«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Педагогтер шетелде тағылымдамадан өте алады

Педагогтер шетелде тағылымдамадан өте алады
Автор
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыс әкімдігінің білім басқармасына қарасты Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығының директоры Айбар Сапарғали салада атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мен алдағы жоспарларды кеңінен баяндады.

Брифинг барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбек қоғамын қалыптастыру, жастарды кәсіптік бағытқа бейімдеу және білікті жұмысшы кадрларды даярлау мәселелеріне ерекше мән беріп отырғаны атап өтілді. Президент бастамасымен 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялануы – бұл бағыттағы жүйелі реформалардың бастауы болды. Осыған орай, өңірде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының әлеуетін арттыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілген. Атап айтқанда, білім беру ұйымдарына әдістемелік және ақпараттық қолдау көрсету, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру, инновациялық тәжірибелерді енгізу және еңбек нарығына сай мамандар даярлау сапасын жақсарту бойынша нақты іс-шаралар жүзеге асырылды.

Спикердің мәліметіне сүйенсек, Жұмысшы мамандықтары жылы аясында облыс әкімінің арнайы өкімімен бекітілген жоспарға сәйкес 6 бағыт бойынша 123 іс-шара өткізілген. Нәтижесінде әлеуметтік серіктестердің қолдауымен колледждер базасында заманауи инфрақұрылымдар ашылып, білім беру сапасы жаңа деңгейге көтерілді. Атап айтқанда, 2 құзыреттілік орталығы, 6 оқу-жаттығу кабинеті, 3 шеберхана және 1 зертхана пайдалануға берілген. Бұл ретте ірі компаниялар мен білім беру ұйымдарының әріптестігі ерекше маңызға ие. Мәселен, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде KNAUF компаниясы құрылыс саласына арналған орталық ашса, М.Тынышбаев атындағы ALT университеті автокөлік мамандығына арналған оқу кабинетін жабдықтап, заманауи электромобиль сыйға тартқан. Құлан агротехникалық жоғары колледжі базасында бірнеше өндірістік серіктестердің қатысуымен инновациялық орталықтар іске қосылған. Жергілікті бюджет есебінен де бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды.

Атап айтқанда, өңір колледждерінде IT Hub, дәнекерлеу полигондары, автотехнопарк, AgroHub және AutoSkills орталықтары ашылып, материалдық-техникалық база нығайтылды. Жалпы, 2025 жылы бұл бағытқа 380 миллион теңгеден астам қаражат тартылған.

– Жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық та жаңа деңгейге көтерілді. Бірқатар университеттермен меморандумдар жасалып, кіріктірілген білім беру бағдарламалары енгізілді. Бұл колледж түлектерінің жоғары оқу орындарында оқу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді. Халықаралық серіктестік шеңберінде де маңызды жұмыстар қолға алынып, Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей, Қырғызстан, Сингапур және Өзбекстан елдерімен тәжірибе алмасу жолға қойылып, педагогтердің шетелде тағылымдамадан өтуіне жағдай жасалып отыр. Сонымен қатар «Қос диплом» жобасы іске асырылуда, – дейді Айбар Мэлсұлы.

Оның айтуынша, бүгінде облыста 42 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымында 28 мыңнан астам студент білім алуда. Оның ішінде 21 мыңнан астамы мемлекеттік тапсырыс негізінде оқиды. Дуальды оқыту жүйесі кеңінен енгізіліп, 11 мыңнан астам студент өндірістік тәжірибеден өтуде. Педагогтердің біліктілігін арттыру да басты назарда. Былтыр 300-ге жуық педагог арнайы курстардан өтсе, биыл бұл көрсеткішті одан әрі арттыру жоспарланған. Қазіргі таңда инженерпедагогтердің 44 пайызы жаңа форматтағы санаттарға ие. Сонымен қатар жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру мақсатында түрлі кәсіби шеберлік байқаулары ұйымдастырылған. Олардың қатарында BabySkills, JasSkills, JuniorSkills, MEDSKILLS және DeafSkills чемпионаттары бар. Ал халықаралық деңгейде өткен Mamandyk Fest байқауы өңірдің беделін арттыра түсті. Жамбылдық студенттер мен педагогтер республикалық және халықаралық байқауларда жоғары нәтижелер көрсетіп, облыс абыройын асқақтатуда.

Атап айтқанда, «Үздік педагог-2025» атағы мен «Үздік ТОП-100 студент» байқауындағы жеңістер – соның айқын дәлелі. Брифинг барысында 2026 жылдың «Жасанды интеллект жылы» болып жариялануына байланысты жаңа бастамалар да таныстырылды. Бұл бағытта өңір колледждерінде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу, IT-құзыреттіліктерді дамыту және заманауи зертханалар ашу жоспарланған.

Атап айтқанда, Жамбыл политехникалық жоғары колледжі базасында Tomorrow School және AI Innovation Academy зертханаларын ашу көзделуде. Жалпы, атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы – өңірдегі кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға, білікті мамандар даярлауға және жастардың еңбек нарығында сұранысқа ие болуына бағытталған маңызды қадамдар.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Ұқсас жаңалықтар