«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ASPARA FASHION WEEK Сән – энергия бар жерде туады

ASPARA FASHION WEEK Сән – энергия бар жерде туады
Автор
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен «ASPARA FASHION WEEK» халықаралық сән апталығының XVII маусымына арналған көшпелі баспасөз конференциясы өтті. Іс-шараға сән индустриясының халықаралық және отандық өкілдері қатысып, алдағы сән апталығының маңызы мен мүмкіндіктері кеңінен талқыланды.

Баспасөз конференциясында «ASPARA FASHION WEEK» бас менеджері әрі продюсері Санжар Қалиев сөз сөйлеп, жобаның ауқымы мен мәніне тоқталды. Оның айтуынша, бұл сән апталығы 17 маусым ішінде 50-ге жуық елден 700-ден астам дизайнерді біріктірген ірі халықаралық платформаға айналған.

– ASPARA FASHION WEEK – бұл тек сән көрсетілімі емес. Бұл – мәдени диалог алаңы. Мұнда дәстүрлі қолөнер заманауи дизайнмен ұштасып, жаңа идеялар мен тың бағыттарға жол ашады. Тараз қаласы осы үдерістің жүрегіне айналып отыр, – деді Санжар Қалиев.

Сонымен қатар ол бұл жобаның дизайнерлер үшін халықаралық нарыққа шығуына мүмкіндік беретін бірегей алаң екенін атап өтті. Сән апталығы аясында жаңа байланыстар орнап, шығармашылық ынтымақтастық нығая түседі. Жиынға қатысқан Mad Mood Milan Fashion Week президенті Марианна Мичели де өз пікірін білдіріп, Қазақстандағы сән индустриясының даму қарқынына жоғары баға берді.

– ASPARA FASHION WEEK – дизайнерлер үшін тәжірибе алмасып, жаңа идеялар қалыптастыратын маңызды орта. Қазақ халқының ұлттық мәдениеті қазіргі сән әлемінде ерекше орын алып келеді. Осындай жобалардың арқасында жаңа таланттар табамын, шығармашылық дамуға кең жол ашылады, – деді ол.

Ал Serbia Fashion Week президенті Светлана Хорват Тараз қаласының ерекше атмосферасы мен халықаралық әріптестіктің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, ASPARA FASHION WEEK – тек сән апталығы ғана емес, елдер арасындағы мәдени және кәсіби байланысты нығайтатын алаң.

– Мен бүгін осында, тарихы терең Тараз қаласында болғаныма шын жүректен қуаныштымын. ASPARA FASHION WEEK – жаңа идеялар мен халықаралық ынтымақтастық туындайтын ерекше кеңістік. Serbia Fashion Week пен ASPARA арасындағы байланыс бүгінде жай серіктестік емес, ортақ мақсат пен достыққа айналды. Тараздың қонақжайлығы ерекше әсер қалдырды – мұнда өзіңді қонақ емес, осы ортаның бір бөлігі ретінде сезінесің. Мұндай жобалар Еуразиядағы сән индустриясының жаңа келбетін қалыптастырып, дизайнерлерге үлкен мүмкіндіктер ашады. Бүгінде сән тек ірі астаналарда ғана жасалмайды, ол энергия бар жерде туады. Ал бүгін сол энергия – Таразда, – деді Светлана Хорват.

Жалпы, «ASPARA FASHION WEEK» халықаралық сән апталығы – ұлттық мәдениетті заманауи сәнмен ұштастырып, дизайнерлердің кәсіби дамуына серпін беретін маңызды жоба. Тараз қаласында өтіп жатқан бұл шара өңірдің мәдени әлеуетін арттырып қана қоймай, оны халықаралық сән индустриясының маңызды орталықтарының біріне айналдыруға ықпал етуде.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

 

Ұқсас жаңалықтар