«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Масылдық неге дендеп барады?

Масылдық неге дендеп барады?
Автор
Қазіргі қоғамда қалыптасып бара жатқан қауіпті індеттің бірі – масылдық. Бұл медицина қызметкерлерінің тілінде паразитизм, яғни арамтамақтық. Иә, адам бойындағы жалқаулық, тоғышарлық, масылдық сияқты мінез кеселдері халық санасына да сіңіп, бүгінде рухани дерттің айқын белгілеріне айналып отыр. Ғылым тілінде мұндай құбылыс «әлеуметтік паразитизм» деп аталады. Ол туралы әр дәрежеде айтыла бастады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында елдегі әлеуметтік саясаттың қазіргі ахуалына тоқталып, оны түбегейлі қайта қарау қажеттігін айтты.

Оның айтуынша, шектен тыс жеңілдіктер мен жүйесіз төлемдер мемлекет қаржысын тиімсіз жұмсауға себеп болып отыр. «Мемлекеттің көз алдындағыдан басқаны көрмей, бәріне көне беретін әлеуметтік саясаты жүзден астам түрлі жеңілдіктің пайда болуына әкеп соқтырды. Осы жеңілдіктерді әперемін деп «көмек қолын» созатын жылпостар да көбейді.

Біз әлі күнге дейін бұрынғы КСРО аумағындағы және одан тыс басқа да аймақтардағы қақтығыстарға қатысқан азаматтарға арнайы төлемдер жасап, медициналық қызмет көрсетіп келеміз. КСРОның ыдырағанына 35 жыл болса да, ардагерлеріміз барған сайын «жасарып», көбейіп барады. Мемлекет өзінің негізгі міндеттерін орындаудан бас тартпайды. Бірақ әлеуметтік жеңілдіктерді қолдан көбейту – елді дамытуға, яғни мектеп, аурухана, көлік инфрақұрылымдарын және басқа да нысандар салуға жұмсалуы қажет қыруар қаражатты желге шашу деген сөз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кезінде «әлеуметтік саланың жанашырлары» толық емес отбасы деген жеңілдікке мұқтаж адамдар санатына кіргендіктен, ажырасқан отбасылар саны күрт өсіп, біз бұл көрсеткіш бойынша әлемде көш бастаған елдердің қатарына қосылғанымызды айтты. «Реформа жүргізген кезде әлеуметтік көмектің кімге және қалай берілетінін түгел қайта қарау қажет. Яғни, бөлінген қаржыны барынша тиімді жұмсап, оны шын мәнінде көмекке мұқтаж адамға беру керек. Қазіргі таңда төрт жарым миллионға жуық адам мемлекеттен әлеуметтік көмек алады. Бұл – шамамен еліміздің әрбір бесінші тұрғыны деген сөз. Басым көпшілігі – еңбекке жарамды азаматтар. Халыққа әлеуметтік көмек береміз деп, біз, шыны керек, қоғамда масылдық психологияға жол бердік.

Өркениетті ел боламыз десек, мұндай жағымсыз үдеріске тосқауыл қоюымыз керек. Мұндай мысалдар аз емес. Осылайша, біз өзіміз жалқаулық пен масылдыққа жол беріп отырмыз. Отбасы мүшелерінің барлығы дерлік нысаналы әлеуметтік көмек пен жәрдемақы алатын болса, жұмыс істеудің не қажеті бар? Басқаша айтсақ, әлеуметтік салада оңтайлы шешім қабылдаудың орнына, Үкімет кемінде 15 жыл бойы әлеуметтік масылдық пен әлеуметтік алаяқтыққа жол беріп келді. Елдегі демографиялық үрдістерді егжей-тегжейлі зерделеп, ұзақ жылға арналған шешімдер қабылдау айрықша маңызды», – деді Мемлекет басшысы.

Айтылғанның барлығы шындық. Оны мына мың құбылған беймаза өмірден көріп жүрміз. Соңғы жылдары қоғамымызда масылдық сана ұғымы жиі айтыла бастады. Әсіресе мемлекет тарапынан төленетін жәрдемақының масылдықты өршітіп отырғаны туралы пікірлер көбейді. Біздің азаматтарымыздың кежегесі кейін тартып, масылдық психологиясынан, әлеуметтік инфантилизм секілді дерттен арыла алмай келе жатқандығының себебі аз емес. Әлеуметтік инфантилизм мен масылдықтың қанымызға сіңіп, бойымызға дендеп еніп алуының бір себебі – бір қоғамнан екінші қоғамдық жүйеге, кешегі кеңестік жүйенің шекпенінен арылып, тәуелсіз ел ретінде өмір сүре бастауымыздың өзі түптеп келгенде адам бойындағы «түсініксіз қасиеттердің» пайда болып, туындауына алып келді.

Уақытша орын алған әлеуметтік-экономикалық қиындықтардың өзі отандастарымыздың санасын өзгертіп жібергенін жоққа шығара алмаймыз. Қоғамдық сананың өзгеруі үнемі баяу жүретіні белгілі. Өтпелі кезеңнің қиын жерлері де осы болуы мүмкін – шынайы еңбек етуге тиіс адам әлденеше себептерді сылтау етіп, жұмыстың жоқтығын айтып, кінәні өзінен емес, өзгеден көруге бейімделіп алушылық та осындай әдеттердің орын алуына негіз болды. Масылдық сана бірнеше ғасырлардан бері қоғамның өсіп-өркендеуін тежеп келе жатқан кесел екені анық. Тіпті мұны адаммен біте қайнасып жаратылған бір жаман мінез бе дейсің кей сәтте.

Дегенмен масылдықтың астарлы мағынасына үңілсек, белгілі бір қоғамдық себептердің бар екеніне көз жеткізуге болады. Біреудің есебінен өмір сүру, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп күн көру, қиындыққа төзе алмау, жеңіл табыс табуға ұмтылу сынды жағымсыз әрекеттер қазіргі қоғамның кесіріне айналды. Қазір, әрине, халық арасында экономикалық-әлеуметтік жағдай тұрақты емес. Жеке басты көпбалалы отбасылар қалада болсын, ауылда болсын аз емес. Мына күнделікті өмірде қымбатшылық қысып, берекесіздік орын алып, инфляция ырыққа көнбей, тым тез өсіп, кешегі алып жүрген ауыз толтырар айлығың бүгін жұғынға жұқпай барады. Мәліметтер бойынша, Қазақстан ауылдарындағы халықтың 7,2 пайызы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табысқа өмір сүруде екен.

Жалпы ауылдағы жұмыссыздық 4,7 пайыз болса, ал 33 пайызы жеке шаруамен айналысады. Қазақстан үкіметі былтыр ауыл инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындарға қолдау білдіру мақсатында 2023-2027 жылдарға концепция бекітті. Азаттық радиосының жазуынша, жоба 2027 жылға дейін ауылдардың әлеуметтік-экономикалық потенциалын ашуға негізделген. Бірақ сол концепция талаптары қалай орындалып жатқаны бір Аллаға аян. Қаршадай ұл-қыздар еңбекке ерте араласып, маңдай термен ақша тауып жүргенде, мемлекетке алақан жайып, «алма піс, аузыма түс» деп отыратындар әлі бар. Президент дәстүрлі Жолдауында осы масылдық тақырыбына ерекше тоқталды. Елімізде жәрдемақы мен жеңілдік үшін тіпті өтірік ажырасатындар көбейген. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев алаяқтарды анықтап, әлеуметтік көмектің шын мұқтажға жетуін қадағалауға пәрмен берді.

Бұл туралы ел тұрғындары не дейді? – Біздің «Меаталлоконструкция және резервуарлар» зауытында кезінде 300- ден астам адам жұмыс істеді. Жұмыс жыл бойы тынымсыз қайнап жататын. Қазір бар болғаны 100-ге жуық жұмысшы бар. Айлық табыстары 300-500 мың теңге көлемінде. Бір мезгіл кәсіпорын есебінен тамақ беріп, арнайы автокөлікпен жұмысшыларды алып келіп, кері үйлеріне жеткізіп саламыз. Жан-жақтан әртүрлі метал конструкцияларға тапсырыс әр өңірден түсіп жатады. Оларды дер кезінде орындауға мүмкіншілік шамалы болуда. Өйткені, жұмысшы қолы жетпейді. Қанша рет жарнама берсек те оған селт етіп, жұмыс іздеп келіп жатқан адамдар саны шамалы. Келмей жатып сұрайтындары «қанша айлық төлейсіңдер?».

Атқарған жұмысының сапасына қарасаң (мысалы, дәнекерлеуші), біліктілігі мен тәжірибесінің, қол шеберлігі жетіспейтіні көзге ұрып тұрады. Соған қарамай, көп мөлшерде айлық тапқысы келеді. «Еңбек ет те, талап ет» деген сөз бар емес пе? Қолынан іс келіп тұрса бір басқа, қолының ебі жоққа қалай көп айлық төлейсің? Қоғамды басып бара жатқан масылдық көп кәсіпорындардың толыққанды жұмыс істеуіне әжептеуір әсер етуде. «Жұмыс жоқ» деп көптеген жастар басқа өңірлерге кетуде.

Базар төңірегінде жүргендері қаншама? Шағынауданда немесе бұрынғы орталық базар орнында «қара қарғалардай» жиылып, жол бойында жұмыс іздеп отырғандары қалай күнделікті нәпақасын табады? Одан да колледж сияқты оқу орындарына, арнайы курстарға барып, мамандық игергендері жөн емес пе? Қашанғы «алма піс, аузыма түс» деп бос сенделіп жүре береді? Жұмысшылар тапшылығы салада әлі сезілуде.

Бұрынғыдай механизаторлар, жүргізушілер, токарьлар, дәнекерлеушілер, ағаш шеберлерін, электр техниктер даярлайтын техникалық училищелер керек-ақ. Жастар жүрек қалауымен бір кәсіпті жақсы, толық, тиісті дәрежеде меңгеріп алғандары жөн. Бүгінде жұмыс істеймін деген адамға жұмыс көп. Тек, қазіргі жастар жалқаулықтан, еріншектіктен, паразиттік принциптен арылуы керек, – дейді зауыт директорының кеңесшісі Талас Ахметов.

– Жаңатас қаласы бүгінде күн санап өсіп, өркендеп келеді. Қалаға жаңа тыныс беріп отырған – «Қазфосфат» және Ресейдің «ЕуроХим» және басқа да кәсіпорындар. Сондықтан жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрғындар саны жыл өткен сайын өсіп келеді. Қазір 20 мыңға жуықтады. Сонымен қатар проблемалар да аз емес. Ол – тұрғындарды пәтерлермен қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта, қалада коммуналдық меншіктегі тұрғын үйлерден пәтер алу кезегінде 1462 азамат есепте тұр. Оның ішінде 344 азамат көпбалалы отбасы санатында, 584 азамат әлеуметтік жағынан әлсіз топтағылар, 3 азамат жетімдер санатында, 531 азамат бюджеттік мекеме қызметкерлері. Пәтер кезегінде тұрғандар арасында жалғызбасты отбасылар аз емес. Расын айтқан жөн, «жекебасты отбасы», «жалғызбасты ана» деген желеумен кезекте тұрғандар бар. Негізінде олардың біразы толық отбасылар. Пәтер мәселесін тез шешу мақсатымен еш арланбай заңды күйеулерінен жалған ажырасып, бірақ бірге тұрып жатқандар бар екенін білеміз. Олардың жалған ажырасудан арланбайтындары алаңдатады. Өңірде отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ұлттық дәстүрлерді жаңғырту, жауапты әке мен ана институтын дамыту бойынша көптеген іс-шара өткізіліп жатыр. Дегенмен статистикалық мәліметтерге сәйкес, осы жылдың бірінші жартыжылдығында елімізде 51370 отбасы құрылып, 21531 (41,9 пайыз) ажырасу тіркелген екен. Былтыр 123626 неке қиылып, оның 40647-сі (32,8 пайыз) бұзылған. Жыл өткен сайын ажырасу көрсеткіші артпаса, кемитін түрі жоқ. Солардың біраз бөлігі мемлекеттен жеңілдік алу үшін өтірік, яғни жалған ажырасу екені белгілі. Олар арды аттап, арам пиғылмен мемлекеттен отбасына қосымша материалдық көмек, жеңілдік күтіп, пайда табу есебімен күйеулерінен жалған түрде ажырасып, масылдық жолына түскен әйелдер. Сонымен қатар кейбір екі қолға бір күрек ұстағысы келмейтін жандар табыс таппағаны үшін өзін емес, өзгені кінәлап, мемлекет көмегінен дәмеленеді. Әрине, әлеуметтік масылдық – қоғам дамуын тежейтін және жеке адамның да, қоғамның да өсуіне кері әсер ететін күрделі құбылыс. Масылдық психологияны жеңу үшін бірнеше маңызды қадамдар жасап жатырмыз. Ең алдымен, адамдарға өздерінің әрекеттері мен таңдаулары үшін жауапкершілік алуды үйретудің маңызы зор. Әрбір адам табысқа жету үшін алдына мақсат қойып, күш-жігерін жұмсауы керек екенін түсінуі қажет. Бұдан бөлек, білім және тәрбие алда реформалар қажет деп ойлаймын. Адамдар жаңа білім алып, түрлі мамандықтарды игеріп, өз қабілеттерін дамытуы үшін мемлекеттік және жеке секторлар тарапынан қолдау көрсетілуде. Осылайша, маман еңбек нарығында сұранысқа ие болуда. Адамдарды жұмыс істеуге, жаңа жетістіктерге ұмтылуға ынталандыратын мәдениет қалыптастырудың да маңызы зор. Яғни, еңбек адамдарын романтизациялаған дұрыс. Ең бастысы, жемқорлық пен «бармақ басты, көз қысты» мінезден арылу қажет. Яғни, әлеуметтік көмек тек шын мәнінде мұқтаж адамдарға бағытталуы тиіс. Масылдықтың алдын алу үшін мемлекеттік көмек алған адамдардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу және оларды еңбекке баулу бағдарламаларын іске асырған жөн. Қоғамда еңбекке деген құрметті арттыру үшін бұқаралық ақпарат құралдары мен білім беру жүйесі арқылы еңбекке деген оң көзқарас қалыптастыру – басты мақсат болып қалуда. Әлеуметтік масылдықтың қоғам үшін зиянын түсіндіру де маңызды. Сондықтан, көпшілікпен кездесулерде біз қазіргі қалыптасқан масылдықтан арылу мәселесі бойынша халық арасында әркез қадап айтып келеміз, – дейді Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов.

Рас, масылдықтың түп атасы – жұмыссыздық. Жұмыссыздықты жою мақсатында әр өңірде арнайы орталықтар бар, оның үстіне әр маусым сайын бос жұмыс орындарына жәрмеңкелер өтіп тұрады. Яғни елімізде еңбек мобильді орталықтары құрылып, халықты жұмыспен қамту орталықтары мен мансап орталықтары жұмыс атқарып жатыр. Орталықтардың басты мақсаты – тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мен тұрақты жұмыспен қамту бағытында жұмыстарды күшейту және көрсетілген қызметтерді толық цифрландыру бойынша жұмыстарды атқару.

Мемлекет тарапынан әлеуметтік масылдықтың алдын алу және халықтың еңбекке деген белсенділігін арттыру мақсатында бірнеше кешенді шаралар қабылдануда. Бұл шаралар жұмыссыздықты азайтып, азаматтарды еңбек нарығына бейімдеуге және әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарды қолдауға бағытталған. Біразы ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, соған бейімделіп алғанын көріп жүрміз. Аз жұмыс істеп, мол ақша тапқысы келеді. Мысалы, қазіргі күндері емдеу орындарында санитарка (кіші медицина қызметкері) өте тапшы. Себебі, айлығы аз деген желеу көп. Жұмыссыз, бос жүргенше, ең болмаса айына 150-170 мың теңге табыс тауып, күнделікті проблемаларын шешіп жатса несі артық?

Тіпті медколледжді бітіргеннен кейін медбике қызметіне баратындар саны жыл сайын азайып барады. Олар да бірте-бірте «әлеуметтік паразитизмге» еніп бара жатқанын сезіп жүрміз. Осылай қоғамда жұмыссыздықтардың санын қолдан көбейтіп отырғанымыз жасырын емес. Жалпы «масыл» термині қоғамға немесе белгілі бір адамдар тобына жүк немесе ауыртпалық ретінде қабылданатын субьектілерді білдіреді.

Мүгедектік, жұмыссыздық, ауру, кәрілік немесе басқа да жағдайлар сияқты әртүрлі себептермен өз қажеттіліктерін қамтамасыз ете алмайтын немесе қоғамға оң үлес қоса алмайтын адам масыл болып саналуы мүмкін. Дегенмен, әр адамның қоғамдағы орны мен әлеуметтік жағдайына қарамастан құрмет көрсетіп, түсіністікпен қарау керек. Масыл адамдар тобына жататын халықты кемсітпей, қоғамға қосу жағдайын мемлекеттік органдар ойлайды. Бұл жұмыссыздық, білім деңгейінің төмендігі, әлеуметтік бағдарламаларды теріс пайдалану немесе басқа факторларға байланысты болуы мүмкін.

Жалпы, қоғамдық өмірге лайықты үлес қоспайтын және өздері жасағаннан да көп ресурстарды тұтынатын адамдар немесе топтар мемлекетке ауыртпалық түсіріп, әсер етеді. Елге жүк болу жеке адамға да, жалпы қоғамға да жақсы жағдай емес. Бұл адамның экономикаға және әлеуметтік салаға тиісті түрде үлес қоспауын білдіреді, бұл мемлекеттік бюджетке жүктеменің артуы, қоғамның өмір сүру сапасының нашарлауы, экономиканың ілгері дамымауы, жалпы жағдайдың төмендеуі сияқты әртүрлі жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін. Адамның өзі үшін бұл өмірден қанағаттанбауды, өзін-өзі бағалаудың төмендігін және өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндіктерінің шектеулілігін білдіруі мүмкін. Сондықтан жеке адамның да, қоғамның да дамуына ықпал ететін қоғамдық өмірге, оқуға, еңбекке және басқа да қызмет түрлеріне белсенді қатысуға ұмтылу маңызды. Осылайша масылдық ұлттық прогреске және экономикалық дамуға ең ауыр қатерлердің бірі болып табылады. Соның салдарынан жеке басының пайдасын көздеп, сыбайлас жемқорлыққа оңай бой алдыратын шенеунік қоғамға қауіп төндіретін бизнестегі ықпалды ойыншыға айналуы мүмкін. Көріп жүрміз, күн сайын қанша белді деген шенеуніктің өзі әртүрлі кері, қоғамға жат қызметтерімен «торға» түсіп, сотталып жатқанын.

Абайдың «Талап, еңбек, терең ой» атты тіркестерінің өзінен-ақ адамның дамуын, талаптанып, ілім-білім іздеуі қажет екенін аңғаруға болады. Бұл өсиет сөздері біздің қазіргі ХХІ ғасырда да өзектілігін еш жоғалтпай тұр. Бүгінгі дәуір мүмкіндіктерді де, қиындықтарды да әкелетін технологияның жылдам өзгеруімен сипатталады. Қазақстан осы жаңа әлемде табысқа жетуі үшін оның азаматтары еңбекқор, жаңашыл және терең ойлы болуы керек. Бұл ішімдікке тәуелділіктен арылу, еңбек мәдениетін жастайынан бойына енгізу бойынша жүйелі жұмыстың арқасында ғана мүмкін болады. Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев та түрлі жиындарда сөйлеген сөздерінде елді еңбекке, жауапкершілікке шақырады.

Президент бірде Үкімет отырысында кейбір қазақстандықтардың мемлекеттен алатын жәрдемақыны алу үшін жалған кіріс есебін жасау, мал-мүлкін жасыру, басқа да әрекеттерге баратынын айтып, өкінішін білдірген болатын. Жасыратыны жоқ, дамып, бәсекеге қабілетті болудың орнына кейбір адамдар осындай кері әрекеттерге барады. Соның салдарынан шын мұқтаж жандар қолдау ала алмай қалып жатады. Сондықтан жаңа технологиялар мен қарқынды даму үстіндегі заманда өмір сүріп жатқандықтан, өзгеріске бейім болуы қажет.

Жаһандану және жаңа технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында адами капитал мен білімге қойылатын талаптар айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Бүгінгі таңда сапалы білім жылдам прогресс пен өркендеудің негізгі факторына айналды. Үнемі баса айтылатын масылдық мәселесі бұл ілгерілеуді, дамуды тежеп, қоғамға айтарлықтай зиянын тигізеді. Осыны түсінген жастар білімге ұмтылып, тек адал еңбекке сүйену керек. Еліміздің еңбек нарығында жұмыс істейтіндер мен жұмыссыздардың арақатынасы әрдайым зерттеліп, талдау жүргізіліп отырады. Адамдардың мемлекетке масылдылық деңгейін азайту мақсатында жауапты органдар жастарды жұмыспен қамту, қайтарымсыз кредит беру, кәсіпкерлікке баулу секілді қолдау шараларын жүргізіп отырады.

Бұл едәуір халықтың осал тұстарын азайтуға, еңбекке дағдыланған халықтың үлесін арттыруға көмектеседі. Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің жұмыспен қамту органдарының мәліметтеріне сәйкес, 2024 жылғы желтоқсанда жұмыссыздар саны 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,9 пайызға азайып, 709,8 мың адамды құрады. Ал Қазақстанда осы кезеңде жұмыссыздар саны 132,3 мыңнан 168,9 мың адамға дейін өсті, бұл республиканың еңбекке жарамды халқының 1,8 пайызын құрайды. Алайда, Қазақстанда жұмыссыздар санының артуына қарамастан, бұл көрсеткіш Еуразиялық экономикалық одақтың басқа елдерімен салыстырғанда төмен деңгейде қалып отыр.

Жұмыссыздықтың ең көп төмендеуі Арменияда тіркеліп, онда жұмыссыздар саны 2,6 мың адамға азайыпты. Жұмыссыздарды масыл адам ретінде қарастыруға бола ма? Негізі жұмыссыздарды ел үшін масыл ретінде қарастыру негізі нақты жағдайларға байланысты. Кейбір жағдайларда жұмыссыздар экономикаға ауыртпалық түсіруі мүмкін, өйткені олар табыс әкелмейді және жәрдемақы немесе әлеуметтік қолдау түрінде мемлекеттік ресурстарды тұтынуы мүмкін.

Жұмыссыздық жалпы қоғамға зиянын тигізетін кедейлік, қылмыс және тағы басқа әлеуметтік мәселелермен де қатар жүруі мүмкін. Сонымен қатар демография мен еңбек нарығындағы қазіргі үрдістер еліміздің зейнетақы жүйесін қайта қарауды қажет етеді. Президент азаматтардың, әсіресе өз-өзін жұмыспен қамтып отырған адамдардың зейнетақы жинақтары жеткіліксіз екенін айтты. Сондықтан Үкіметке Ұлттық банкпен және Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығын нығайту жөнінде кешенді шаралар қабылдау тапсырылды.

Бұл шаралар зейнетақы төлемдерінің ұзақ мерзімді әрі теңгерімді болуын қамтамасыз етуге бағытталмақ. Сондай-ақ Президент азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселесін де көтерді. Оның айтуынша, қоғамда бұл бағыттағы түсінік әлі де төмен. Әрбір азамат өз табысын тиімді басқаруды, жинақтауды және қаржылық жауапкершілікті меңгеруі қажет. Бұл – мемлекеттің ғана емес, әр адамның жеке жауапкершілігі. Шартты әлеуметтік көмек еңбекке жарамды адамдарға жұмысқа орналасуға көмек көрсетумен қатар, өз бетімен табыс табуға ынталандырады.

Жұмыссыз жастарды еңбек нарығына тарту мақсатында «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл бағдарлама арқылы жоғары оқу орнын бітірген түлектер тәжірибе жинап, жұмысқа орналаса алады. Сонымен қатар қоғамдық жұмыстарға қатысу арқылы жұмыссыз азаматтарға уақытша жұмыс орындары ұсынылады. Мемлекет қолға алған бұл кешенді шаралар халықты еңбекке тарту, әлеуметтік масылдықтың алдын алу және қоғамның жалпы әлауқатын арттыруға бағытталған.

«Масылдық пиғылдың орын алуына жол берілмейді. Өкінішке қарай, бұл кесел ұлттық мінез-құлқымызға кері әсерін тигізуде. Бүкіл қоғам болып жұртшылықты еңбекке баулуға тиіспіз», – деп ерекше тоқталды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда өткен мәжіліс отырысында.

Президенттің айтуынша, әлеуметтік көмекті шын мұқтаж адам алуы тиіс. Себебі, әлеуметтік көмектің арты қоғамды масылдық психологияға апарып соғады. Масылдық – қоғам дертіне айналмасын, ағайын!

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ

дәрігер-хирург, денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Тараз қалас

 

 

Ұқсас жаңалықтар