«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Арнайы кітапхана зағип оқырмандарға экскурcия ұйымдастырды

Арнайы кітапхана зағип оқырмандарға экскурcия ұйымдастырды
Автор
Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы зағип оқырмандарға экскурсия ұйымдастырды. Танымдық саяхат «IZITRAVEL» жобасы аясында «Орта ғасырлар мұрасы: Тараз өңіріндегі үш бірдей рухани ескерткіш» Тектұрмас, Қарахан, Айша бибі кесенелеріне бағытталды.

Орта ғасырлардан сақталған бірегей рухани-мәдени мұралар Тектұрмас кесенесі, Қарахан баба және Айша бибі кесенесі ескерткіштерін таныстыру, олардың тарихи және рухани маңызын насихаттау мақсатында зағип жандарға қолжетімді әрі заманауи танымдық орта қалыптастыру көзделген.

– «IZITRAVEL» жобасы – көзі көрмейтін азаматтарға арналған тарихи орындар туралы мол мағлұмат алып, танымын кеңейтуге таптырмас құрал. Бұл әлемдік деңгейде қолданылатын бағдарлама, соны кітапханамызда тиімді пайдаланып, 5 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Осы бағдарламаға облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы облыстың 39 тарихи нысаны туралы қазақша, орысша, ағылшынша мәліметтерді аудиожазба арқылы ендірді. Арнайы жоба аясында өткізілген бүгінгі саяхатымызда оқырмандарымыз тарихи орындарға барып қана қоймай, «IZITRAVEL» бағдарламасынан барлық мәліметтерді тыңдап, соларды қолымен ұстап, сезініп көруде. Алдағы уақытта өңіріміздегі бағдарламаға әлі енбеген ескерткіштер туралы мағлұматтарды кіргізіп, толықтыра беретін боламыз. Осы бағдарламамен жүргізген жұмыстарымыз өткен жылы республикалық деңгейде жоғары бағаланып, І орынды алған болатынбыз. Танымдық саяхатымыз мұнымен тоқтап қалмайды, жылда көктемнен күзге дейінгі аралықта жалғасып келе жатыр, – дейді кітапханашы Бегалы Жұмахан.

Саяхатқа қатысушыларды көлікпен қамтамасыз етуге «Ақ Сұңқар» жастар қоғамдық бірлестігі демеушілік көрсетті.

– Жыл басында зағип жандармен кездескен болатынбыз. Сол жүздесуде тарихи орындарға жасалатын саяхатқа апарып-әкелетін көлік жағынан көмек көрсетуімізді сұрады. Бізге бұл – негізгі мақсатымызға жетуге үлкен мүмкіндік. Себебі, біздің қоғамдық бірлестіктің көздегені – көмекті қажет ететін жандарға қол ұшын созу, олардың кәдесіне жарап, ізгі іс атқару. Біздің еріктілер қозғалысы 2011 жылы құрылған еді, қазір жүзге жуық мүшесі бар. Бұған дейін қатарымызда мыңнан астам еріктілер бар еді. Бірлестігіміз негізінен қоғамның игілігіне пайдамызды тигізу мақсатында жұмыс істейді. Қазір өңірдегі көзі көрмейтін азаматтар одағының өкілімен сөйлестік, қандай жұмыстарына көмегіміз қажеттігін айтты, бұйыртса сол істеріне өз жәрдемімізді тигіземіз, – дейді «Ақ Сұңқар» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Еркін Әбдиев.

Саяхатқа қатысушылар барған орындарының тарихы туралы «IZITRAVEL» бағдарламасынан тыңдап, бабалар рухына Құран бағыштады.

– Әулиеата жері қасиетті кісілердің ізі қалған, тасын түртсе тарих сөйлейтін, рухани қазынаға бай мекен екенін бәрі біледі. Солардың мұрасын нақтырақ білуіміз үшін, ой-танымымызды кеңейтуге осындай мүмкіндік жасап, саяхат ұйымдастырған кітапхана директоры Жанна Алшынбаева бастаған ұжымға айтар алғысымыз шексіз. «IZITRAVEL» жобасы арқылы туған жеріміздің өткенін, бұрынғылардан қалған ізді тереңірек біліп жатырмыз, бұл білгенімізді біз өз немерешөберелерімізге айтып, ел тарихын таныта түсеміз. Әрі сырттан келетін қонақтарға да осындай мекенненбіз деп мақтанышпен айтарымыз арта түсті, – дейді арнайы кітапхананың оқырманы Бақтияр Естаев.

Саяхатқа қатысушы зағип оқырмандар «IZITRAVEL» қосымшасы арқылы өз смартфондарының көмегімен кесенелер туралы аудио форматтағы мәліметтерді өз бетінше тыңдауларына болады. Бұл олардың тәуелсіз түрде ақпарат алуына мүмкіндік беріп, мәдени мұраны қолжетімді әрі инклюзивті түрде меңгеруге жағдай жасайды. Осылайша, жоба инклюзивті туризмді дамытуға, цифрлық технологияларды тиімді пайдалануға және тарихи мұраны баршаға тең дәрежеде қолжетімді етуге кең жол ашып отыр.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

 

Ұқсас жаңалықтар