Өңірлерде логопед, сурдолог пен реабилитолог мамандар жетіспейді
- author «Ақ жол»
- Бүгін, 17:28
- 66
Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2030 жылға дейінгі Инклюзивті саясат тұжырымдамасын қабылдағаны белгілі. – Президент біздің мемлекетіміз әлеуметтік мәселелерге баса мән беретінін әрдайым атап өтуде. Жаңа Конституцияда адам капиталын дамыту, мүгедектігі бар адамдардың құқықтары, бәріне бірдей мүмкіндік беру, қолжетімді орта қалыптастыру мемлекеттің стратегиялық басым бағыттары ретінде айқын көрініс тапқан. Біздің міндетіміз – мүмкіндігі шектеулі жандарға жанжақты қолдау көрсету, – деді үкіметтің кезекті отырысын ашқан Премьерминистр Олжас Бектенов.
Жиында инклюзивті орта құру азаматтардың қызметтер мен инфрақұрылымға тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ қоғам өміріне толыққанды қатысу үшін жағдай қалыптастыруы тиіс екені баса айтылды. Бұл мақсатта мүгедектігі бар жандар үшін кедергілерді жоюға бағытталған арнайы бағдарламалар мен шаралар жүзеге асырылуда, ол қазірдің өзінде оң нәтижесін беріп отыр. Бұл ретте тұрақты нәтижеге қол жеткізу үшін бизнес, үкіметтік емес сектор, бүкіл қоғам белсенді түрде атсалысуы тиіс.
Оңалту орталықтары желісі мен қоршаған орта қолжетімділігі кеңейтілуде
Жиында ең әуелі атқарылып жатқан жұмыстар туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев баяндама жасады. Спикердің айтуынша, министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен, сарапшылармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау бойынша жүйелі шараларды жүзеге асырып жатыр. Бүгінгі күні инклюзивті саясат әлеуметтік және құқықтық модельге негізделген. Кедергілерді жоюға және тең мүмкіндікті қамтамасыз етуге басымдық берілген. Заңдар мен нормативтік құқықтық база жүйеленіп келеді. Елімізде 2030 жылға дейінгі Инклюзивті саясат тұжырымдамасы жүзеге асырылуда. Көру қабілеті бұзылған адамдардың баспа ақпаратына қол жеткізуін жеңілдету жөніндегі Марракеш шарты ратификацияланды. Жеке көмекші қызметін көрсету, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы инватакси қызметін ұсыну мәселесі заңмен реттелді. Мүгедектігі бар адамдардың ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету нормалары күшейтілді. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша электрондық дүкендер мәліметін қолдана отырып, техникалық оңалту құралдарының құнын өтеудің кепілдік берілген сомасын айқындау әдістемесі бекітілді. Жыл аяғына дейін арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарты сапасын арттыру және инклюзивті жұмыспен қамту мүмкіндігін кеңейту жоспарланған.
Министрдің хабарлауынша, бүгінгі күні елімізде шамамен 752 мың мүгедектігі бар адам тұрады. Бұл жалпы халық санының 3,7 пайызы. Оның ішінде шамамен 56 пайызы еңбекке қабілетті жастағы адамдар. Биыл мемлекеттік бюджеттен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жиынтық шығыстар 1,1 триллион теңгені құрайды. Маңызды бағыт – қолжетімді орта қалыптастыру. Бүгінгі күні қолжетімділіктің интерактивті картасында шамамен 43 мың нысан тіркелген. Оның 67 пайызы толық бейімделген. Бейімделу көрсеткішін биыл 80 пайызға жеткізу көзделіп, 34 мың әкімшілік, коммерциялық және әлеуметтік объектіні қолжетімді ету міндеті қойылған. Аймақтық деңгейде қолжетімділіктің жоғары көрсеткіштері Жетісу, Батыс Қазақстан және Алматы облыстарында байқалады. Кейбір аймақтар, мәселен, Маңғыстау және Ұлытау облыстары бұл бағыттағы жұмысты күшейтуі қажет. Ел бойынша мүгедектігі бар ересектер мен балаларға арналған жоғары технологиялық жабдықтармен қамтылған 33 оңалту орталығы жұмыс істейді. Соңғы екі жылда Тараз, Семей, Кентау және Орал қалаларында 4 жаңа орталық ашылған. Осы жылы Атырау қаласында тағы 1 орталық ашылмақ. Енді 7 орталық салу және жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстары жүріп жатыр. Келесі негізгі бағыт – арнаулы әлеуметтік қызметтер сапасын арттыру. Өткен жылдан бастап арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды лицензиялау енгізілген. Бүгінгі күні лицензия негізінде 101 мың адамды қамтитын 622 ұйым жұмыс істейді. Осы бағыттағы әрі қарай трансформация мемлекеттік ұйымдарды жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшу және неғұрлым дәл жоспарлау үшін орталықтарды карталауды енгізу шараларымен байланысты болмақ.
«Әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігін арттыруға да ерекше көңіл бөлінген. Бүгінгі күні салада шамамен 12 мың әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді. Әлеуметтік қызметкерді есепке алудың бірыңғай тізілімі құрылды. Біліктілікті тану жүйесі қосылды, одан 2447 маман өтті. 8 кәсіптік стандарт бекітілді. Кадрдың біліктілігін кезең-кезеңімен арттыруға мүмкіндік беретін 6 арнайы оқыту модулі әзірленді. Биыл аттестациядан өткен әлеуметтік қызметкерлер санын 5 мыңға дейін жеткіземіз. Еліміздің жетекші жоғары оқу орындарымен бірлесіп, білім беру бағдарламалары жаңартылады. Әлеуметтік сала бағыты бойынша онлайн оқыту жүйесін енгізу жоспарлануда», – деді министр.
Ментальді ауытқушылықтары бар балаларға ерекше көңіл бөлінген. Аутистік спектр бұзылыстары бар балаларға арналған 1825 адамды қамтитын 15 арнайы орталық жұмыс істейді. Бұл жоба Samruk Kazyna Trust және «Қамқорлық қоры» ұйымдарымен бірлесіп жасалды. Министрдің айтуынша, инклюзивті жұмыспен қамтуды дамыту басты басымдық болады. Өткен жылы еңбекке қабілетті 413,7 мың мүгедектігі бар адамның 110,8 мыңы жұмыспен қамтылса, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 25 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тартылған. Жұмыс орындарын квоталау шеңберінде 8 мыңнан аса адам жұмысқа орналасқан. Жұмыспен қамтылғанның басым бөлігі Ұлытау, Қарағанды облыстарында және Астана қаласында байқалады.
Әлеуметтік қорғау саласын трансформациялаудың кешенді жұмысы жалғасуда. Негізгі міндеті – фрагментті қызмет көрсетуден біртұтас модельге көшу. Көмек әр адамға жеке көрсетіліп, нақты қажеттілікке сай болмақ. Бірінші бағыт – оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз ету механизмін жетілдіру. Қазіргі жүйе қайтарымсыз негізде құрылған. Құралдың нақты жай-күйін, оның тозуын және жөндеу мүмкіндігін толық ескермейді. Осыған байланысты жаңа механизм енгізілетін болады.
Трансформацияның маңызды элементтерінің бірі–мүгедектікті сырттай-проактивті форматта белгілеуді дамыту. Бұл бағыт бойынша оң динамика байқалады. Егер 2022 жылы сырттай-проактивті түрде көрсетілген қызметтердің үлесі 22 пайыз болса, биылғы бірінші тоқсан қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 46 пайызға жетті. Үшінші бағыт – мүгедектігі бар балаларды оңалтуды дамыту. «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп, төрт аймақта – Абай, Павлодар, Қызылорда облыстары және Шымкент қаласында мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Жоба 508 баланы қамтыды. Нәтижесінде 361 баланың қозғалыс белсенділігі жақсарды. 23 бала өздігінен жүре бастады. Төртінші бағыт шеңберінде протез өндірісін іске қосу көзделген. Бұл деформацияларды түзетуге және тірекқимыл аппаратының функцияларын қалпына келтіруге арналған техникалық құралдар. Сондай-ақ цифрлық күнделік кеңейтіледі. Протездеудің заманауи технологиялары енгізіледі. «Инклюзивті саясатты жүзеге асыру министрліктің басты міндеттерінің бірі. Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі жүргізіледі», – деп түйіндеді сөзін министр Асқарбек Ертаев.
Онкологиялық ауруларды ерте анықтау 35 пайызға өскен
Жиында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың хабарламасы тыңдалды.
«Инклюзивті ортаны қалыптастыру мақсатында денсаулық сақтауды дамыту тұжырымдамасында медициналық көмекке қолжетімділіктегі теңсіздікті азайту және сапасын арттыру, интеграцияланған тәсілді және цифрлық құралдарды енгізу жөніндегі шаралар қарастырылған. Қабылданып жатқан жүйелі шаралар мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, мүгедектік пен өлім-жітімді төмендетуге мүмкіндік береді. Мысалы, елімізде балалар арасындағы ақауларды ерте анықтау үшін скринингтің 6 түрі, оның ішінде 3-еуі перзентханаларда жүргізіледі. Былтыр балаларды скринингпен қамту 25 пайызға артып, 93 пайызды құрады. Аудиологиялық скрининг нәтижесінде анықталған толық есту қабілеті жоқ барлық 523 балаға құны 6 жарым миллион теңгені құрайтын есту импланттары орнатылды. Екі жыл бұрын мұндай операциялардың 80 пайызы 3 жаста жасалса, қазір 2 жасқа дейін жасалады. Бұл балалардың ерте сөйлеу қабілетін қалыптастыруға және ерте дамуына үлес қосады. Офтальмоскрининг нәтижесінде көздерінде ақау анықталып, операцияны қажет еткен барлық шала туған 721 нәрестеге уақтылы ем жүргізіліп, көру қабілеті сақталды», – деді министр.
Сондай-ақ қабылданған шаралардың нәтиже сінде жүкті әйелдерді скринингпен қамту 9 пайызға, анықталу көрсеткіші 12 пайызға өскен, ал туа біткен даму ақауларынан болатын мүгедектік деңгейі 7 пайызға төмендеген. Министрлік соңғы екі жылда педиатриялық қызметті күшейтуді ерекше назарда ұстап отыр. Өткен жылы емханаларда 372 даму және ерте араласу орталығы және 366 педиатриялық бөлімше ашылған.
Бұл бүгінгі таңдағы қажеттіліктің 80 пайызын құрайды. Жыл соңына дейін қалған облыстарда толық ашылмақ. Нәтиже сінде, педагогикалық түзетуге жіберілу екі есеге өсіп, 85 мың бала қарқынды бақылауда. Отбасы жағдайындағы медициналық-әлеуметтік тәуекелдерді анықтау үшін министрлікпен бірлесіп, емхана деңгейінде көрс етілген прогрессивті патронаж моделі де өз тиімділігін көрсетуде. Мысалы, өткен жылдың өзінде 95 пайыз 3 жасқа дейінгі балалар, яғни 1,3 миллион бала патронажбен қамтылған.
Нәтижесінде, ведомствоаралық іс-қимыл 36 пайызға күшейіп, үйде болатын өлім-жітімнің 22 пайызға және ауруханаға кеш жатқызылуы 5 пайызға төмендеген. Министрлік балаларға медициналық оңалтудың қолжетімділігін арттыру бойынша да жұмысты жалғастыруда. Облыстармен қатар аудандық жерлерде балаларға оңалту қызметтерін жақындату мақсатында соңғы екі жылда «СамұрықҚазына» қоры арқылы 20 орталық, оның ішінде 6-уы аудандарда ашылып, бүгінде 81 орталық жұмыс істеуде. Биыл тағы 11 аудандық орталықтың ашылуы күтілуде. Бұл 243 мың балаға оңалту көмегін көрсетуге мүмкіндік бермек.
Сонымен бірге халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен қабылданған заң аясында биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап бұған дейін МӘМС жүйесіне кірмеген 800 мыңнан аса азамат сақтандыру мәртебесіне ие болып, олардың 200 мыңға жуығы медициналық көмек ала алған. Қан айналымы жүйесінен болатын өлім-жітімді және мүгедектікті азайту үшін елімізде инсульт орталықтарының желісі қарқынды дамуда. Қазіргі уақытта заманауи жабдықталған 85 орталық қажеттілікті толық қамтиды. Инфаркт кезінде уақыт жоғалтпай «алтын сағат» қағидатын ұстануға мүмкіндік беретін 48 коронография орталықтары жұмыс істеуде. Осындай орталықтар Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Ауылдық медицинаны жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 32 ауданаралық аурухананың жанында да ашылуда.
Жыл соңына дейін 11 инсульттік, 7 коронография орталық аудандарда ашылатын болады. Сондай-ақ елімізде скринингтік бағдарламалар жүйесі жаңғыртылуда. Атап айтсақ, біріншіден, жас шегі 70-тен 76 жасқа дейін ұлғайтылған. Екіншіден, онкологиялық скринингтер сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлығына қолжетімді етілген. Үшіншіден, инсультті ерте анықтау үшін жаңа скрининг енгізілген. Бұл қосымша 300 мың адамды қамтуға мүмкіндік беріп отыр. Онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтау шамамен 35 пайызға дейін өсіп, тиімді зерттеулермен қамту 4 пайыздан 38 пайызға дейін артқан.
«Еліміздегі ауруханалардағы 98 мың төсек орынның 12 мыңы тек оңалтуға арналған, бұл жалпы төсек қорының 13 пайызын құрайды. Бүгінде оңалту төсектерінің қажеттілігі толығымен жабылғанына қарамастан, госпитализацияны күту мерзімдерін барынша азайтуға арналған жұмыстар жалғасуда. Осыған байланысты жыл басынан бері 421 төсек орыны қайта бейімделіп, жыл соңына дейін тағы 345 төсек орын ашылады. Оңарту қызметінің сапасын жақсарту мақсатында оңалту стандарттары жаңартылып, клиникаға қойылатын талаптар күшейтілді. Осы аталған шаралар мүгедектікке шалдығу жағдайларын азайтып, алдын алуға мүмкіндік береді», – деді Ақмарал Шәріпбайқызы.
Инфрақұрылымды одан әрі дамыту – маңызды
Үкімет отырысында инфрақұрылымды одан әрі дамыту қажеттілігіне де баса назар аударылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңірлерде инклюзивті спорт орталықтарының құрылысы жалғасуда, бірақ бассейндер мен спорт кешендерінің қолжетімділігі өзекті болып қалып отыр. Нысандарды кедергісіз орта етіп бейімдеу формальды түрде жүретіні атап өтілді.
Әкімдіктер тарапынан жергілікті деңгейде ведомствоаралық үйлестіруге жеткілікті көңіл бөлінбейді және мектептерде, вокзалдар мен әуежайларда қолжетімді орта толық көлемде қамтамасыз етілмеген. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімділік тұрғысынан алғанда одан әрі жетілдіруді талап ететін саланың бірі – көлік инфрақұрылымы, оның ішінде пойыз құрамдарындағы мамандандырылған вагондар санын және нысандардың ыңғайлылығын арттыру бар.
Бұл ретте елімізде ұлттық стандарт қабылданған, бірақ оны сапалы жүзеге асыру үшін «әмбебап дизайн» мен қарапайым, қолжетімді қағидаларды енгізген жөн. Бұған қосымша менталдық ауытқуы бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға қолдау көрсетуді күшейту қажет. Басым бағыт ретінде кешенді сүйемелдеуден тұратын халықаралық тәжірибе алынған, онда ерте диагностикалау, үздіксіз түзету мен педагогикалық қолдау және кейіннен жұмысқа орналастыру шаралары қамтылған.
Ерекше қажеттіліктері барларға арналған арнайы вагондар енгізілмек
– Инклюзивті саясат тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында негізгі үш бағытта кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Олар – инфрақұрылым, көлік және қызмет көрсету. Теміржол көлігі саласында құрамдардың шамамен 90 пайызы көтергіштерімен және бейімделген купелерімен жабдықталған. 2030 жылға қарай әрбір құрамда кем дегенде бір мамандандырылған вагон болады. Вокзалдарды реконструкциялаудың ауқымды бағдарламасы аясында қолжетімділіктің қажетті элементтері – пандустар, лифтілер, көтергіштер көзделген, сондай-ақ кассалық аймақтар мен санитарлық тораптар қайта жабдықталуда. Теміржол билеттеріне 50 пайыз жеңілдік қарастырылған. Биылғы сәуір айынан бастап онлайн ре сімдеу функциясы бар. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 580 мың мүгедектігі бар жолаушы тасымалданды, – деді Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкімет отырысында жасаған баяндамасында.
Оның айтуынша, авиация саласында әуежайлардың қолжетімділік деңгейі арттырылып жатыр, бүгінгі таңда негізгі элементтермен қамтамасыз етілуде. Он әуежайда мүгедектігі бар жандарға қызмет көрсету үшін 13 амбулифт бар болса, жылдың соңына дейін тағы 5 әуежайға қойылмақ. Сондай-ақ авиатасымалдаушылар корпоративтік бағдарламалар аясында авиабилеттерге жеңілдіктер береді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 9,9 мың мүгедектігі бар жолаушы тасымалданған.
Автокөлік тасымалында да инклюзивтілік деңгейі кезең-кезеңімен жақсарып келеді. Қолжетімділік талаптарына автовокзалдар мен автостанциялардың 78 пайызы, ал қалалық автобустардың 79 пайызы сәйкес келеді.
«Инватакси жүйесі біртіндеп дамып келеді. Көлік саны 39 пайызға өсіп, 1426-ға жетті. Халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдар бойындағы қызмет көрсету саласы 1329 нысан мүгедектігі бар адамдарға қолжетімділік жағдайларын қамтамасыз етеді. Жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, әлі де жеке қарауды және мемлекеттік органдармен, тиісті ұйымдармен бірге шешуді қажет ететін мәселелер бар», – деді министр.
Бірқатар өңірде жүйелі проблемалар сақталып отыр
Үкімет отырысында Премьер-министр жергілікті жерлерде орын алып отырған кемшіліктерді атап өтті. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, бірқатар өңірде жүйелі проблемалар сақталып отыр. Мәселен, ерекше білім беруді қажет ететін балалардың барлығы бірдей оқумен қамтылмайды, психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияларға кезектер тіркеліп, арнайы мамандарға қолжетімділік шектеулі күйінде қалып отыр. Мәселен, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында, сондай-ақ басқа да бірқатар өңірде «ерекше» балалардың барлығы бірдей біліммен және инклюзивті жағдайлармен қамтылып отырған жоқ. Психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияларға тапсыруды күту бірнеше айға созылуы мүмкін, ал жүйе барлық мұқтаж баланы түгел қамтымайды. Үкімет басшысы оқыту сапасына да ерекше тоқталды.
Тұрғындардың шағымдарына қарағанда, көптеген мұғалімдер инклюзивті сыныптарда жұмыс істеуге дайын емес. Олардың практикалық дайындық деңгейі қазіргі заманғы талаптарға сәйкес келмейді. Сондай-ақ кадр тапшылығы сақталып отыр. Логопед, сурдолог пен реабилитолог мамандар жетіспейді.
Осы ретте Оқу-ағарту министрлігіне ерекше балалармен жұмыс істеу бойынша мұғалімдерге арналған оқыту курстарын тұрақты негізде ұйымдастыру тапсырылды. Елде әлі күнге дейін толыққанды кедергісіз орта құрылмағанын атап өткен Премьер-министр Үкімет отырысының қорытындысы бойынша тиісті министрлік басшыларына нақты мерзімдері көрсетілген бірқатар тапсырмалар берді. Мәселен, 1 маусымға дейін Өнеркәсіп және Көлік министрліктері барлық инфрақұрылым үшін елде кедергісіз ортаны қалыптастыруға арналған «әмбебап дизайнды» бекітуі тиіс. Көлік саласындағы нысандардың қолжетімділігі мәселесін кешенді түрде шешу үшін ведомствоаралық жұмыс тобын құру керек.
Оқу-ағарту министрлігі болса, 1 қыркүйекке дейін инклюзивті білім берудің жаңа моделін енгізіп, кадрлар тапшылығы мәселесін шешуі және менталдық ауытқуы бар балаларды тәрбиелейтін отбасыларды кешенді қолдаудың бірыңғай ведомствоаралық жүйесін қалыптастыруы қажет. Ал Еңбек министрлігі 1 қарашаға дейін мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау бойынша заңнамалық түзетулер дайындайды. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі мен «СамұрықҚазына» қорына аудандарда оңалту орталықтарын ашу тапсырылды. Спорт министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, барлық өңірде инклюзивті спорт орталықтарын ашуды жеделдетуге тиіс. Еңбек, Өнеркәсіп министрліктерімен және әкімдіктермен бірлесіп, қолданыстағы спорт нысандарын мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бейімдеу мәселелерін шешуі керек. Жиында барлық мемлекеттік органдарға осы бағытта өзара үйлесімді жұмысты қамтамасыз етуді тапсырған Премьер-министр: «Кедергісіз ортаның негізі – жай ғана пандустар емес, бұл әмбебап дизайн және бірыңғай бақылау ережелері», – деді.
Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Байланысты жақсартатын 11 жоба іске асырылмақ
- 21 сәуір, 2026
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




