«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Сұлтан Бейбарыс» – қайсарлық пен қажымас жігердің үлгісі

«Сұлтан Бейбарыс» – қайсарлық пен қажымас жігердің үлгісі
Автор
Асқар Тоқпанов атындағы академиялық қазақ драма театрының биылғы жаңа маусымы жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың «Сұлтан Бейбарыс» тарихи драмасымен ашылды. Премьераны көптің күткені көрсетілген қалың қошеметтен байқалды. Тарихи драманың әр кейіпкерін шынайы сахналаған актерлер де қошеметке лайық өнер көрсетті.

Көмескі тартқан тарихты драмалық туындыларымен басқаша қырынан жаңартып, кейіпкерлердің болмысбітімін ашып көрсеткен Рахымжан Отарбаевтың ірі шығармасын шебер сахналаған спектакльмен өткеніміз тірілгендей әсер алдық. Әсерлі қойылымның қоюшы-режиссері, Гаухар Адай болса, қоюшы-суретшісі– Гүлдана Алина. Бұл туынды орта ғасырда Мысыр, Иордания, Сирия, Ливан, Израиль, Палестина, Хиджаз жері мен Ирактың Ефрат өзенінің батыс өңірін, Түркияның оңтүстік-шығысындағы жерлерді қамтыған мәмлүк мемлекетінде 17 жыл сұлтандық құрған Бейбарыстың күрделі, күреске толы тағдырын баяндайды.

Шығарманың бас кейіпкері сұлтан Бейбарыс – ішкі әлемі мен бітімболмысы ерекше, рухы күшті күрескер. Ол – дешті қыпшақ даласында туылып, он жасында құлдыққа өзге елге сатылып, қатардағы құлдан Мысыр елінің кемеңгер билеушісі дәрежесіне дейін көтерілген тұлға.

Атақ пен даңқ және билік шыңына жету жолында ұлы мақсаттар мен міндеттер үшін құрбандыққа барған жан. Қарамақайшылыққа толы ғұмыр иесі небір соқпақтардан өтеді. Қойылым оқиғасы бейбіт өмір сыйлаған әділ басшы, мықты дипломат, батыр болған Бейбарыстың күрестерін, жеңістерін, достық пен опасыздық арасындағы таңдауларын баяндайды. Бейбарыс сұлтанның тапқырлығы мен қамқорлығы оны ел-жұртының сеніміне ие болған ханға айналдырды. Ұлы Сұлтанның мінезі батылдық пен мейірімділіктің үйлесімін көрсетіп, қиындықтарды еңсере білетін төзімділігімен ерекшеленеді. Ол әрқашан әділеттілікті қорғап, опасыздыққа жол бермей, достықты бағалады. Ұлы даланың айтулы әміршісі Бейбарыс адам теңдігі мен бостандығы үшін күресті. Ол – баладан данаға, құлдан көсемге айналған тұлға. Осындай қайратты да жігерлі азаматты Мәдениет саласының үздігі Кенен Ақүрпеков шебер сомдады. Оның бала бейнесін Азамат Тұраров ойнады.

Алтын орда елшісін Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Асқарбек Сейілхан, Тарихшы рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүніс Әлімбеков, Құтызды Жандос Ильясбеков өз деңгейінде шебер орындады. Мәдениет саласының үздігі Жандар Қырықбаев Қалауынды, оның бала бейнесін Ерасыл Аманбек көрсетті. Хуан пірәдарды Мәдениет саласының үздігі Мәмбет Қожалиев, Иса Тұран шахты Мейірбек Есімбекұлы сахналады. Бейбарыстың анасының образын Гаухар Сұлтанбекова, ал жары Фатиманың рөлін жас талантты актриса Ақнұр Елемесова ойнап, көрерменнің көз алдында қайта тірілткендей әсер қалдырды. Людовиг IX рөлі Мерхат Жонусовтың бейнелеуімен сәтті шықты. Өзге кейіпкерлерді де көрермен назарына дәл берген актерлер өз образдарын аша білді. Ал бишілер Аружан Райымбек пен Маликаханым Алтынбекова спектакльдің мағынасын арттыруға көрік қосты.

Тарихи-драмалық спектакль барысында халқымыздың бай мәдени дәстүрі берілді. Қойылымда ұлттық құндылықтар, яғни қазақи музыка, әуен мен би, салт-дәстүр, батырлық айшықты көрсетілді. Қойылым тарих шынайылығын және бас кейіпкердің батырлығы мен халқына адалдығын сездіртті. Көрермен тек тарихи оқиғаларды ғана емес, сол ғасырдағы адам тағдырының терең философиялық мәнін де ұғына алған болар деген ой түйдік.

Жаңа қойылым қол астындағы мемлекеттердің өркендеуі мен дамуын қамтамасыз еткен, көреген басшы ретінде ел жадында қалған, Отанына деген сүйіспеншілікті бүкіл ғұмырында жанына медеу еткен күрескер, тарихи тұлғаны барынша көрерменге әсерлі жеткізді. Рухты көтеріп, терең ойға жетеледі, ұлт тарихын түсіндірді десек, қателеспеспіз.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар