Министрлік ұсынған бастамаға сәйкес, мектеп бітіру кештерінде қаражат жинауға толық тыйым салынбақ. Сонымен қатар іс-шараларды мектеп қабырғасынан тыс жерде – мейрамханаларда, ойын-сауық орталықтарында өткізуге де шектеу қойылады.
Бұл талаптардың орындалуын ішкі істер органдары қатаң бақылауға алуы мүмкін. Мұндай қадамға не себеп болды? Соңғы жылдары мектеп бітіру кештері қарапайым салтанатты жиыннан гөрі бәсекеге айналып, жылдан жылға өткізу форматы ұлғайып бара жатқандай. Қымбат мейрамхана, бренд киімдер, жұлдызды қонақтар – мұның бәрі ата-аналардың қалтасына айтарлықтай салмақ түсіретіні жасырын емес. Әсіресе әлеуметтік желіде тараған бір жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Алматыдағы мектептердің бірінде әр оқушыдан 200 мың теңге жинау туралы ақпарат көпшіліктің наразылығын туғызды. Нәтижесінде, тиісті білім беру мекемелеріне шара қолданылған. Осыған байланысты министр Жұлдыз Сүлейменова мектептерде қаражат жинауға мораторий жариялауды ұсынып, бітіру кештерін қарапайым әрі мазмұнды форматта өткізуді қолға алуды көздеп отыр. Егер атааналардан алдын ала қаражат жиналған болса, оны қайтару мәселесі де көтерілді.
Алайда бұл бастама қоғамда екіұшты пікір қалыптастырды. Бір тарап ысырапшылдықты шектеуді қолдаса, енді бірі мектеп бітіру кешінің ерекше өткенін қалайды. Мәселен, биыл мектеп бітіруші жас түлек Айсұлтанның пікірін тыңдап көрейік.
«Біз бұл күнді көптен күттік. Әрине, ата-анамызға салмақ түсіргіміз келмейді. Бірақ мектеп бітіру кеші – өмірде бір-ақ рет болатын сәт. Сол үшін әдемі, есте қаларлықтай болғанын қалаймыз. Егер бәрі тым қарапайым өтсе, көңілде бір өкініш қалуы мүмкін», – дейді ол.
Ал көпбалалы ана Гүлмира ханым бұл бастаманы қолдайтынын жасырмайды.
«Қазіргі мектеппен қоштасу кештері шын мәнісінде шектен шығып кетті. Бір балаға жүздеген мың теңге жұмсау әр отбасының қолынан келе бермейді. Баланың қуанышы қаражаттың көлемімен өлшенбеуі керек. Қарапайым, бірақ мазмұнды кеш болса, әлдеқайда дұрыс деп ойлаймын», – дейді ол.
Педагог қауым өкілдерінің де бұл мәселеге қатысты өз көзқарасы бар. Ұзақ жылдар ұстаздық етіп келе жатқан Бану Медербаева:
«Мектеп бітіру кешінің негізгі мәні – оқушыға аттестат табыстау, ұстаз бен шәкірт арасындағы соңғы кездесу. Соңғы жылдары оның тәрбиелік мәнінен гөрі сыртқы сән-салтанаты басым болып кетті. Сондықтан жаңа талаптар тәрбие тұрғысынан дұрыс шешім деп есептеймін», – дейді.
Расында, мәселенің түптөркіні тек қаржыда емес. Бұл – қоғамдағы құндылықтардың өзгеруімен байланысты құбылыс. Бірі үшін бұл – баласының қуанышы, екіншісі үшін – әлеуметтік қысым. Себебі «жұрттан қалмау» психологиясы көптеген атаананы қарызға батуға дейін апарып жатады. Биыл еліміз бойынша 230 мыңнан астам түлек мектеп бітіреді. Олардың әрқайсысы үшін бұл – жаңа өмірге бастар маңызды кезең. Ендігі сұрақ: Бұл сәт қалай есте қалады? Сәнсалтанатымен бе, әлде шынайы эмоциясымен бе? Жаңа бұйрық қабылданса, мектеп бітіру кештері бұрынғыдай дабыралы форматтан гөрі мазмұнға негізделген, тәрбиелік мәні жоғары шараға айна луы мүмкін.
Бұл бір жағынан қоғамдағы ысырапшылдықпен күрес болса, екінші жағынан құндылықтарды қайта қарауға берілген мүмкіндік. Қалай болғанда да, мектеп бітіру кешінің форматы емес, оның мазмұны мен мәні маңыздырақ екені анық. Ал жаңа талаптар осы бағытқа бастайтын қадам болуы бек мүмкін.
Мақпал СҮЙІНБАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




