«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Дәстүр ме, дарақылық па?

Дәстүр ме, дарақылық па?
Автор
Жақында әлеуметтік желілерде қалыңдыққа қалың мал беруге қатысты қызық бейнекөрініс тарады. Онда келін алып жатқан бір ата-ананың қалың малға ақша, алтыннан бөлек оюлы жабуымен 10 түйе мен 10 жылқы беріп жатқаны жайлы айтылған. Артынша-ақ әлгі келін алып жатқан жақтың жақыны екенін айтқан әйел кісінің аудиожазбасы да тарап, 10 түйе мен 10 жылқының ешқандай да қалың мал емес, құдаларға тарту етілген сый-сияпаттарды сәнсалтанатымен әкелу үшін жалға алынған ірі қаралар екені хабарланған. Алайда, құдалар алып келгендіктен көпшілік әлі де оларды қалың мал деп түсініп отыр.

Әдемі жабуымен көш түзеп, керуен құрып келген түйелер мен жылқылардың сән-салтанатын көрген кейбір кісілер келін алғанда осыны қайталауға тырысуы әбден мүмкін. Көп дәстүріміз осындайдан басталып, дарақылыққа айналып кеткені рас. Негізі ұлттық дәстүріміздегі қалың мал беру салты қандай еді?

– Дәстүр де тірі дүние. Соған сай пайда болады, өседі, өнеді, заманына қарай өзгереді, тіпті көнеріп кетсе, жоққа да айналатыны бар. Бірақ қоғаммен бірге пайда болып, қоғаммен бірге жоғалмай келе жатқан салттың бірі – қалың мал. Ол ұғым тек қазақтарға ғана тән деп айту қиын. Атауы бөлек болғанымен, мәні бір мұндай салт түркі халықтарында да, славян халықтарында да, өзге этникалық ұлттар мен ұлыстарда да бар. Кейбір мемлекеттерде бүгінгі күні жоқ болғанымен, түп тарихында, олардың бабалары өткен замандарда оған ұқсас дәстүрдің болғаны анық. Өйткені бұл дәстүр алғашында жұмыс күшінің өтемі ретінде пайда болған. Ер де, әйел де бір қоғамның, отбасының бір бөлігі, жұмыс күшінің есебінде еді. Әдетте қыз баласы өзге отбасына кетіп, сол жердің еңбегіне араласып, отбасын көбейтуші болғандықтан, оның орнын толтыратын ақы талап етілді. Әр елде, тайпаларда ежелде ол әрқилы еді. Уақыт өте келе бұл құбылыс қоғамдағы өркениеттің өсіп-өркендеуімен бірге өзгеріске ұшырап, түрлене бастады. Қазақ қоғамында бұл жұмыс күшінің өтемі емес, қыз өсірген әулетке деген құрметтің, қыз мәртебесінің сыйына айналды. Оған берілетін сыйдың көлемі құда түсіп келуші жақтың әлеуметтік жағдайына қарай 5-6 қойдан басталып, 47 қара мал есебіне дейін барған. Қалың мал ұғымы «Жеті жарғы» заңдар жинағында да көрсетілген. Онда да қалың мал өлшемі әлеуметтік топтардың дәрежесіне қарай белгіленгені айтылады. Алайда қазақта «теңін тапса, тегін бер» деп те, жоралғысын жасап, қызды теңіне қосуды, жас отаудың бағын ашуды да құптаған. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл дәстүр қайта түледі. Заманына, адамдардың ахуалына қарай қалың малдың көлемі жыл сайын көбейіп жатқанын да көреміз. Қазір сол дүние тағы да абсурдқа жеткен сияқты. Кей дәстүрді заманға қарай ыңғайлау керек. Қалың малды да, жігіт жақтан берілетін еншіні де жас отбасының аяқтануына арналған капиталға айналдырған абзал, – дейді Ш.Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының «Дәстүр және өнер» бөлімінің меңгерушісі Назым Қожамар.

Әрине, ертеде қазіргідей көлік болған жоқ, оның қызметін түйе, жылқы секілді ірі қара мал атқарды. Сол себепті құдалар осы ірі малдармен сыйсияпаттарын алып баратын. Шүкір, қазір айшылық жерлерге аз ғана уақытта жеткізеn көлік те, байланыс та дамыған заманда түйе, жылқылармен құдалыққа бару қаншалықты жөн? «Елді таңқалдырған құдалықты мен де істеймін, баламнан аямаймын» деп тыраштанатындар несиеге батқандардың қатарын тағы көбейтпей ме? Техника ғасырында керуендетіп барған құдалық дәстүр ме, дарақылық па? Сіз не дейсіз?..

 

Қайсар ҚАНАТҰЛЫ

Тараз қаласының тұрғыны.

Ұқсас жаңалықтар