«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Түрік бизнесінің қазақстандық нарыққа деген сенімі жоғары

Түрік бизнесінің қазақстандық нарыққа деген сенімі жоғары
Автор
Астанада Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Түркия Республикасының Вицепрезиденті Джевдет Йылмаздың қатысуымен екі елдің іскер топтарының өзара іс-қимылы мәселелері бойынша дөңгелек үстел өтті. Жиынға қаржы секторы, өнеркәсіп, құрылыс, көлік және логистика, энергетика және өзге де салалардағы жетекші отандық және түрік компанияларының өкілдері қатысты. Бұл туралы Премьер-министрдің ресми сайтында хабарланды.

Қазақстан Премьер-министрі дөңгелек үстелге қатысушыларға арнаған алғысөзінде экономиканың негізгі бағыттары бойынша іскер топтардың өзара іс-қимылының серпінді дамуын атап өтті.

«Президент ҚасымЖомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Үкіметі жаңа инвестициялық циклді іске қосу және сапалы инвестициялар көлемін арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Біз түрік бизнесімен серіктестікті одан әрі дамытуға мүдделіміз. Бұл үшін Қазақстанның қажетті ресурстар мен мүмкіндіктері бар. Осы ретте Қазақстан Үкіметі өз тарапынан жаңа жобаларға жанжақты қолдау көрсетуге дайын», – деді Олжас Бектенов.

Түркия Вице-президенті түрік бизнесінің қазақстандық нарыққа қызығушылығын атап өтіп, экономиканы дамыту және инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау бойынша Қазақстанда жүргізіліп жатқан жұмыстарға жоғары баға берді. «Қазақстан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен айтарлықтай жетістіктерге жетті. Жүргізілген конституциялық реформалар елдің саяси тұрақтылығы мен институционалдық жүйесін нығайтты. Біз Қазақстандағы реформалар мен қайта құруларды жоғары бағалаймыз және бауырлас елді қол жеткізген нәтижелерімен құттықтаймыз.

Қазақстан экономикасы айтарлықтай өсімге қол жеткізді – былтыр жалпы ішкі өнім 300 миллиард АҚШ долларынан асты. Өсім 6,5 пайызды құрады, бұл әлемдік деңгейден екі есе дерлік жоғары», – деп атап өтті Джевдет Йылмаз. Түркия Қазақстанның бес ірі сауда серіктестерінің қатарына кіреді. Қазіргі таңда елімізде түрік капиталының қатысуымен 5 мыңнан астам кәсіпорын тіркелген, бұл көрсеткіш түрік бизнесінің қазақстандық нарыққа деген жоғары сенімін көрсетеді.

Бүгінде елімізде жалпы құны шамамен 9,5 миллиард долларды құрайтын 170-тен астам бірлескен жобалар пулы бар. Бүгінде жүзеге асырылған жобалардың қатарында Алматы облысында, Астана мен Шымкент қалаларында орналасқан Anadolu Holding өндірісі, Түркістан және Маңғыстау облыстарындағы Sembol Construction туристік кешендері, Астанадағы YDA Holding индустриялық паркі бар.

Ал жүзеге асып жатқандары – Қызылорда облысындағы Aksa Enerji жылу электр орталығы, Ақтөбе облысындағы S Sistem Lojistik логистикалық жобасы, Астанадағы Tiryaki Agro глютен және крахмал шығару кәсіпорны, Шымкенттегі Alarko Holding жылыжай кешені, TAV Holding компаниясының Алматы әуежайының халықаралық терминалын жаңғырту жобалары, сондай-ақ түрік фармацевтикалық компаниялары Abdi Ibrahim-нің Алматы облысында және Nobelдің Алматы қаласында жобалары бар.

Диалог барысында инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту шараларына және жаңа бірлескен бастамаларды жүзеге асыру үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасауға баса назар аударылды. Қазақстанда 2030 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасы жүзеге асырылуда, оның шеңберінде инвесторларға қажетті ресурстарға қолжетімділік қарастырылған, консультациялық және инфрақұрылымдық қолдау көрсетіледі, сондай-ақ өнім экспортына жәрдем көрсетіледі. «Бәйтерек» холдингі Ұлттық инвестициялық холдингке айналды. Бас прокуратура жанынан инвесторлардың құқықтарын қорғау үшін арнайы комитет құрылған, Үкімет жанында инвестициялық штаб жұмыс істеп тұр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Инвестштаб жұмысы аясында 212 жобаның 115 миллиард доллар сомасындағы проблемалық мәселелері шешілген. Жиында сондай-ақ әкімшілік кедергілерге жол бермеу шаралары атап өтілді. Мысалы, құны 60 миллион доллардан асатын жобалар үшін басым салаларда 25 жылға дейінгі мерзімге заңнаманың тұрақтылығына кепілдік беретін инвестициялық келісімдер тетігі жұмыс істейді.

Қазіргі уақытта осындай 53 келісім жасалған. Жұмыс сапары аясында Түркия Вицепрезиденті Джевдет Йылмаз Қазақстанның Ұлттық мұражайына барды. Сондай-ақ Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығының аумағында қазақстандық әзірлеушілердің цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы жобаларымен танысты.

 

Aq jol-Aqparat.

 

Ұқсас жаңалықтар