Ұстаз – қоғамның жүрегі дейтін болсақ, Ахмет Байтұрсынұлының «Мұғалім қандай болса, мектеп те сондай болмақ» деген сөзі бүгін де өзекті. Сондықтан педагогтерге қатысты кез келген өзгеріс аса жауапкершілікпен қабылдануы тиіс. Осыған байланысты оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ресми мәлімдеме жасап, жаңа өзгерістердің мән-жайын нақтылап өтті.
Министрдің айтуынша, ең басты қағида – педагогтердің құқықтарын толық сақтау және олардың еңбегін әділ бағалау. Ең алдымен, аттестациядан өтіп үлгерген ұстаздар үшін ешқандай өзгеріс болмайды. Яғни барлық кезеңнен сүрінбей өткен, ПББ тестін тапсырып, портфолиосын жүктеген мұғалімдер аттестация рәсімін толық аяқтайды. Бұл – жүйенің тұрақтылығын сақтауға бағытталған маңызды қадам.
Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде 50 мыңнан астам педагог шекті балды жинап үлгерген. Бұл ұстаздар қыркүйек айынан бастап өздеріне тиесілі үстемақыларын толық көлемде алатын болады. Яғни олардың еңбегі ескерусіз қалмайды. Бұл – мемлекет тарапынан ұстаздарға деген сенімнің айқын көрінісі. Ал тестілеуден өткенімен, портфолиосын уақытында тапсыра алмаған мұғалімдерге де мүмкіндік беріледі. Министрлік олардың жағдайын ескеріп, қосымша уақыт қарастыратынын мәлімдеді. Бұл – әділдік пен қолдаудың нақты белгісі. Ал тесттен өте алмаған педагогтерге қатысты да шешім қарастырылған. Бұған дейін қайта тапсыру үшін тіркелген мұғалімдердің төлемдері толық қайтарылады.
Ең бастысы – олардың кәсіби санаты сақталады. Яғни жаңа жүйе енгізілгенге дейін, 2027 жылдың қаңтарына дейін өз деңгейлерін жоғалтпайды. Бұл жерде басты мақсат – мұғалімді жазалау емес, керісінше қолдау екенін аңғаруға болады. Жаңа аттестация жүйесі 2026 жылдың қаңтар айында қабылданып, 2027 жылдан бастап іске қосылады деп жоспарлануда. Бұл уақыт аралығы педагогтерге жаңа талаптарға бейімделуге мүмкіндік береді. Неліктен ПББ жүйесі тоқтатылды деген сұрақ та көпшілікті алаңдатуда. Министрлік бұл шешімді бірнеше себеппен түсіндіреді. Біріншіден, мұғалімдерге түсетін психологиялық жүктемені азайту қажет болды. Екіншіден, жүйені жетілдіру, оның тиімділігін арттыру көзделуде. Үшіншіден, артық қағазбастылықты жою және заманауи бағалау тәсілдерін енгізу мақсаты тұр. Шынында да, соңғы жылдары көптеген педагогтер те стілеу процесінің күрделілігі мен қысымын жиі айтып келді. Кейбіреулер үшін бұл жүйе кәсіби дамудан гөрі күйзеліс көзіне айналғаны жасырын емес.
Ыбырай Алтынсариннің «Мектептің жаны – мұғалім» деген сөзі бар. Егер сол мұғалім күйзеліске түссе, онда білім сапасы туралы сөз қозғаудың өзі қиын. Сондықтан мұғалімге жағдай жасау – бұл тек әлеуметтік мәселе емес, бұл – стратегиялық міндет. Дегенмен қоғамда бұл өзгеріске қатысты түрлі пікірлер айтылып жатыр. Бір топ ұстаздар бұл шешімді қолдап, оны дұрыс қадам деп бағаласа, енді бір бөлігі жүйенің жиі өзгеруіне алаңдайды. Олар үшін тұрақтылық – басты мәселе. Бұл пікірлердің барлығы орынды. Себебі білім беру саласы – тәжірибе алаңы еме с, тұрақтылық пен жүйелілікті қажет ететін маңызды сала. Абай Құнанбайұлының «Ақырын жүріп, анық бас» деген нақылы дәл осы жағдайға сай келетіндей. Яғни кез келген реформа асығыс емес, ойланып, сараланып жасалуы тиіс.
Қорыта айтқанда, ПББ жүйесінің уақытша тоқтатылуы – кері шегініс емес, жаңару алдындағы үзіліс. Бұл – жүйені қайта қарап, оны ұстазға ыңғайлы, әділ әрі тиімді етуге бағытталған қадам. Педагогті бағалау – тек тестпен өлшенетін дүние емес. Ұстаздың шынайы деңгейі – оның шәкірт тәрбиесіндегі еңбегімен, жүрекпен берген білімімен өлшенеді. Сондықтан кез келген реформа ең алдымен мұғалімге сенім артуға негізделуі тиіс. Сенім бар жерде – сапа бар. Ал сапалы білім – ел болашағының кепілі.
Мақпал СҮЙІНБАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Жасөспірімдерді қылмысқа біреу итермелей ме?
- Бүгін, 15:40
Педагогтер шетелде тағылымдамадан өте алады
- 20 сәуір, 2026
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




