«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ваучерлік әдіс оң нәтижесін беріп келеді

Ваучерлік әдіс оң нәтижесін беріп келеді
Ашық дереккөз
Отандық білім жүйесіне жыл сайын жаңа цифрлық өзгерістер еніп келеді. Өз кезегінде мұндай жаңашылдықтар еліміздің технологиялық әлеуетін арттыратыны анық. Осы бағытта былтыр алғашқылардың бірі болып облысымыздағы балабақшаларға цифрлық қаржыландыру жүйесі – ваучерлік әдіс пилоттық жоба ретінде енгізілген болатын. Бүгінде аталған пилоттық жоба өзінің алғашқы оң нәтижесін беріп, ел бойынша салада 27 миллиард теңге үнемделген.

Халықаралық тәжірибені алғаш рет Ұлыбританияда «білім алуға жәрдемдесу схемасы» деп аталатын шектеулі квази-ваучерлік схема ретінде қолға алған. Сондағы жобаның мақсаты әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан қабілетті, дарынды оқушылардың сапалы әрі қолжетімді білім алуына жағдай жасау болды. Дәлірек айтсақ, олардың білім және ғылым департаментінде тіркелген тәуелсіз мектептерде оқуы үшін төленетін ақысын мемлекет көтереді. Бұл тәжірибе кейіннен кәсіптік білім беруде кеңінен қолданылған.

Бүгінде бұл әдіспен Чили, Колумбия елдерінде, АҚШ-тың бірқатар штатында ваучерлік бағдарлама қолданылады. Белгілі болғандай, бұл тәсілді енгізу – табысы төмен отбасылардан шыққан оқушылардың жекеменшік мектептерде білім алуына мүмкіндік берумен қатар, мемлекеттік мектептерде бала санының көптігінен сыныптардың толып қалуы, яғни орын жетіспеушілігі мәселесін де шешкен. Ваучерлік тәсіл қалай жүзеге асады?

Мұнда мемлекет баланың балабақшаға, мектепке, не болмаса жоғары оқу орнында оқу ақысын не тамақтану және басқа да шығындарын төлеу үшін ваучер береді. Ол қолға ұсталатын ақша емес, дегенмен белгілі бір ақша сомасымен бағаланады. Сондай-ақ оқу не өзге шығынды толық өтемеуі мүмкін. Мемлекет ваучер бере отырып, оқу орнына қаржыны аудару жолымен оқу ақысының толық немесе бір бөлігін төлеу міндетін алады. Бұл жұмыстар мемлекеттік орган, жекеменшіктегі білім беруші ұйым және ата-ана арасындағы өзара келісімшарттар арқылы реттеліп отырады.

Сонымен қатар ваучерлік қаржыландырудың өңірлерде кеңеюі мектепке дейінгі білім берудің қолжетімділігі мен сапасын арттырып, ата-аналар мен білім беру ұйымдары үшін ашық әрі ыңғайлы жүйе қалыптастырады. Жаңа жүйе ата-аналарға балабақшаны таңдау еркіндігін береді әрі мекемелер арасында ауысуды ваучерді сақтап қалу арқылы жүзеге асыруға мүмкіндік туғызады. Бұл білім беру мекемелерін өз қызметтерінің сапасын арттыруға ынталандырады.

Қазіргі таңда цифрлық платформа 12 қала мен 3 ауданда жүзеге асырылуда. Жамбыл облысы – ваучерлік қаржыландыруды аудандық деңгейде енгізген алғашқы өңір. Бағдарлама Байзақ ауданында пилоттық режимде іске қосылып, мұнда алғашқы кезеңде 650-ден астам ваучер берілді. Жобаның маңызды жетістіктерінің бірі – балабақша орындарына «кезекке тұру» мәселесінің жойылуы, себебі ваучер алу кезегі тек алға жылжиды, бұл барлық отбасына тең жағдай туғызады. Бүгінде Тараз бен Түркістанда 2 жастан асқан балаларға арналған кезек толығымен жойылса, ал Шымкент пен Оралда кезекті азайту бойынша оң динамика байқалған.

Облысымыздың сәтті тәжірибесі маңызды шешім қабылдауға мүмкіндік беріп, ваучерлерді 1,5 жастан бастап беру қарастырылды. Бұл қадам мектепке дейінгі ерте білім алу мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтіп, ата-аналарға балаларын білім беру ұйымдарында ертерек оқытуға мүмкіндік бермек. Елімі зде ваучерлік қаржыландыруды «Қаржы орталығы» АҚ басқарады. Бұл ретте Indigo жүйесі арқылы банктер, ұлттық білім беру платформасы және басқа да ведомстволар арасында деректер алмасу дербес қамтамасыз етіледі. Облысқа арнайы түсіндірме жұмыстарымен келген астаналық мамандар жаңа жобаның қажеттілігі қайдан туындағанын түсіндірген болатын.

– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысының Жолдауында Білім және ғылым министрлігіне 2025 жылға дейін алты жасқа толмаған балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту міндеті жүктелген болатын. Бұған байланысты министрлік тарапынан мектепке дейінгі білім берудің бүгінгі жағдайына шұғыл талдау жасалды. Айталық, елімізде 10179 мектепке дейінгі білім беру ұйымы бар, оның 4450-і – жекеменшік балабақша. Осы орайда 906 800 бала мектепке дейінгі білім берумен қамтылған болса, олардың 40,6 пайызы жекеменшік балабақшаға барады. Яғни, мектепке дейінгі білім беру қызметінің тең жартысынан астамын жеке балабақшалар қамтамасыз етіп отыр деген сөз. 2021 жылы осыны назарға алған Білім және ғылым министрлігі Президент тапсырмасына сәйкес алты жасқа дейінгі балаларды түгел балабақшамен қамтуда біріншіден – жекеменшік балабақшалардың үлесін арттыру, екіншіден – ваучерлік механизм арқылы жүзеге асыруды ұсынды. Бұған сәйкес, ваучерлік механизм арқылы ата-ана өзіне қолайлы балабақшаны таңдайды. Сондай-ақ бүгінде білім басқармалары мен бөлімдері мемлекеттік тапсырыс алатын балабақшаны конкурс арқылы анықтап отырса, ата-анаға таңдау еркі беріледі, – дейді «Қаржы орталығы» АҚ басқарма төрағасы Асқар Ибраимов.

Бизнес-процестерді автоматтандыру және қағазбастылықтан бас тарту бағдарламаны басқаруды айтарлықтай жеңілдетіп, жүйенің ашықтығын толық қамтамасыз етті. Әр баланың «цифрлық портретін» жүргізу арқылы ваучерлердің қозғалысын бақылау және мемлекеттік қаржының мақсатсыз жұмсалуының алдын алу мүмкіндігі пайда болды. Соның нәтижесінде бүгінде ел бойынша пилоттық негізде іске асып жатқан өңірлерден 27 миллиард теңге қаржы үнемделген. Бұл туралы жуырда Президент көмекшісі Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте айтылды.

– Қазіргі таңда жобаға 2,3 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым қатысуда және 276,5 мың балаға ваучерлер берілді. Өткен жылы жоба Тараз, Шымкент, Түркістан және Орал қалаларында сынақтан өтті, ал ағымдағы жылдың басынан бастап Астана қаласының балабақшалары, наурыз айынан бастап Қарағанды, Семей, Өскемен, Жезқазған қалалары және Жамбыл облысының Байзақ, Түркістан облысының Сарыағаш аудандарының балабақшалары жобаға қосылды. Жобаны осы жылдың 1 тамызында толық енгізу жоспарланған. Жаңа жүйенің тиімділігін пилоттық жобаның алдын ала қорытындылары растады. Пилоттық жоба жүзеге асырылған қалаларда кезек айтарлықтай қысқарды, ал кейбір қалаларда (Тараз, Түркістан, Орал) балабақшаға кезекте тұрған барлық балалар орналастырылды. «Өлі жандарды», қайталанған және бірнеше балабақшада тіркелген балаларды алып тастау есебінен жобаны іске асыру басталғалы 27 миллиард теңгеден астам қаражат үнемделді. Осы үнемделген қаражаттың 25 миллиард теңгесі бұрын кезекте тұрған балаларды орналастыруға, ал 2 миллиард теңгесі жаңадан кезекке тұрған, 2 жасқа толған балаларға бағытталды, – деді Т. Дүйсенова.

Расында былтыр аталған жүйе алғаш енгізілген сәтте жекеменшік балабақша иелері мен ата аналар тарапынан наразылықтың аз болмағаны белгілі. Алайда салаға жауапты министрліктің мәліметінше, өткен жылдың қорытындысымен елімізде 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 93,1 пайызы мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылған. Биыл мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында көзделгендей қамту межесін 95 пайызға дейін арттыру көзделсе, ал 2028 жылға қарай 100 пайызға жету жоспарланып отыр.

Осылайша облыс орталығында пилоттық жобаның енгізілуі бұл бастаманы кеңейтуге бағытталған маңызды қадамға айналды. Қазір Тараз бен Шымкент қалалары табысты тәжірибелерімен бөлісіп, бағдарламаны басқа өңірлерде жылдам енгізуге қолдау көрсетуде. Сонымен қатар өңірлік тәжірибе жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, жүйені халықтың нақты қажеттіліктеріне бейімдеу маңыздылығын көрсетіп берді.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар