
Аталған жоба аясында Талас аудандық кітапханасының ұйымдастыруымен Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Тараз қаласының және Талас ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Көсемәлі Сәттібайұлының шығармашылығына арналған «Жамбыл көркемсөзінің жампозы» атты кездесу кеші өтті. Кешті Талас аудандық мәслихат төрағасы Қадірбек Садубаев құттықтау сөз сөйлеп ашып, жазушыға құрмет көрсетілді.
«Талас топырағында талай тұлғалар түледі. Текті азаматтар алысқа құлаш сермеді. Солардың қатарында белгілі жазушы, көркемсөздің шебері Көсемәлі Сәттібайұлы да бар. Жерлесіміздің қаламынан туған «Сайқымазақ дүние», «Шарбақтының жалғызы», «Аран», «Шың мен шынар» көркем туындылары – оқырман олжасы. Аталған кітаптарында кейіпкерлердің көбісі осы таластық адамдар, жер-су аттары да Талас жерінің атаулары. Демек, Көсекең қуаты күшті қаламы арқылы Талас жерін Алашқа танытып жүр. Еліміздің ең таңдаулы журналисі ретінде де өлкемізге сіңірген еңбегі ерен. Жақында «Қазақстанның Құрметті жазушысы» атағына ие болды.
Жерлес жазушының әр жетістігі бізді қуантады, таластықтарды қуантады. Көсемәлі Сәттібайұлы – таластықтардың мақтанышы» деп атап өтті ол. Мұнан соң жазушының ұстазы, мектепте жүргенінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген Балтабай Әбітаев ой қозғап, жазушы шәкіртінің зеректігі оқушы кезінен байқалғанына тоқталды. Көркемсөзге талаптанған оқушылар көп болғанын, олардың арасынан Көсемәлі Сәттібайұлы дара шыққанын, үлкен кеңістікте де дара келе жатқанын әңгімеледі.
85 жастағы ұстаздың лүпілдеген жүрегі, толғанысы көпшілікті баурап алды. Кеш иесі де қарттығына қарамай ауылдан арнайы жеткен ұстазына алғысын жаудырды. Қазақ даласының әр ауылы, өңіріміздің басқа аудандары жазушының әңгіме, повесттерін қызыға оқиды. Оған дәлел Сарысу ауданының белгілі жазушысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Пернебай Дүйсенбиннің арнайы келіп сөз сөйлеуі.
Сонымен қатар, Шу ауданынан ақын, Шу ауданының Құрметті азаматы Сәт Мәлібектің арнайы келіп, кешке ортақтасуы. «Мен 40 жыл тіл маманы болған, қазақ әдбиетіндегі көркем шығармалармен жіті таныс адаммын. Проза жанрында алып тұлғалар шоғыры болды. Сол шоғырдың артын алып, қолына қалам ұстағандар ішінде Көсемәлі Сәттібайұлының еңбегі еленіп, шығармалары кең тарады. Алыстағы Шу ауданынан келіп кешке ортақтасуым бекер емес. Көсекеңнің жазушылығы бір төбе, азаматтығы бір төбе» деді кеш қонағы Сәт Мәлібек. Әдебиетші Бекбосын Кенжеғараев, жазушының сыныптасы, ақын Асқарбек Айдаров, жазушының замандасы, ауылдасы Әбілда Нұрмолдаев, білім саласының ардагері Ілес Нұрұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Әсемов толғана сөйледі.
Кеш барысында оқырмандар тарапынан қойылған сұраққа жазушы К.Сәттібайұлы қызықты да әсерлі жауап берді. Біз кеш туралы сыныптасы Асқарбек Бәтейұлының пікірін білген едік.
«Жазушының сыныптасы болған соң, мектептегі ұстаздарымызды көріп толқыдық. Көсемәлі өзін үлкен ортада мойындатқан жазушы. Жазушыға керегі – ой. Ойды оқиға мен шығарманың өзегі етіп алады. Көсемәлі жазған «Аран» романы – шындықтың дәл көрінісі. Ол жағынан алғанда менің сыныптасымның жетістігі үлкен», – деді ол.
Жазушының замандасы Мырзабай Қайырбаев, Сарысу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Аббасов, аудандық алқа билер кеңесінің төрағасы Қалмырза Жандарбек, Талас аудандық «Талас тынысы» газетінің бас редакторының орынбасары Мадина Жарас жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Жазушының өмір жолы мен шығармашылығынан үзінді бейнелер көрсетілді.
Жазушының шығармаларынан көркемсөздер құлақ құрышын келтіре оқылды. Іс-шара барысында жазушының «Шеткері үйдің жарығы» және «Алдамаңдаршы адамдар» атты шығармаларынан шағын көріністер қойылып, «Ұлбике ақын» атындағы мәдениет үйінің әншілері Гүлсезім Ағабекқызы Диана Исмаилдың «Ауылым», Зәуре Сатыбалдиева Алтынбек Қоразбаевтың «Әгугай домбыра», Дана Шалқарбаева Әбен Шалқарбаевтың «Ақтілек» әндерінен шашу шашты.
Кештің жоғары деңгейде өтуіне аудандық орталықтандырылған кітапхананың бөлім меңгерушісі Айгүл Книязқызы үлкен ізденіске барғанын байқадық. Әсерге толы кешті жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы қорытындылап, қолдау білдірген аудан әкімдігіне, мәслихатқа, кітапханашыларға алғысын білдірді. Іс-шара соңында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұржан Мұхтаров кеш иесіне үлкен алғысын білдіріп, өнер көрсеткен оқырмандарды марапаттады.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді