Нарша Қашағанұлының 75 жасы туған жерінде аталып өтті
Ақынның шығармашылығына арналған шағын театрландырылған қойылыммен ашылған әдеби кеште «Ұлбике ақын» атындағы мәдениет орталығы жанындағы Талас халық театрының әртістері Нарша Қашағанұлының тағдырлы ғұмыры мен әдебиеттегі өзіндік қолтаңбасын өзінің өрнекті өлеңдерімен жеткізді. Ұлт руханиятына құнды қазына қосқан ақын сүбелі сөзімен, өткір өлеңімен, әдемі әзілімен елінің ерке ақыны атанған еді. Оның қаламынан туған туындыларына туған жерге деген перзенттік махаббат, ел мен жер тағдырына жанашырлық, адамгершілік пен адалдық секілді асыл қасиеттер арқау болды. Жан тазалығы, отаншылдық – оның өзекті тақырыбы еді.
Шығармашылық кешке қатысқан айтыскер ақын Шорабек Айдаров, жазушы, журналист Көсемәлі Сәттібайұлы, қоғам белсендісі Батырбек Құлекеев, Ш.Мұртаза атындағы облыстық тарихтану және руханият орталығының директоры Жасұлан Әбдіхалық Нарша Қашағанұлының өмір жолынан естеліктер айтып, шығармашылығы жайында тебірене ой қозғады, артында қалған әдеби мұрасының қазақ руханиятындағы орны мен маңызын ерекше атап өтті. Мұнан соң ақынның жырлары мен ол жайында жазылған естеліктер топтастырылып, жарық көрген «Рақмет, туған ел» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
– Қарт Қаратаудың асты ғана қазыналы емес, үсті де қазына, ол – өнер қазынасы, әдебиет пен мәдениеттің рухани байлығы. Ешкімді бөле-жарғымыз келмейді, бірақ «Тоғыз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» дегендей, Нарша Қашағанұлы өлеңдеріндегі, түйіп айтар сөзіндегі өзіндік ерекшелігімен бөлек. Бұған дейін Нарша ағамыздың шығармашылығы тек бір сәттік концертпен шектелмей, арнайы мүшайра, байқаулар өткізілсе деген ұсыныстар айтылған болатын. Бұйыртса, келесі жылдан бастап тарихтану және руханият орталығы осыны қолға алмақшы. Ақынын ардақтап, ойлы сөзіне тоқталған ел азбайды, – деді Шерхан Мұртаза атындағы облыстық руханият және тарихтану орталығының директоры Жасұлан Әбдіхалық.
Нарша Қашағанұлының сөзіне жазылған сазгер Әуезхан Салабековтің әндерін К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі, мәдениет саласының үздігі Мадина Сағымбекова, Бақыт Шағырбаев және тағы басқа да әншілер орындап, әдеби әңгімені әуенмен әрледі. Сонымен қатар оқырмандар ақынның мағынасы терең өлеңдерін мәнерлеп оқып, жиылған қауымның қошеметіне бөленді.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Талас ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ат тұяқты адам
- 31 наурыз, 2026
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




