«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Этнос өкілдерінің 77,5 пайызы қазақ тілін жетік меңгерген

Этнос өкілдерінің 77,5 пайызы  қазақ тілін жетік меңгерген
Автор
Облысымыз этностардың көптігі жөнінен елімізде екінші орын алатындығын ескерсек, өңірде тұрақтылықты қамтамасыз ету маңызды міндеттердің бірі болып қала беретіндігі түсінікті. Бүгінде 87 этнос пен этникалық топтың өкілдері қоныстанған аймақта 38 өкілдік пен 41 этно-мәдени бірлестік жұмыс істейді. Сонымен қатар олардың арасында татулық пен ұлттық бірлікті қамтамасыз етуде айрықша рөл атқарады. Ол мемлекеттік органдар мен этностық қауымдастықтар арасындағы байланысты нығайтып, этносаралық қатынастар саясатын қалыптастыру мен жүзеге асыруға ықпал етеді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының міндеттерінің бірі – мемлекеттік тілді дамыту. Мемлекеттік тіл – бұл азаматтық интеграцияның, мәдени-рухани бірліктің пәрменді құралы. Күні кеше елордада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті XXXIV сессиясында да ел Президенті мемлекеттік тілді дамытуға айрықша тоқталып өтіп, тіл мәселесі араздық құралына айналмау қажеттігін атап өтті.

– Тіл мәселесін ту етіп қоғамда алауыздық туғызғысы келетін, ел ішіндегі жағдайды шиеленістіруге ұмтылатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылып, заң жүзінде жазаланады. Бұл ретте үй ішіндегі ғана емес, шетелде отырып әлдебір ұйымдардың ақшасы мен тапсырмасына деструктивті әрекетпен айналысатын арандатушылар туралы да айтып отырмыз. Былтыр мен Ұлттық құрылтай отырысында бірлік, отаншылдық, тәуелсіздік және келісім мемлекетіміздің негізгі құндылықтары деп атап көрсеттім. Бәрі де осы құндылықтардан басталады. Сондықтан осы жерде тағы да қайталап айтқым келеді: халқымыздың татулығын бұзып, ел ішіне іріткі салғысы келетіндер заңға сәйкес қатаң түрде жауапқа тартылады, тиісті жазасын алады. Ал ынтымақ пен бірлікті нығайтуға үлес қосқан азаматтар әрдайым зор құрметке ие болады, – деді Мемлекет басшысы өз сөзінде.

Сонымен бірге сессияда Мемлекет басшысы ҚХА-ны дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын орындау шеңберінде жыл сайын мемлекеттік тілді ілгерілетуге бағытталған жобалар мен іс-шараларды жалғастыруды тапсырды. Еске сала кетсек, былтыр Президент тапсырмасына сәйкес республика көлемінде «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» жаңа жобасы іске қосылған болатын.

Жоба аясында Астана қаласында оқыту семинарлары ұйымдастырылып, еліміздің түкпір-түкпірінен қазақ тілін еркін меңгерген этнос өкілдері тілді үйрену тәжірибесімен, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту жөніндегі ұсыныстарымен бөлісті. Сондай-ақ этносаралық қатынас тілі ретінде мемлекеттік тілдің рөлін күшейту әдістері талқыланды. Бұл бағыттағы жұмыстар республикада ғана емес, біздің өңірде де атқарылып келеді.

Бүгінде облысымызда мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі әлеуметтік зерттеу нәтижесі бойынша 94,7 пайызды құрап отыр. Оның ішінде этнос өкілдерінің 77,5 пайызы қазақ тілін меңгерген. Олардың жұмысын жүйелеп, өзара ынтымақтастыққа бағытталған бастамаларды жүзеге асыратын «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбәрак Жинақбаева өңірде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын арттыру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып жатқандығын атап өтті.

– Соңғы жылдары мемлекеттік этносаясат пен мемлекет құру жаңа идеологиялық бағыттарға ие болды. Ол қазақстандық азаматтық патриотизмге, заң алдындағы теңдікке және шынайы мүмкіндіктер теңдігіне негізделген азаматтық теңдікті қамтамасыз етуді, сондай-ақ мемлекеттік қазақ тілінің біріктіруші рөлін нығайтуды көздейді. Мемлекеттік тілді дамыту, оны этносаралық қарым-қатынас тілі ретінде қалыптастыру бағытында «Мәміле», «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі», «Мың бала» жобалары жүзеге асуда. Сондай-ақ республикалық «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасына өңірдегі Аналарды түгел қамтып, отбасы құндылықтары, тәрбие, қоғамды ізгілендіру жөніндегі өңірлік «Анаммен бірге кітап оқимын», «Ана көрген», «Анамның әні», «Достық дастарқаны», «Қолөнерім – мол өнер», «Әжемнің ертегісі» жобаларын жүзеге асырып отыр. Бұл бағытта өткен жылы қолға алынған «Әжемнің ертегісі» жобасын айрықша атап өтуге болады. Жоба аясында Аналар кеңесінің мүшелерімен 175 балабақшада 1569 рет ертегі оқылып, 15295 бала қамтылды, – деді Мүбәрак Қасымқызы.

Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі облыстық іс-қимыл жоспарына сәйкес облыстық деңгейде 4 индикатор белгіленген.

Бірінші – мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі.

Екінші – мемлекеттік органдардағы, ұлттық компаниялардағы мемлекеттік тілдегі құжат айналымының үлесі.

Үшінші – қазақ тілінің латынграфикалы әліпбиін пайдаланатын жазба коммуникациясына қатысушылардың үлесі.

Төртінші – жетілдірілген әдістемемен мемлекеттік тілді оқыту курстарынан өткендер саны. Облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбайдың айтуынша, облыста мемлекеттік тілді оқытудың Жол картасындағы индикатор бойынша өткен жылы тіл үйренушілер саны 4 637-ге жеткен. Оның ішінде мемлекеттік тілде 4 052 тыңдаушы қамтылған. Ал биыл облыста мемлекеттік тілді үйренушілердің индикаторлық көрсеткіші 4 135 адам болып бекітілген.

Жыл басынан мемлекеттік тіл курсына 1591 тыңдаушы қатысса, оның 79,1 пайызы өзге ұлт өкілдері болып отыр.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар