
Мамыртай Қойбақов 1924 жылы Т.Рысқұлов ауданы Мамай-Қайыңды ауылында дүниеге келген. 1942 жылға дейін Ақыртөбе мектебінде оқып, сол жылдың 18 тамызында әскерге алынады. Әуелі Ферғанада жеті ай оқу-жаттығу дайындығынан өтіп, 1943 жылы соғысқа жіберіледі. Майдан шебінде ол артиллерист, сержант болып Вьязма қаласынан Смоленск, Витебск, Великие Луки мен Минскіге дейін азат етуге қатысады. 1943 жылы Смоленскі түбіндегі сондай шайқастың бірінде ауыр жарақаттанып, елге қайтуға мәжбүр болады. Майдангердің өзі бұл туралы көзі тірісінде «Қараша айында Смоленск қаласын азат ету жолында кескілескен шайқас болды.
Мен зеңбіректің командирімін. Бір зеңбіректе төрт адам бар. Бір жойқын шабуыл кезінде есімнен танып қалдым. Қанша уақыт өткенін білмеймін, көзімді ашсам, жанымдағы серіктерім тегіс қаза болып жатыр. Соғыс деген – сол. Қазір тірі жүрген досыңнан, бір минуттан соң айырылып қалуың мүмкін. Ал, өз жағдайым да өте ауыр. Бір қол, бір аяғым істен шыққан. Денемнің көп мөлшері қан. Оған қарауға уақыт жоқ. Денемнің сау жағымен жер бауырлап алға жылжыдым. Оның өзі – азап. Аттаған сайын жаралы аяқ-қол жанымды шығарып ауырады. Біраз жүрген соң, шөп жиналған шөмеле көрінді. Жанымды қинап, сол шөмелеге қансырап жеттім. Шөмелеге оранып, есімнен тағы танып құлаппын», – деп сол кездегі қиын жағдайды еске алған еді. Қазақта соғысқа аттанған жауынгерлерге қарата айтылған «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деген даналық сөз бар. Мамыртай Қойбақов та сол қиын сәтте өлім ауызынан ғажайып жағдайда аман қалады.
– Құдай сәтін салғанда, сол жерде әскердің біраз аттары күтімге алынған екен. Аттарға қарайтын сарбаздар дәл мен жатқан шөмелеге келіп, біреуі мен оранған шөмелеге бар күшімен айыр тығып алады. Сол кезде менің ыңырсыған даусым қатты шығады. Айыр жаныма батса керек. Сол сәтте әлгі жігіттер менің жаралы сарбаз екенімді біліп, әскери госпитальға жеткізіпті. Госпитальда төрт ай емделіп, қайтадан ұрысқа жарамай, 1944 жылдың ақпан айында елге қайтарылдым. Егер олар 20-30 минут кешіккенде немесе келмегенде сол жерде қансырап, жан тапсыратын едім, – деген еді М.Қойбақов.
Майдан даласында елі үшін қан төккен есіл ердің еңбегі еленіп, М.Қойбақов «Қызыл Жұлдыз», II дәрежелі «Отан соғысы» ордендері мен Жеңістің мерейлі даталарындағы мерекелік медальдарымен марапатталды. Минскіде соғысты аяқтап, 1944 жылдан еңбек жолын Мақпал кеңшарында бастаған майдангер келер жылы Жамбыл қаласындағы мал дәрігерлік курсын бітіреді де, кеңшарда бір жыл жұмыс істейді. Кейіннен 1956-59 жылдар аралығында Жамбыл зооветтехникумында оқуын жалғастырып, 1987 жылға дейін Шу ауданында мал дәрігері болып еңбек етеді.
Жұмыс істей жүріп, Алматы мал дәрігерлік институтын сырттай тәмамдап майданнан кейінгі өмірін бейбіт күннің бейнетіне арнаған жауынгер табанды еңбегі үшін «Еңбек ардагері», «Лениннің туғанына –100 жыл», «Еңбек озаты» медальдарымен марапатталған. Қоғамдық өмірге де белсене араласқан Мамыртай Қойбақов Шу ауданында екі рет жергілікті кеңеске депутат болып сайланып, ел игілігі үшін еңбек етті. Саналы ғұмырында жұбайы Бүбіайша Балабековамен 72 жыл бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп, үш ұл, үш қызды тәрбиелеп өсірді. Қазірде ұрпақтарынан 13 немересі, 15 шөбересі бар. Қыздары білім, медицина салаларында аянбай еңбек етіп жүр. Ал, тұңғышы Серік қазіргі таңда облыстық мәслихаттың депутаты. Әке тәрбиесі мен тағылымын тұңғыш ұлы: «Өмірі адалдық пен ерлікке толы Мамыртай әкемізбен мақтанамыз. Өзіміз де көп жыл басшылық қызметте жүріп, адалдықтан танбадық. Сұғанақтық пен теріс әрекетке бармадық», – дейді.
Майдангердің тағы бір ұлы Талғат Мамыртайұлы әкесіне ұқсап Отанның тыныштығын күзетіп жүрген азамат. Әскери шені – генерал-лейтенант. Талғат Қойбақов біраз жылдар бұрын «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығының Бас қолбасшысы болды. Онан соң Қазақстан Республикасы Құрлық әскерилерінің Бас қолбасшысы болып қызмет етті. Қазіргі таңда Мәскеу қаласында Қазақстан Республикасының Ресейдегі елшілігінде әскери атташе абыроймен қызмет атқарып жүр.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Эхинококкоздан сақ болыңыз
- 27 мамыр, 2025
«Қош болыңдар. Жазығым жоқ. Енді қайтпаспын...»
- 27 мамыр, 2025
Ақпарат
Таразда ауқымды Креаторлар форумы өтті
- 28 мамыр, 2025
Енді Алакөлге қатынау жеңілдейді – Көлік министрлігі
- 20 мамыр, 2025
TOP-10: Еліміздегі ең танымал спорт түрлері қандай?
- 6 мамыр, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді