«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сіз қандай сериал көріп жүрсіз?

Сіз қандай сериал көріп жүрсіз?
Автор
Қазіргі заманда үлкен кісілердің арасында сериал көрмейтіндері аз деуге болады. Әсіресе күнделікті күйбең тірліктен шаршаған жұрт кешкісін теледидар немесе смартфон алдында отырып, түрлі елдердің телехикаяларына үңіледі. Сұранысқа ие фильмдердің қатарында түрік, кәріс, орыс және үнді сериалдары ерекше орын алады. Бұл – кездейсоқ құбылыс емес, қоғамдағы мәдени әрі психологиялық сұраныстың көрінісі.

Сериалды көбіне үй шаруасындағы әйелдер және зейнеткерлер жиі көреді. Үйде көп уақыт өткізетін жандар үшін сериал – бір жағынан демалыс, екінші жағынан эмоциялық серік. Ал жастар үшін бұл – жаңа мәдениетпен танысу, тіл үйрену, сән мен өмір салтын бақылау құралы. Түрік сериалдары көрерменді отбасылық құндылықтарымен, сезімге толы драмасымен баураса, кәріс хикаялары қысқа оқиғаларымен, сапалы сценарийімен ерекшеленеді.

Орыс сериалдары өмірге жақындығымен қызықтырса, үнді туындылары боямасыз эмоция мен тағдыр тәлкегін көрсетеді. Әрқайсысы өз аудиториясын тапқан. Әлемді шулатқан сериалдарға тоқталайын. «Squid Game» Netflix тарихындағы ең хит сериал. 28 күнде 142 миллион адам көрген. 94 елде №1 сериал болған. Бұл – әлеуметтік теңсіздік туралы ауыр, бірақ өте қызық сюжет. «Stranger Things» 2025 жылғы әлемдегі ең сұранысқа ие, көп маусымды сериал. Енді қазақ көрермені ең көп қарайтын сериалдарға тоқталайын.

«Келінжан» сериалы жеңіл юмордан тұрады, ауыл өмірі қамтылған. Ұзақ маусым – халық сұранысының дәлелі. «Ағайындылар» сериалы отбасы құндылықтарын насихаттайды. Қазақы менталитетке жақын. «Патруль» сериалында полиция өмірін юмормен көрсетеді. Жастар арасында танымал. «Жат ағайын» драмалық сериалы туыстық қатынастың шынайы түрлерін талқылайды. Көрерменді ойландыратын сюжет. Осы орайда біздер әлеуметтік желілердегі белсенділер не дейді деп қарап шықтық. Бауыржан Карипов есімді әлеуметтік желі қолданушысы өз ойын тамаша жеткізіпті.

– Біздің отандық телеарналарды түріктің телесериалдары жиі сатып алады, үнемі көрсетеді деп жиі сынайды. Жасырын емес, жекеменшік, мемлекеттік ТВ түріктің сериалдарына жатып алған. Оған бірнеше себеп бар. Түрік сериалдарын Қазақстан ғана емес, Орта Азия, Еуропа, Латын Америка, біраз ел көрсетеді. Аудиторияға өтімді, кәсіби тұрғыда өте жоғары сапада. Таза бизнесті мақсат етеді. Идеология екінші, үшінші орында тұрады. Сценарийстерінің білімі таудай, түсірілім тобы үш көзді адамдардан құралған. Біздікіндегідей КВН деңгейінде емес. Түрік сериалдары арзан тұрмайды. Өте қымбат. Мысалы, Түркияда 25-30-40 сериядан кейін апталық рейтінгі төмендеп жатса да, сериал түсіруді тоқтатпайды. Себебі сыртқы нарыққа өте жақсы, жоғары бағада сатылып жатыр деген сөз. Әр сериалға кететін ақшаны еселеп ақтап алу керек. Түркияның өзінде рейтинг төмендесе, жарнама да бірден тоқтайды. Осы сәтте компанияны сыртқы нарықтан түскен ақша құтқарады. Қазақстан неге жиі сатып алады? Біздің ұрпақ Бразилия сериалдарымен өскен, көзін ашқан. Отандық сериалдар біздің сұранысымызға сай емес, қанағаттандырмайды. Көзайымымыз емес. Бір ғана «Келінжанның» 6 маусымын түсіру көп нәрсені аңғартады негізі. Сериал түсірмей-ақ шетелдік өнімді сатып ала берсін десең, біраз бюджет есепсіз кетіп жатыр. Біздікілер тіпті Түркияның өзінде енді көрсетіле бастаған сериалды жарыса көрсетеді. Отандық бір телеарна Түркияда рейтингі аспан боп тұрған қымбат сериал «Далекий город»-тың тұсауын кескелі жатыр. Шәпкімді шештім. Бір ньюанс бар. Біздің телеарналар өз аудиториясын, көрерменін сыйламайды. Түріктің кей сериалын толық сатып алмайды. Белгісіз себептерден сериалды үзе салады. Сосын ауылдағы көрермен жынды боп отырады. Ферида қайда, Гохан қайда деп. Ютуб жобаларда жақсы сериалдар бар, ол мықты команданың, кәсіби сценарийстердің болуында. Олар ТВ беретін теңгені тиын көрмейді. Жоламайды. Олар үшін әр сериалға бөлінетін ақша өте аз. Сонда не істеу керек? Шетелдің сериалдарын сатып ала беру керек пе? Бір орта жолы бар ма? – дейді фейсбук әлеуметтік желісінде Бауыржан Карипов.

Біз көтерген мәселе – бүгінгі медиа кеңістіктегі ең өзекті тақырыптардың бірі. Шынында да, түрік сериалдарының үстемдігі кездейсоқ құбылыс емес, бұл – таза нарық пен сапаның нәтижесі. «Келінжан» сияқты жобалардың ұзаққа созылуы – сұраныстың бар екенін көрсетеді, бірақ бұл сапа мен мазмұн жағынан толық қанағаттандырады деген сөз емес. Ал «Далекий город» секілді жоғары рейтингті шетелдік өнімдерді жедел сатып алу – телеарналардың көрерменді ұстап қалудың ең жеңіл жолын таңдағанын аңғартады. Бауыржан Кариповтың айтқан уәжімен келісуге болады. Біздің телеарналар көбіне «арзан жолды» таңдайды. Бірақ мәселе тек сатып алуда емес, жүйеде. Біріншіден, бұл жерде кінәні тек телеарналарға арту әділетсіз. Көрерменнің өзі сапаны талап етпейінше, нарық өзгермейді. Біз не көреміз – соны көбейтеді. Екіншіден, отандық сериалдардың әлсіз тұсы – сценарий мен өндіріс мәдениетінде. Түрік индустриясы ондаған жыл бойы қалыптасқан мектепке сүйенеді. Ал бізде сценарист, продюсер, режиссер дайындау жүйесі әлі толық жолға қойылмаған. Үшіншіден, қаржы мәселесі. YouTube жобалардың мықты болуы – олардың еркіндігінде. Олар рейтинг қуаламайды, цензура аз, аудиторияны дәл табады. Ал телеарналарда бюджет аз, талап көп, еркіндік шектеулі. Ендеше не істеу керек? Орта жол бар ма? Бар.

Телеарналар толық сериал сатып алып, көрерменді құрметтеуді үйренуі керек. Үзіп тастау – сенімге соққы. Мемлекет қаржыны «санға емес, сапаға» бөлуі қажет. 10 әлсіз сериалдан гөрі 2 мықты жоба пайдалы. Жеке продакшндарға еркіндік беру керек. YouTubeтағы кәсіби топтарды ТВға тарту – үлкен мүмкіндік. Сценарий мектебін дамыту – ең маңызды инвестиция. Қысқасы, шетелдік сериалдарды мүлде алмау – қате. Бірақ тек соған сүйену – одан да үлкен қате. Түрік сериалдары – бәсекелес емес, өлшем. Біз сол деңгейге ұмтылмасақ, көрермен әрқашан сыртқа қарайды. Ал өз көрерменін сыйлаған ел ғана өз өнімін өтімді ете алады.

Дегенмен, сериалдың әсері екіжақты. Бірі – адамды ойландырып, рухани демалыс сыйласа, енді бірі уақытты босқа өткізуге итермелейді. Кей көрермен кейіпкерлердің өмірімен өмір сүріп, шынайы тіршіліктен алшақтап кетуі де мүмкін. Бұл – бүгінгі қоғам үшін ойланарлық мәселе. Сериал көру – таңдау. Ең бастысы, оны шектен тыс әуестікке айналдырмай, пайдалы мазмұнды таңдай білу. Өйткені экрандағы өмір – тек көрініс, ал шынайы өмір – біздің өз қолымызда.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар