«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бейбіт өмір сыйлаған

Бейбіт өмір сыйлаған
Автор
Мен майдангердің ұрпағымын. Дәл осы сөз айтылғанда кеудемді мақтаныш сезімі кернейді. Себебі мен сонау қиын қыстау замандарды бастан кешіріп, жау оғына кеудесін тосқан, келешек ұрпақтың бейбіт өмірі үшін қанын төгіп, ерлік көрсеткен батырлардың жалғасымын.

Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 80 жыл. Сол соғыстың бел ортасында менің атам – Бекжігіт Мамышев та болған. Майдангер атам жаумен соғыста ерлік көрсетіп, бізге бейбіт өмірді сыйлаған деп білемін.

Атам 1921 жылы дүниеге келіпті. Сол жылдардағы ауыр кезең, халықтың басынан кешірген қайғысы мен қасіреті оны тез есейткен. 7 жылдық мектепті үздік бітірген соң еңбек жолын бастауыш сыныптарға сабақ беруден бастапты. Сөйтіп 18 жасқа толғанда соғыс басталып, алғашқылардың бірі болып майданға аттанған.

Атамның балалық шағы да ауыр болыпты. Ата анадан жастай жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленген. Жетімдіктің тақсыретін тарта жүріп жігері мен қайратының арқасында өмірге деген құштарлығын жоғалтпай, ұстаздық жолды таңдаған.

Әкемнің айтуынша, 1941 жылы бір ауылдан тоғыз жігіт бірге соғысқа аттанып, желтоқсан айында Сталинградты қорғау майданына қатысыпты. Төрт жылдай майдан даласында соғысып, І дәрежелі «Даңқ ордені», І дәрежелі «Отан соғысы» ордені және «Ерлігі үшін» медальдармен марапатталған. Соғыс аяқталуға төрт ай қалғанда жараланып елге оралады.

Елге келісімен мұғалімдік қызметіне қайта оралған атам бастауыш сыныптарға сабақ бере бастаған. Өмірінің соңына дейін шәкірт тәрбиелеген. Бүгінгі таңда атамның көптеген шәкірттері әр саланың майталмандары.

Атамның еңбексүйгіштігі, адалдығы, мамандығына деген сүйіспеншілігі болар «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісін мектеп тарихында бірінші болып атам кеудесіне таққан екен. Әріптес болған кісілердің айтуынша, атамның үйі аудан орталығында болған. Ол кезде көлік көп емес, жұмысқа атам көбіне жаяу қатынап, таңертең сағат жеті жарымда мектепте отырады екен. Атамның сабақ түсіндіруі де ерекше болыпты.

Бірде бірінші сынып оқушыларына есепті түсіндіріп жатып екі қолын көтеріп «неше саусақ?» деп сұрақ қойған ғой. Балалар «тоғыз» деп шу ете қалады. Қайтадан сұрайды. Оқушылар тағы да «тоғыз, ағай» дегенде түрі өзгеріп кетіпті. Сол кезде атам қолына қарап өзі де күліп жіберіпті. Өйткені атам соғысқа бір саусағын беріп қайтқан еді. Сабаққа берілгені сонша, бір саусағының жоқ екені есінен шығып кеткен ғой.

«1944 жылдың қараша айы. Орловск-Курск майданында кескілескен үлкен шайқас болды. Алғашқыда екі жақ тым-тырыс еді. Біз дереу орманға қарай ойыса бердік. 20-30 метрдей қалғанда екі жағымыздан оқ қарша борады.

Өлік деген тау-тау болып үйілді Сонда да беріспей өліктердің тасасына жатып атыса бердік. Екі сағатқа жуық айқастық. Артынша қосымша күш жетіп, немістердің шегінуіне тура келді. Содан кейінгісін білмеймін, көзімді ашсам госпитальда жатыр екенмін. Оқ оң иығым мен қолыма тиіп, бір саусағымды жұлып әкетіпті» – деп атам балаларға қалай жараланғанын айтып бергенде кейбір оқушылар жылап жіберген көрінеді.

Әрине, соғыс өз зардабын тигізбей қойған жоқ. Бірте бірте атамның денесіндегі жарақаттар сыр бере бастады. Төсек тартып жатса да, көңілін сұрап келгендерден мектеп жайлы сұрап, үнемі күлімсіреп шығарып салады екен.

1979 жылдың 4 қарашасында келместің кемесіне мініп кете барған ардақты атам әжем екеуі 4 ұл, 3 қызды өмірге әкеп, бағып қағып, әрқайсысын өз алдына отау қылды. Бүгінде атамнан 20 немере, 45 шөбере, 10 шөпшек тарап, ұрпағымен мың жасауда. Мен бізге бейбіт өмір сыйлаған атаммен мақтанамын. Ерлік істерін әр кез еске алып, рухына тағзым жасаймын. Бұл менің, жалпы бүгінгі ұрпақтың перзенттік парызы. Мен майдангердің ұрпағымын!

 

Мұхтар МАМЫШЕВ,

облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі.

Ұқсас жаңалықтар