Бұл басқосудың негізгі мақсаты – жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заң талаптарын құрметтеуге баулу, сондай-ақ қоғамдағы тәртіп пен жауапкершілік ұғымдарын терең түсіндіру. Ата заң – ел тәуелсіздігінің тірегі, мемлекеттіліктің берік негізі екені кеңінен насихатталды. Іс-шара барысында спикер Зейнел-Нәби Сұлтанбаев қатысушылармен ерекше форматта жұмыс жүргізді. Ол «бәріміз бір кемедеміз, алайда бұл кемеде капитан жоқ» деген астарлы оймен қызықтыра білді. Бұл мысал арқылы жастарды жауапкершілікке, ортақ мақсат жолында біріге әрекет етуге үндеді. Осы идеяны жалғастыра отырып, «кемені жағаға аман жеткізу» мақсатында арнайы интерактивті ойын ұйымдастырылды.
Білімгерлерге ақ парақтар таратылып, «Спикер деген кім? Спикердің артықшылықтары қандай? Ата заң дегеніміз не? Заң мен тәртіп ұғымдарын қалай түсінесіз?» деген сұрақтарға жауап беру ұсынылды. Қатысушылар өз ойларын еркін жеткізіп, қағаз бетіне түсірді. Іс-шара екі тілде, қазақ және орыс тілдерінде жүргізіліп, білімгерлердің белсенділігі ерекше байқалды. Нәтижесінде ең үздік әрі мазмұнды жауап берген қатысушылар іріктеліп, символикалық түрде «бас спикер» мәртебесіне ие болды. Бұл тәсіл жастардың көшбасшылық қабілетін оятып, олардың өз пікірін ашық жеткізуіне мүмкіндік берді. Осылайша, танымдық әрі тәрбиелік мәні зор интерактивті бөлім дөңгелек үстелдің негізгі тақырыбы – «Ата заң – Тәуелсіздік тұғыры» бағытындағы мазмұнды талқылауға ұласты.
Кездесудің келесі кезеңінде облыстық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы Қаракөз Телемісова сөз алып, бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық мәселесіне тоқталды. Өз баяндамасында спикер жеткіншектер арасында кең етек алып отырған буллинг мәселесін атап өтіп, оның психологиялық және әлеуметтік зардаптарына ерекше назар аударды. Сонымен қатар түнгі уақытта ата-анасының қарауынсыз жүрген жасөспірімдерге қатысты қолданыстағы заң талаптары, мұндай жағдайларда қолданылатын әкімшілік-құқықтық іс-шаралар және олардың салдары туралы жан-жақты түсіндірді.
Іс-шараның көркем бөлімі ұлттық өнермен сабақтасып, ерекше әсер сыйлады. Орталықтың «Ақберен» айтыскер ақындар және «Қаратау» жыр-терме үйірмелерінің шәкірттері сахна төрінде өнер көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Атап айтқанда, іс-шара үйірме жетекшісі, айтыскер ақын Дидар Аббасовтың арнауымен басталды. Жиынның көркемдік бөлімі жоғары деңгейде өтіп, қатысушыларға ерекше рухани әсер сыйлады. Үйірменің шәкірті Сұлтанхан Даниал «Туған жер» әнін нақышына келтіре орындап, туған елге деген сүйіспеншілікті әсем әуен арқылы жеткізді. Ал Қанат Жасарасов «Ата заң» тақырыбындағы өлеңін оқып, жастарды отансүйгіштікке, елдік құндылықтарды құрметтеуге және заңға деген жауапкершілікті сезінуге үндеді.
Жиын соңында Сәрсенбай Әбілқайыр қазақ күй өнерінің көрнекті өкілі Қазанғаптың «Бозжорғаның бөгелек қағуы» күйін шебер орындап, ұлттық өнердің тереңдігі мен тағылымын айқын көрсетті. Мағыналы да қызықты өткен дөңгелек үстел жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, заң мен тәртіп қағидаттарын насихаттауға және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі болды. Заңға құрмет – елге құрмет екені тағы бір мәрте айқындалып, қатысушыларға үлкен ой салды.
Фариза КЕНЖЕБАЕВА
облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының «Қоғаммен байланыс және айтыс өнерін дамыту» бөлімінің меңгерушісі.
Ұқсас жаңалықтар
Жыр алыбы және жасанды интеллект
- 16 сәуір, 2026
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




