім ауырды.
Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ
аудандық билер кеңесінің төрағасы.
Талас ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




