«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Ерлігі үшін» медалімен марапатталды

«Ерлігі үшін» медалімен марапатталды
Ашық дереккөз
Төтенше жағдайлар министрлігінде Отан қорғаушылар күніне және Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты жиналыста Президент Жарлығымен көрсеткен ерлігі мен мінсіз қызметі үшін бір топ құтқарушы марапатталды. Солардың қатарында боранда бірнеше шақырым жаяу жүріп, адамдарды құтқарған жуалылық құтқарушы да бар.

Жуалы ауданындағы №7 өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі, азаматтық қорғау старшинасы Нұрахмет Оразбаев «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Еске салсақ, биылғы қаңтар айында «Момышұлы – Қошқарата» автожолының жабық учаскесінде үш трактор қар құрсауында қалып қойған болатын.

Көмекке аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің құтқарушылары «Трэкол» жол талғамайтын көлігімен шығады. Ауа райының қолайсыздығына байланысты қар басқан жолды жаяу анықтауға тура келгендіктен, Нұрахмет Оразбаев көліктің алдында жүріп, бағытты көрсетіп отырған. Құтқарушылардың үйлесімді жұмысының арқасында алты адам қауіпсіз жерге, Көлтоған ауылына жеткізілді. Кейін тракторлар шынжыр табанды техникамен эвакуацияланды.

Нұрахмет Қалдыбайұлы азаматтық қорғау саласында 20 жылдан астам уақыт бойы қызмет атқарып келеді. Осы жылдар ішінде ол талай сын сағатта батылдық, жанқиярлық және кәсібилігімен танылды. Оның тәжірибесі, сабырлылығы мен құтқару ісіне деген адалдығы әріптестерінің құрметіне бөленіп, құтқарылған азаматтар тарапынан алғысқа ие болды.

«Нұрахметтің «Ерлігі үшін» медалі – борандағы ерлік қана емес, сондай-ақ өзге жандардың өмірі мен қауіпсіздігі жолында тер төгіп жүрген қаһарманның еңбегіне берілген лайықты баға», – дейді әріптестері.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

 

 

Ұқсас жаңалықтар