Биылғы кештің атауының өзі көп нәрсені аңғартады. «Біз сағынған көктем» – бұл табиғаттың ғана емес, адамның жан дүниесіндегі жаңғыруды, жүректегі аңсарды, рухани серпілісті аңсау. Осы идея кештің өн бойынан анық сезілді. Авангард форматындағы әдеби басқосудың ерекшелігі – дәстүрлі поэзия кештерінен өзгеше өрнегінде. Мұнда сахна тек өлең оқитын орын емес, тұтас бір философиялық кеңістікке айналды. Жарықтың жарқылы, музыка ырғағы, актерлік шеберлік, бейнекөріністер мен поэтикалық мәтіндер бір арнаға тоғысып, көрерменді ерекше атмосфераға жетеледі.
Кештің шымылдығы «Тағзым» бөлімімен түріліп, қазақ поэзиясының көрнекті өкілдері атанған жамбылдық ақындар – Нарша Қашағанұлы, Серік Томанов, Тынышбай Рахым, Күләш Ахметова және жақында ғана дүниеден озған қазақтың рухты ақыны Мұхтар Шахановтың жарқын бейнесін еске алумен басталды. Сахнадан Нарша Қашағанұлының ел мен өмір туралы терең толғаныстарға толы жырлары оқылып, ақынның сөзіне жазылған Әуезхан Салабековтің «Хат жазып тұр» әні Ерсұлтан Құралбекұлының орындауында шырқалып, әр жүректі тербетті. Ақынның «Өлеңдерім – халқыма жазған хаттарым» деп келетін сырлы шумақтары кешке жиналған қауымды бір сәт терең ойға жетеледі. Серік Томановтың мұң мен махаббат астасқан лирикасы да сахна төрінен ерекше әсермен оқылды. Ақынның «Ләйлі барда өмірде қайғы да бар…» деп басталатын өлеңі көрермен көңілін толқытса, оның сөзіне жазылған Ербол Спаналиевтің «Құс қанат ғұмыр» әнін Жанболат Таласбай орындап, кештің эмоциялық өрісін тереңдетті. Ал Тынышбай Рахымның поэзиясы мен сазгерлік болмысы қатар өріліп, оның «Алтайдың ар жағынан келген ару» әні Саят Тұрдалыұлының орындауында көрерменге жол тартты. Ақынның жастық, махаббат, сезім жайлы жырлары мен әндері кештің лирикалық арнасын одан әрі байыта түсті.
Күләш Ахметованың нәзік әлемі де ерекше ықыласпен еске алынды. Ақынның сөзіне жазылған Баян Нұрмышеваның «Жақсылықтың бағасы» әнін Балауса Бисен орындап, аналық мейірім мен адамгершілік тақырыбын әсем әуенмен өрнектеді. Күләш жырларының «ананың әлдиіндей ыстық» табиғаты кешке келген көптің көңілінен айрықша орын алды. Мұхтар Шахановтың өр рухты поэзиясы да назардан тыс қалмады. Ақынның сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың «Өмір өзен» әнін Орынбасар Бақытұлы шырқап, көрерменді бірге қосылып айтуға жетелеген әсерлі сәттердің біріне айналды. Кеш тізгінін жоба авторы, ақын Арайлы Жақсылық ұстады. Ал идея авторы белгілі ақын Файзулла Төлтай сахнаға көтеріліп, жыр оқып, жобаның рухани сабақтастығы мен уақытпен бірге тереңдей түскен мазмұнын айқындады.
Авангардың екінші бөлімі де ерекше әсерлі болды. Онда жамбылдық ақындардың жүректен шыққан жырлары әр жүрекке нұр құйды. Атап айтсақ, Табиғат Абаилдаев, Нұржан Қадырәлі, Ғайникен Маралтайқызы, Назерке Оңғар, Нұрсұлтан Рахымбай, Ғалия Абылай, Бауыржан Асқарұлы, Нұрбақыт Тұтқышбеков сынды ақындар авторлық туындыларын оқып, поэзиядағы бүгінгі буынның үні мен сезімін жеткізді. Жоба авторы, ақын Арайлы Жақсылықтың «Құсжандылық» атты өлеңіне жазылған Ерсұлтан Құралбекұлының жаңа әні автордың орындауында осы кеште тұңғыш рет орындалды. Авангард шаһардың мәдени өміріндегі маңызды дәстүрге айналды.
Ол поэзияны жаңа қырынан танытып қана қоймай, өнерсүйер қауымның басын қосатын рухани алаң қалыптастырды. «Біз сағынған көктем» – биылғы кеш осындай атаумен әр адамның жүрегіндегі үмітке, сұлулыққа, шабытқа деген сезімдерін тербетті. Тараз төрінде өткен поэтикалық кеш көрермен жүрегіне дәл сол көктемнің лебін сыйлай алды. Кеш соңында көктемгі стиль мен эстетиканы үйлестіре білген үздік дресскод иелеріне арнайы сыйлықтар табысталып, авангардтың көркем атмосферасы сән мен талғам үйлесімімен түйінделді. Осылайша, «Біз сағынған көктем» – жүректегі үміттің, жырға деген іңкәрліктің, рухани жаңғырудың символына айналып, Тараз төрінде тағы бір мәрте поэзияның өміршең екендігін дәлелдеді.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




