
Мешітті кез келген жерге салуға болмайды. Оның сол қала мен аудан елді мекендерінің бас жоспарына сай келуін қадағалау керек. Мешіт салуға ниетті азаматтар аз емес. Кез келген мешіт сол ауылдың қажеттілігіне қарай тұрғызылады. Мешіт салуға өтініш білдірген азаматтарға бас жоспарда көрсетілген аймақтардан салуды ұсынамыз. Алайда көпшілігі біздің бұл ұсынысымызға құлақ аспайды.
Мүфтияттан алынған рұқсат қағазын негізге алып мешіт тұрғыза береді. Соның салдарынан бүгінде заңсыз салынған құлшылық орындары көбейіп барады. Қалталы азаматтар ауылда мешіттің барына қарамастан келесі көшеден жер сатып алып, мешіт тұрғызу фактілері жиі кездеседі. Мұндай жағдайларға қалталы азаматтар сол ауылға балабақша, спорт кешендерін салып берсе дұрыс болар еді.
Осыған орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзіне сәйкес, өңірлерде өз қаражатына мешіт салып жатқан кәсіпкерлердің шынайы, игі ниеттеріне жаңа мектеп, жатақхана, аурухана, кітапхана, мұражай, спорт кешендері салынса, мешіт салғаннан кем емес игілікті және пайдалы іс болар деген ұсынысын білдірген еді.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Шырақпайұлы Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңестің хаттамасына сәйкес (15.10.2024 жыл №59) Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне зиялы қауым өкілдерімен, кәсіпкерлермен кездесіп, мешіттері жеткілікті елді мекендерде басқа нысандар (жаңа мектеп, жатақхана, аурухана, кітапхана, мұражай, спорт кешендері) салу бойынша түсіндіру және насихаттау жұмыстарын жүргізуге ұсынысы берілді. Осы орайда ауыл жастарын спортқа баулуға көп әсерін тигізер еді.
Сонымен, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ережесі бойынша бұдан былай мешіт ғимараты жергілікті жамағаттың санына орай 3 деңгейде салынады: ауылдық (сыйымдылығы 70-500 адам), аудандық (сыйымдылығы 500-1500 адам), облыстық, қалалық (сыйымдылығы 1000 5000 адам). Құжатқа сәйкес, болашақта жаңадан салынатын мешіттің құрылысы заманауи талапқа сай жүргізілуі тиіс. Демек, Алла үйін тұрғызуға шешім қабылдаған адам ғимараттың көрікті болуына көңіл бөлуі шарт.
Мешіт салуда заманауи озық үлгілерді, Исламның және жергілікті сәулет өнерін пайдалану міндетті. Мешіттің мұнарасы, күмбезі және ішкі сыртқы безендірілуі жергілікті дәстүрге сай болуы тиіс. Сондай-ақ мешіт ауласына автотұрақ, саябақ және басқа да қажетті нысандар эскиздік жобада қарастырылуы тиіс. Қосымша ақпарат қажет болған жағдайда мына мекенжай бойынша (Төле би №35а, байланыс нөмірі: 8 (7262) 43-47-82) ақпарат алуға болады.
Айтқазы ҚАРАБАЛАЕВ,
облыс әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді