«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ЖИ: Шекарадан өту уақыты 4 сағаттан 30 минутқа дейін қысқарады

ЖИ: Шекарадан өту уақыты 4 сағаттан 30 минутқа дейін қысқарады
Автор
Үкімет Қазақстан экономикасының дамуын болжау үшін жасанды интеллектіні пайдалануды жоспарлап отыр. Бұл туралы осы аптада өткен үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді. Оның айтуынша, цифрландыру мәселелеріне және цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні жаппай енгізуге айрықша мән беріп отырған Мемлекет басшысы ЖИ-дің жекелеген салаларда қолданылып қана қоймай, экономиканың нақты драйверіне айналуы үшін үкіметтен жүйелі шешімдер күтеді.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясының жобасы әзірленді. Ол жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын барынша енгізуді мақсат етеді. Аталған құжат алдағы уақытта саланың ұзақмерзімді даму бағдарына мүлдем жаңа көзқарасты қалыптастырып, қойылған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру шараларын үйлестіруге мүмкіндік береді. Президент жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында біз экономиканы цифрлық трансформациялауға айтарлықтай серпін беруіміз қажет, – деді Олжас Бектенов.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша еліміз IT-қызметтер экспортын 1 миллиард доллардан астам деңгейге жеткізген. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, 2030 жылға қарай жасанды интеллектінің әлемдік экономикаға қосатын үлесі 22 триллион доллардан асады. IT саласы ерекше қарқынмен дамып келеді, сондықтан жаһандық ауқымдағы цифрлық бәсекеге қабілетті болу үшін жұмыла жұмыс істеу керек. Еліміздің кәсіпорындарында цифрлық технологияларды енгізу өнімнің сапасын, еңбек қауіпсіздігі мен өнімділігін арттыруға мүмкіндік беретіні атап өтілді. Алдағы уақытта есептеу қуатын дамытуға назар аударылатын болды.

Елімізде Alem.Cloud және AL Farabium өңірдегі ең ірі суперкомпьютер кластерлері орналасқан. Олар жаһандық TOP500 рейтингіне кіреді. Мемлекеттік органдар мен бизнес тарапынан жасанды интеллект шешімдерін әзірлеу үшін суперкомпьютердің үлесі артты. Мемлекеттік органдар мен бизнес тарапынан есептеу қуаттарын бөлуге қатысты өтініштер санының артуына байланысты Премьерминистр Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне қолданыстағы көлемдерді ұлғайту бойынша және есептеу қуатының шектеулі болуы тежеуші факторға айналып кетпеуі үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.

Жиында Павлодар облысында «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасын жүзеге асыруға инвесторлар тарту жұмысын жандандыру қажеттігі атап өтілді. Қазақстан инвесторлар мен ІТ-мамандар, соның ішінде шетелдік мамандар үшін де тартымды болуы керек. Жауапты ведомствоға Қазақстан аумағында бұлтты провайдерлердің қызметін реттеу мен оның дамуын ынталандыруға арналған заңнамалық түзетулер әзірлеу тапсырылды. Премьер-министр жасанды интеллектіні жаппай енгізудің негізгі шарты сапалы әрі қолжетімді деректердің болуы екенін атап өтті.

Шашыраңқы деректерді ретке келтіру, бизнеске мемлекеттік деректер қорының қолжетімді болуы және оларды пайдаланудың бірыңғай стандарттарын енгізу мәселелерін шешу міндеттері қойылды. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне әдіснамалық базаны қалыптастыруды аяқтап, салалық data-lake-тер құруға басымдық беру тапсырылды. Жасанды интеллект дамуында жеке сектор маңызды рөл атқарады. Бизнес үшін экономикалық ынталандыру құралдарын әзірлеу қажеттілігіне, сондай-ақ қаржы институттарының, ең алдымен, цифрландыру және жасанды интеллектіні қолдану деңгейі жоғары жобаларға қолдау көрсетуіне баса назар аударылады.

«Жасанды интеллект жобаларының бірыңғай пулын қалыптастыру қажет. Бұл алдымыздағы мақсат-міндеттердің ауқымын айқындап, сапалы үйлестіруді қамтамасыз етеді және жобалардың қайталануын болдырмауға, ресурстарды тиімді жұмсауға ықпал етеді», – деген Премьер-министр қазіргі заманғы сын-қатерлер әлеуметтік-экономикалық дамуды жоспарлаудың неғұрлым дәл құралдарына көшуді талап ететінін атап өтті.

Оның айтуынша, жасанды интеллект үлкен деректерді өңдеуге, заңдылықтарды анықтауға және барынша нақты болжамдар жасауға мүмкіндік береді. Яғни, мемлекеттік экономикалық саясаттың тиімділігін арттырады. Осыған байланысты Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігіне Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, экономикалық үдерістердің дамуын болжау үшін жасанды интеллектіні қолданудың нақты тетігін енгізуді тапсырды. Кәсіпорындардың көпшілігіне, әсіресе шағын және орта бизнес үшін жасанды интеллект күрделі әрі қол жеткізе алмайтын құрал болып отыр. Мұның негізгі себептері – құзыреттердің, ресурстар мен нақты іске асыру тетіктерінің жетіспеушілігі. Сондықтан Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, шағын және орта бизнес саласында жасанды интеллектіні енгізуді ынталандыру тәсілдерін әзірлеуі қажет. Ғылым және жоғары білім министрлігі осы бағытта жаңа мамандарды даярлаумен қатар, әртүрлі салада еңбек етіп жүрген кадрларды қайта даярлап, аталған мәселеге баса мән беруі тиіс.

– Жаңа Конституцияда алғаш рет азаматтардың дербес деректерін қорғау құқығы бекітілді. Бұл саланың одан әрі дамуына серпін беріп, мемлекеттің стратегиялық басымдықтарын айқындайды. Қазір заңнамада жасанды интеллект жүйелерін пайдалану кезінде дербес деректерді қорғау қажеттілігі көзделген, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Жасанды интеллект министрлігіне үшінші тараптар мен жүйелердің дербес деректерге рұқсатсыз кіруіне жол бермеу, сондай-ақ зияткерлік меншік нысандарына құқықтарды қорғау мақсатында тиісті бақылауды қамтамасыз етуді тапсырылды. Digital Qazaqstan стратегиясының жобасы елімізде түбегейлі цифрлық өзгерістерді қамтамасыз етіп, экономика салаларында жасанды интеллектіні енгізуге бағытталғаны атап өтілді.

Салаларды цифрландырудың 20 картасы бекітілді

Технологияларды ел экономикасына жүйелі енгізу үшін Қазақстанда Цифрлық трансформация карталары енгізілуде. Бұл туралы үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда 72 сала мен қызмет бағытын қамтитын 20 карта бекітілген. Олардың әрқайсысында 2027 жылға дейін AI-шешімдерді және KPI енгізу жоспары бар, ал процестерді жобалау AI-First қағидатына негізделген.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында экономика салаларына жасанды интеллектіні енгізу бойынша жұмыстар қарқынды түрде жалғасуда. Экономика салаларына ЖИ-ді енгізудің екі негізгі мақсатын атап өту қажет. Біріншісі – экономикалық өсім. Жасанды интеллект өнімділікті арттырудың негізгі драйверіне айналуы тиіс. Бұл жеке процестерді автоматтандыру туралы ғана емес, жасанды интеллект жаңа өнімдерді, жаңа нарықтарды жəне экспорт үшін жаңа мүмкіндіктер ашуы қажет. Екіншісі – бизнесті қолдау. Жасанды интеллект есебінен бизнестің мемлекетпен өзара іс-қимылын жеңілдету, өтініш беру форматынан проактивті қызметтерге көшу жəне бизнес шығындарын қысқарту қамтамасыз етіледі. Бұл бағытта мемлекеттік органдармен бірлесіп Цифрлық трансформация карталары енгізілуде.

Бүгінгі таңда осындай 20 карта бекітілген. Атап айтқанда, өнеркəсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік жəне логистика, білім беру, денсаулық сақтау жəне басқа да бағыттар. Əр карта негізгі цифрлық сын-қатерлерді, AI-шешімдерді енгізу жоспарын, 2027 жылға дейінгі KPI жəне күтілетін əлеуметтік-экономикалық əсерлерді қамтиды.

Процестерді жобалауда жасанды интеллектіні басым қолдануды көздейтін AI-First қағидатына сəйкес бірыңғай архитектуралық тəсіл қолданылды. Бұл тәсіл «электрондық үкіметтің» архитектуралық порталында баршаға қолжетімді. Барлық орталық мемлекеттік органдардың бекітілген карталарды орындауы міндетті.

Smart Cargo цифрлық платформасымен шекарадан өту уақыты қысқарады

Еліміздің көлік-логистика саласына ЖИ енгізу процестерді жеңілдетуге, шығындарды азайтуға және елдің транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған. Үкімет отырысында цифрлық жобаларды жүзеге асыру туралы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев хабарлады.

Баяндама барысында министр Smart Cargo – мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерін біріктіретін цифрлық платформа екенін, жүк туралы барлық мәліметтер QR-код арқылы қолжетімді болатынын атап өтті. «Жасанды интеллекті құжаттарды автоматты түрде тексереді, бағыттарды құрып, қозғалысты бақылайды және қажетті рұқсаттарды анықтайды. Нәтижесінде шекарадан өту уақыты 4 сағаттан 30 минутқа дейін қысқарады. Теміржол саласында жасанды интеллектке негізделген 10-ға жуық жобалар жүзеге асырылуда. Соның негізгісі – KinetiX диагностикалау жүйесі. Бұрын диагностика қолмен жүргізіліп, 2 сағатқа дейін уақыт алатын және адам факторына тәуелді болатын.

Қазір жүйе вагондарды 9 негізгі параметр бойынша автоматты түрде, нақты уақыт режимінде тексереді. Нәтижесінде диагностика 8 минутқа дейін қысқарды», – деді министр. Сонымен қатар ол автомобиль көлігі саласында жүк тасымалын интеллектуалды бақылау жүйесі енгізіліп жатқанын жеткізді.

Министрдің сөзінше, жасанды интеллекті көлік бағыттарын анықтайды, салмақ өлшеу станцияларымен деректерді салыстырады, бұзушылықтарды анықтайды және автоматты түрде сигнал береді. Бұл салмақ бақылаудан айналып өту жағдайларын жояды және жолдардың тозуын азайтады. Министрліктің ішкі процестерін трансформациялауға ерекше назар аударылған, бұл жұмыс Жасанды интеллект министрлігімен бірлесіп жүргізілуде. Қазір көп уақыт құжаттарды қолмен өңдеуге кетеді және 30 күнге дейін уақыт алады. Жасанды интеллекті енгізілгеннен кейін бұл мерзім 3 күнге дейін қысқармақ.

ЖИ саласында кадрлар даярлаудың бірыңғай реттеуші моделі енгізілді

Экономика салаларында жасанды интеллектіні енгізуге жоғары білім беру жүйесінің арнайы моделі қалыптастырылуда. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек үкімет отырысында QS халықаралық агенттігімен бірлескен зерттеу қорытындылары және оқытудың жаңа стандарттары туралы хабарлады. Оның айтуынша, осы әлеуетті жүзеге асыру үшін кадрлар даярлау мақсатында қажетті нормативтік-құқықтық база қалыптастырылған. Жасанды интеллекті пәндері барлық студенттер үшін, мамандығына қарамастан, міндетті болып енгізілді, ЖИ-ді қолданудың жоғары оқу орындары арасындағы стандарты бекітілді.

«Білім беру процесінде жасанды интеллектіні пайдалану жөніндегі нұсқаулық қабылданды. Диссертацияларды дайындау кезінде жасанды интеллектіні қолдануды реттейтін ғылыми дәрежелерді беру қағидаларына толықтырулар енгізілді. Оқытушылар үшін ЖИ саласында біліктіліктілікті міндетті түрде арттыру енгізілді. Барлық жоғары оқу орындары үшін жасанды интеллектіні қолдану бойынша KPI көрсеткіштері бекітілді. Осылайша, кадрларды даярлауды қамтамасыз ететін реттеуші модель қалыптастырылды. Ең алдымен, технологиялық база қалыптастырылды. Академиялық суперкомпьютерлер кластері құрылып, сондайақ университеттердің Alem.сloud ұлттық суперкомпьютерлік кластерінің есептеу қуаттарына қол жеткізуі қамтамасыз етілді», – деді министр.

Спикердің сөзінше, елімізде жасанды интеллект бойынша 22 орталық пен зертхана жұмыс істейді. Осы негізде экология, медицина, білім беру, химия, қауіпсіздік және смарт-сити бағыттарында қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізілуде. Сондай-ақ еңбек нарығын талдау негізінде жасанды интеллектке байланысты жаңа мамандықтарға бағытталған 1,5 мыңнан астам білім беру бағдарламалары жаңартылып, әзірленді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша AI-Sana бағдарламасын жүзеге асыру жалғасуда. Бағдарламаның I кезеңі аясында жасанды интеллектінің базалық дағдылары бойынша курстардан өткен білім алушылар 673 мыңнан астам сертификат алған. Келесі кезеңдерде негізгі міндет – кемінде 1,5 мың инновациялық жобаны қалыптастырып, оларды Astana Hub экожүйесінде одан әрі акселерациядан өткізу.

AI-Sana бағдарламасының екінші кезеңінің қорытындысы бойынша айтарлықтай практикалық нәтижелерге қол жеткізілді. Студенттер тарапынан экономиканың түрлі салалары үшін 308 ЖИ-агент әзірленді. Ведомство басшысы университеттер әзірлеген бірқатар қолданбалы шешімдерге де тоқталып өтті.

 

Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар