«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бағым да, тағым да – халық

Бағым да, тағым да – халық
Автор
Елін шын сүйген жүректен төгілген өлең өрнектеліп туады. Оның дәлелін көркем сөзді кестелеген өлеңдерімен көпшілікті тамсандырып жүрген ақындардан байқаймыз. Сондай кестелі сөздің шебері ақын Ғайни Әлімбекқызы. Туған жері – Байзақ ауданы ақын қыздарының шығармашылық кешін ұйымдастырып, Мырзатай ауылындағы Мәдениет үйінде әдеби кеште бас қосты.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, ақпарат және мәдениет саласының үздігі Ғайни Әлімбекқызы бұл кеште өзі де өлеңдерін оқып, көрерменнің қошеметіне бөленді. Сондай-ақ Мырзатай ауылының жастары мен Тараз қаласындағы «Әдеби жігіттер» тобы ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, әдеби композиция ұсынды. «Бағым да, тағым да – халық» деп аталған әдеби сазды кешті Байзақ ауданының әкімі Олжас Баққараев құттықтау сөзімен ашты.

– Қазақ әдебиетіне сүбелі үлес қосқан, баспасөз бен телеарнаға еңбегі сіңген Ғайни Әлімбекқызы ауданымыздың ғана емес, облысымыздың мақтанышы, барша қазақ еліне ортақ ақын. Ақынның «Ақша бұлттар арасында арман бар», «Көңілімде боздап тұрды бозінген», «Жыр-айна», «Қарлығаштар мекені», «Сен берген гүл» атты кітаптары оқырманның жүрегіне жол тапқан туындылар. Әр өлеңінен адам жанының толқынысы, нәзік сезім мен шынайы ой көрініс табады. Жамбыл жерінен шыққан «Ел кемеңгері – Төле би», «Қазақ хандығына – 550 жыл», «Тұлпардың ізі», «Шындықтың жебесі – Шерхан Мұртаза» атты терең мағыналы документалды фильмдері республикалық арналарда көрсетіліп, жоғары бағаланған. Ғайни Әлімбекқызының сөзіне жазылған әндер «Азия дауысы», «Жас қанат» халықаралық байқауларының лауреаты атанғанын жақсы білеміз. Әрбір шығармасы шынайы өнердің өлмес құндылық екенін дәлелдеп келеді. Әдебиетке деген құрметі, сөз өнеріне деген ілтипаты үнемі анық аңғарылып тұрады. Әр сөзге асқан жауапкершілік танытып, ұлтқа өлшеусіз еңбек сіңіріп келеді. Әр туындысы бүгінгі оқырман жанына жақын, рухани нәр беретін әдеби мұраға айналды. Ғайни Әлімбекқызының өмір жолы, әдебиет әлеміне қосқан шығармалары жас буын үшін аса қымбат. Сыршыл да ойлы жырлары, әуен, саз шақырып тұратын өлеңдері әлі талай ұрпақты қуанта береді деп сенеміз, – деген Олжас Елебекұлы кеш иесіне құттықтау хатын тапсырып, тарту-таралғысын жасады.

Кешке арнайы қатысқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әншісазгер Әбиірбек Тінәлиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүніс Әлімбеков және облыстық филармония мен Жамбыл ауданының жезтаңдай әншілері Ғайни Әлімбекқызының сөзіне жазылған әндерді орындады. Облыстық мәслихат төрағасының құттықтау хатын жеткізген депутат, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт кеш кейіпкеріне гүл шоқтарын сыйлап, қазақы салтпен оюлы бешпет кигізіп, иығына ақ орамал жапты. Ғайни Әлімбекқызы ақын, журналист қана емес, дүниеге сәби әкеліп, оларды тұлға етіп тәрбиелеп өсірген ана. Оның бала тәрбиесіндегі өнегесін, аналық жолын «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали мен «Taraz24» телеарнасының негізін қалаушы Зарина Қуатова жеткізді.

Филология ғылымдарының кандидаты, профес с о р Меңдібай Әбілов, облыстың Құрметті азаматы Жұмакүл Абылғазықызы, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің профессоры, ғылым докторы, Аналар алқасының төрайымы Жанат Сарыбекова жүрекжарды лебіздерін ақтарды. Аудандық кітапхана ақынның кітаптары мен еңбектерінен және өмірінің әр сәтінен естелік болған суреттерінен көрме ұйымдастырды. Кеш соңында қатысушылардың тарқағысы келмей, ұзақ қол соғып, қошемет көрсеткенінен көпшіліктің әдебиетке сусап қалғанын сездік.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Байзақ ауданы

Ұқсас жаңалықтар