
Жиында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Руслан Шарипов облыста қалыптасқан кадрлық ахуалға тоқталып өтті. Департамент басшысының сөзінше, бүгінде елімізде үш мыңға жуық, аймақта 121 тұрақты бос лауазым бар.
– Президент Әкімшілігінің тапсырмасы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және оның аумақтық департаменттерімен мемлекеттік органдардағы кадр тұрақтылығы мәселесіне жүйелі түрде талдау жүргізіледі. Талдау нәтижелеріне сәйкес, республика аумағында шамамен 3 мыңға жуық бос лауазымдар қалыптасуда. Биылғы жылдың 2 мамырдағы жағдай бойынша облыстың жергілікті атқарушы органдарындағы тұрақты бос лауазымдардың саны 121 бірлікті құрайды, олардың ішінде 48 лауазым ұзақ уақыт бойы, яғни 3 айдан аса бос тұр. Уақытша бос лауазымдар саны – 24 бірлік. Атап айтқанда, облыс әкімінің аппараты мен басқармаларда 17 бос лауазым қалыптасқан, оның ішінде 3 айдан бері бос тұрған лауазымдар саны 4 бірлікті құрайды. Аудандық және ауылдық деңгейдегі жергілікті атқарушы органдарда 104 бос лауазым болса, олардың 44-і ұзақ уақыт бойы бос тұрған лауазымдар, – дейді Руслан Шарипов.
Өткен жылмен салыстырғанда ұзақ мерзім бойы бос тұрған лауазымдардың саны 2,8 есе өскендігін атап өткен департамент басшысы аудандық және ауылдық деңгейдегі бос лауазымдарға сәйкес келетін жоғары оқу орындарының түлектерін конкурссыз орналастыру жұмыстарын жандандыруды ұсынды. Сондай-ақ ол Өңірлік кадр резервіндегі жастарды жұмыспен қамту мәселесі туралы айтып өтті. Еске сала кетейік, өткен жылы Өңірлік кадр резервіне 26 жас іріктеліп алынып, бүгінгі күнге дейін олардың 7-і түрлі қызметтерге орналасқан. Қазіргі таңда облыста резервшілердің біліктілік талаптарына сәйкес келетін 42 бос лауазым болса, олардың 16-сы басшы лауазымдар санатында.
Жиында облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев бос лауазымдарға кадр тарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның сөзінше, есепті кезеңде 92 бос лауазымға 60 ішкі және жалпы конкурс тәуелсіз бақылаушылардың қатысуымен өткен. Өз кезегінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жауаптыларға кадр саясатын күшейтіп, тиісті лауазым орындарын жедел толықтыруды тапсырды.
-Кадр тұрақтылығы – мемлекеттік басқарудың тиімділігіне, шешімдердің сабақтастығына, қызмет көрсету сапасына тікелей әсер етеді. Осыған байланысты кадр тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін заң талаптарына сәйкес дер кезінде тиісті шаралар қабылдау қажет. Былтыр желтоқсан айында өткен аппараттық кеңесте Өңірлік кадр резервін жандандыру мәселесі тапсырылған еді. Қазір бұл бағытта әлі де тетіктерді тиімді пайдалану жағы кемшін түсіп отыр. Сондықтан кадр ауысымын азайту үшін ұжымда мотивациялық тетіктерді күшейтіп, моральдық-психологиялық климатты жақсарту қажет. Қызметкерлермен кері байланыс орнатып, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыру бойынша жоспарланған шаралар уақытында орындалсын, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Сонымен қатар аймақ басшысы Өңірлік кадр резерві мүшелерін лауазымдарға тағайындау, аудандық және ауылдық деңгейдегі бос лауазымдарға жоғары оқу орындарының түлектерін конкурссыз орналастыру және өзге де мәселелер бойынша жұмысты жандандыруды талап етті. Бұдан бөлек аппараттық кеңесте облыс әкімінің Меркі ауданы тұрғындарымен кездесуде және жеке қабылдауда берген тапсырмаларының орындалу барысы сараланды.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Төтенше жағдай кезінде тиімді әрекет етуге дайын
- Бүгін, 05:42
Барлық бассейннің суы таза екеніне сенімдісіз бе?
- Бүгін, 05:28
Ақпарат
Енді Алакөлге қатынау жеңілдейді – Көлік министрлігі
- 20 мамыр, 2025
TOP-10: Еліміздегі ең танымал спорт түрлері қандай?
- 6 мамыр, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді