«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жыр алыбының бас жүлдесі жамбылдық ақынға бұйырды

Жыр алыбының бас жүлдесі жамбылдық ақынға бұйырды
Автор
«Баласағұн» орталық концерт залында Amanat партиясының және облыс әкімінің қолдауымен, облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына орай «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» атты халықаралық айтыс өтті.

Айтыстың шымылдығы жамбылдық Нұрлыбек Құрманов пен Қырғыз елінен келген Нұрсұлтан Малдыбаевтың сөз жарыстыруымен ашылды. Мұнан соң жерлесіміз Мұхтар Қонарбаев пен алматылық Сұлужан Таубалдиева айтысты. Жұрттың айызын қандырған айтыс жамбылдық жас жүйрік Інжу Жаңабай мен қызылордалық аңыз айтыскер, үш мәрте алтын домбыра айтысының иегері Мұхтар Ниязовтың сөз сайысы болды.

«Үш рет алтын домбыра ұтып алған, Мұхтар ағам бүгінгі тірі Жамбыл» деген Інжудің әдемі теңеуіне Мұхтар Ниязов: «Мені олай сәл артық мақтамашы, айтыста менен биік ұлылар жүр, Өзіңнің әкеңе де ұстаз болған, Шорабек Айдаров атаң тірі Жамбыл» деп толғанды. Жамбылдық Жанерке Қамбар мен керекулік Аспанбек Шұғатаев та жақсы айтыс жас ады. Төркінін сағынып келген, түбі Т.Рысқұлов ауданынан шыққан, Ақтөбе облысының ақыны Аруна Керімбек шымкенттік Аян Ниязбекпен жұп болды. Айтысты Сыр елінен келген Ержан Әмір мен қырғыз Мамбет Тоқто Мамбет Орозоулу түйіндеді.

Финалда Нұрсұлтан мен Жанерке, Мұхтар Ниязов пен Аспанбек айтысты. Айтысты белгілі айтыс ақыны, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев жүргізді. Қазылар құрамын белгілі ақын, айтыстың атасы Жүрсін Ерман басқарса, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Роза Мұқанова, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, Парламент Мәжілісінің депутаты, ақын Жанарбек Әшімжан, облыстық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер орталығының директоры Ахметжан Өзбеков, айтыскер ақын Айтмұханбет Исақов, белгілі журналист Жасұлан Әбдіхалық қазылар құрамынан табылды.

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге жерлесіміз Жанерке Қамбар лайық деп танылды. Бірінші жүлдені Мұхтар Ниязов, екінші жүлдені керекулік Аспанбек Шұғатаев иеленді. Үшінші жүлде Қырғыз елінің ақ үміті Нұрсұлтан Малдыбаевқа бұйырды. Ақтөбелік Аруна Керімбек Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров пен облыс әкімдігі тағайындаған 1 миллион теңгелік арнайы сыйлыққа ие болды.

Әйгілі Мұхтар Ниязовпен айтысып, жоғары балл алған, «Қола домбыра» айтысының бас жүлдегері тараздық Інжу Жаңабайға да талабыңа нұр жаусын дедік.

 

Aq jol-Aqparat

Ұқсас жаңалықтар