«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қош бол, әлем ардақтаған Мұхтар аға!

Қош бол, әлем ардақтаған Мұхтар аға!
Автор
Қазақ әдебиеті мен мәдениеті, руханияты ауыр қазаға ұшырады. 84 жасқа қараған шағында белгілі ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов қайтыс болды. Бұл қайғылы хабар еліміздің аумағына кең тарап, барша қазақтың қабырғасын қайыстырды. Себебі, Мұхтар Шаханов жігерлі жастық шағынан бастап, өмірінің соңғы минуттарына дейін халқымен бірге тыныстаған, елдік мәселелер үшін шындық айтудан тайсалмаған, жалынды өлеңін әр қазақ жаттаған дара тұлға болатын. Қазақ халқы үшін маңызы зор Желтоқсан көтерілісін, Арал теңізі мәселелерін зерттеуі оның биік қайраткерлігін көрсетті.

Мұхтар Шаханов 1942 жылы 2 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Шілік ауылында дүниеге келген. Жеті жылдық мектепті бітірген соң, трактордың тіркеушісі, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде корректор, әдеби қызметкер, «Лениншіл жас» газетінде оңтүстік облыстар бойынша меншікті тілші, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, республикалық «Жалын» журналының бас редакторы және өзге де қызметтерді абыройлы атқарды. КСРО Ха лық депут аты, КСР О Жоғарғы Кеңесінің мүшесі, ҚР Халық депутаты болды.

1993-2003 жылдары Қазақстан Республикасының Қырғыз республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарды. 2003- 2004 жылдары «Жалын» журналының бас редакторы, әлем ойшылдарының басын біріктіретін «ХХІ ғасыр және Руханият» атты халықаралық элита клубының Президенті. 2004 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты атанды. Көптеген өлең кітаптардың және халық арасына кең тараған бірқатар әндердің авторы. Балладалары мен поэмалары дүние жүзі халықтарының 20- дан астам тілдеріне аударылған. «Махаббат заңы», «Сенім патшалығы», «Сократты еске алу түні» атты драмалары республикамызда және шетел театрларында қойылған. Ш.Айтматовпен бірлесіп жазған «Құз басындағы аңшының зары» атты эссе кітабы мен «Сократты еске алу түні» драмасы көптеген тілдерге аударылған.

Қырғыз Республикасының Халық ақыны (1994), Қазақстан Республикасының Халық жазушысы (1996), БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасы сыйлығының, Қазақст ан және Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлықтарының, Түрік Республикасының «Түрік дүниесіне қызметі үшін» халықаралық сыйлығының және Қырғыз Республикасы халықаралық «Руханият», түрік дүниесі жазушылар бірлестігінің «Шахрияр», ЮНЕСКО-ның «Боорукер» клубы сыйлықтарының иегері.

2002 жылы «Жазагер жады космоформуласы» шығармасы үшін Калифорния Ғылым, индустрия, білім және өнер академиясының А.Эйнштейн атындағы алтын медалі, Түркияның Гебзе қаласында «Түркі тілде с ха лықт ар арасындағы ең үздік әлем ақыны» сыйлығы берілген. Аяулы ақынның Әулиеата топырағымен де байланысы аз емес еді.

Әр жыл сайын әдебиетсүйер қауыммен, студент жастармен жүздесіп, арқаланып өлең оқитын еді. Өткен жылы облысымызға келгенінде жамбылдық жұртшылық ыстық ықыласпен қарсы алған болатын. Бұл сапарына ақынның қаламынан туған «Танакөз» поэмасының Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында көрсетілуі себеп болып еді.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев те аяулы ақынды қабылдап, құрмет көрсеткен еді. Үлкен жүректің соғуын тоқтатқаны баршаға оңай соқпағаны анық. Ауыр қазаға орай аяулы ақынның отбасына, жақын туыстарына, барша қазақ халқына қайғырып көңіл айтамыз. Жаратушы өз рахымына бөлеп, аяулы ақынның пейіште нұры шалқысын. Аяулы ақынның мұралары халық қазынасына айналып, есімі қазақ халқының жүрегінде ұзақ сақталатыны анық.

 

Ұқсас жаңалықтар