Жалпы, архивке құжатты оқи алатын және оны жаза алатын сауатты маман керек екен. Өйткені, алтынның қадірін маманы ғана біледі. Архив деректері де алтын сияқты. Оны алдымен табу керек, сосын құм мен тастан аршып алып, өңдеу керек. Өңделген алтыннан тиісінше қоспаларын қосып, зергерлік бұйымды жасағанда ғана оның құны арта түседі. Құм мен тастың ортасында шыланып жатқан алтынды жәй адам аңғармайды. Архив құжаттары да сондай. Басшы ретінде алтынды аршып алатын маман адамды ұзақ іздедім. Әрине архивке кімдер келіп, кімдер кетпеді дерсіз. Дегенмен, жергілікті ғалымдар тегі бас сұқпайтынына налитынмын. Кейбір ғалымдар әдетте жеке бастың күйін күйттейтін. Дегенмен, архив саласының жариялау бағыты өшіп кетпесе екен, тарих қоймада керексіз болып қалмаса екен деген тілекпен ондайлардың да еркелігіне көніп, ыңғай жасайтын едік қой.
Сондай күндер өз арнасымен өтіп жатты. Еліміз тәуелсіздігін алды. Жаңа мақсаттар, жаңа бағыттар айқындалды. Жаңа бастамалар көп болды. Солардың бірі гендерлік саясатты жүзеге асыру болатын. Елімізде алғашқы болып гендерлік саясатты жүзеге асыратын комиссия Жамбыл облысында құрылды және оның төрайымы ретінде Дәметкен Ахметова тағайындалды. Бұл қателеспесем 2002-2003 жылдар еді. Мен ол кезде Архивтер және құжаттама басқармасының басшысымын. Бір күні ол кісі жұмыс телефоныма хабарласты. Өзін таныстырды да, өңіріміздегі санаулы басшы әйелдердің бірі екенімді айтып, комиссия мүшелігіне шақырды. Кейін облыс әкімінің жиналыстарына бірге кіріп, бірге отыратын болдық. Бар активтің ішінде екі ғана әйелміз. Содан ол кісімен жақын таныстығымыз басталды. Әпке-сіңілі деп бауыр тартып, сыйластық, сырластық. Бір-біріміздің үйімізге шәй ішуге барып жүріп, көп мақтаулы асыл жары, журналист Мақұлбек Қайыпбекұлымен таныстым. Мақаң ашық жарқын, әзіл-қалжыңы жарасымды, кең кісі еді ғой. Көңілі де, жан дүниесі де баладай тап-таза жұптың шынайы махаббатын көрдім. Қанша дауласып қалса да, ұзаққа бармай бір ауыз сөзге тоқтап, бірін-бірі ылғи да сағынып жүретін адал жұптың бақытты да, қайғылы да сәттерінің куәгеріне айналдым. Уақыт өте келе бір маңнан үй салып, көрші де болдық. Үлкен жолдың бойынан Мақаңдар үй салса, содан кейінгі төменірек көшеде біз тұрдық. Содан да болар соңғы жылдарында күніге бір-біріміздің үйімізге соғып, қал-жағдайымызды сұрасушы едік. Өйткені біздер бұрынғының адам іздейтін, жақынның қадірін біліп, барында бағалайтын қоғамның өнегесін көрген ұрпақ едік. Ойымыз да көп жағдайда бір жерден шығып отыратын. Ара-тұра түсінбей қалып, ойымыз алшақ кеткен тұстарда көңіліміз ренжуді білмейтін. Бір кесе шәймен жазып алатын, сырласып отырып ұғысатын едік. Қызметтен тыс та отбасымызбен араласып, көп жақсы күндерді өткердік. Бір-бірімізге сүйеу де болдық десем қателеспеспін. Мақаң менің анамды да, әкемді де көрді. Тіпті, ауылға барғанда оларға еркелейтін еді. Ұзақ сөйлесіп, біраз әңгіменің басын шалатын еді ғой. Анам да, әкем де жан-дүниесі шешендік сөзге, өлең-жырға толы адамдар болды. Өткен тарихы бай, көрген-білгені көп. Ал Мақаң соны ұйып тыңдайды.
Анамның бір қасиеті – кісі көңіліне қарап сөйлеп, кем-кетігі болса, білдірмей жәймен жеткізетін. Сол қасиет Мақаңда да бар еді. Жалғаны жоқ азамат содан да болар анамды ерекше құрметтейтін. Бәлкім, өз апасы есіне түскен шығар. Көріскен сайын алдымен «менің қайын бикем қалай?» деп хәлін сұрайды. Олай дейтіні анам арғынның қызы еді. Дәметкен әпкем де Арқаның қызы болатын.
Бір күні Дәметкен әпкемнен Мақаңның облыстық бас газеттен кеткенін естідім. Әрине, Мақаңа оңай соқпады. Аяғанымнан емес, керісінше архив саласының маманы ретінде осы салаға жанашыр азамат болады деген үмітпен ұсыныс жасадым. Біразға дейін бас тартып жүрді. Турасына келсек, бұған дейін де бірнеше рет ұсыныстар жасаған болатынмын. Ел арасында ежелден сақталып қалған стереотип емес па. Мүмкін елеусіз, ескерусіз қалудан, қоғамнан алыстап қалудан да қорыққан шығар. Жан-дүниесі лапылдап тұрған белсенді азамат «шаң басқан архивтің баяу тынысымен» үйлеспеуден де сескенді, білем.
2011 жылдың қаңтар айында жазушы-журналист Мақұлбек Рысдәулет Жамбыл облысының мемлекеттік архивінің директоры лауазымына тағайындалды. Сол жылы кей құжаттарды саралай келіп, «Ерлік ұмытылмайды» деген кітапты жарыққа шығарды. Ал ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығына орай «Тәуелсіздік – туымыз!» атты кітабын шығаруға ұсыныс жасап, өлкенің тәуелсіздік жылдарындағы шежіресін жасақтауға кірісті. Осылайша жазушы-журналист қазынаның ішін қаза бастады. Ағаның архивтегі өнімді жұмысы жандана түсті. Бұрын-соңды қол бармаған біраз құжаттарды ақтарды. Жетпіс жылда жасалған архивтегі жариялау жоспарын бір жылда-ақ орындап шыққанда, таң-тамаша болдық. Бұған дейінгі журналистика саласындағы тәжірибесі архивтегі жұмысының жандануына бірден-бір себепші болды. Архивке келген соң Мақаңның абыройы одан әрмен еселене түсті. Бұл жаңалық архив саласының басшысы ретінде мені қатты қуантты. Өйткені, маған да мықты маман керек еді.
Мақаң газетте істеп жүргенде біраз материалды өзіне апарып беріп, мақала да жазғызатын едім. Кейбірін өзі жазып жарияласа екен деп те жүретінмін. Сол кездердің өзінде оның архивке деген құрметі ерекше еді. Мақаң тарихтан алшақ кісі емес еді ғой. Арқада жүргенде де біраз ел тарихына қатысты материалдар жазған. Елге келгенде де сол қызығушылығымен өлке тарихын зерделеп, жазып жүрді. Оған 2009 жылғы біраз мақалалар да, тіпті облыстың 70 жылдығына орай Мақаң жазған «Шуақты өлке» атты кітап та дәйек.
Құжаттарды Мақаңа көрсетудегі мақсатым – архив саласын жандандыру, сол арқылы архив туралы стереотиптерді ел арасынан сейілту еді. Шыны керек, архивте ұзақ жасап жүрген мамандардың қолына жұмыс барысында небір тарихи құжаттар түсіп жатады. Бірақ, бәрі бірдей мақала жаза алмайды. Сол үшін де жазуға қабілетті мамандардың архивке келуін қаладым. Бірақ архивтің бір киесі – қазынасын, жақұтын жанашыр маманға ғана ашатындығында. Мақаң сондай құрметті мамандардың бірегейі болды. Архивтің Мақаңа, Мақаңның архивке сіңірген еңбегі ерекше еді.
Нұркүл ОСПАНБЕКОВА,
Архив саласының ардагері,
мәдениет қайраткері
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді