«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Соғыста жеңімпаз болмайды...»

«Соғыста жеңімпаз болмайды...»
Автор
Адами биік тұғырда тұрып ойлансаңыз, осы бір ауыз сөзге бүкіл адамзат құндылығы сыйып тұр. Адам тіршілікте адам болып жаралғалы бергі бүкіл даму сатысындағы мақтанатын, масаттанатын мақсаты болса, ол біреу-ақ – соғыссыз өмір болуы керек! Өйткені кез келген тіршілік иесі өмір сүру үшін келеді, өлу үшін емес... Мәселені соғыспен шешу – сана деңгейінің соңғы сатысындағы пенденің тірлігі дер едім. Соғыс – баланы анадан айыру, әйелден жарын айыру, елден ерді айыру, жерден елді айыру. Соғыс – атылған оқ, аққан қан, шыққан жан, шашылған сүйек және ең өкініштісі – ол біреу-екеу емес, миллиондар. Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында сол миллиондардың бірі болғанымен, ана мен әкенің жалғызы, жардың өшпес махаббаты, баланың мәңгілік сағынышы болған мойынқұмдық бір батыр туралы сыр шерткіміз келді.

Уақыт сынаптай сырғып өтуде, алайда ел мен жерін қорғаған, өз Отанын шексіз сүйген ардақты ата-әкелеріміз, аға әпкелеріміздің есімі мен ерлік үлгісі ешқашан ұмытылмайды. Ел басына күн туып, Отан-Анаға қауіп төнген шақта барша қазақстандықтар сияқты Мойынқұм ауданының азаматтары да бір кісідей қолына қару алып, елі мен жерін қорғауға соғыс даласына аттанды. Олар аттанып қана қойған жоқ, ерен ерліктің, асқан ержүректіліктің үлгісін көрсетті. Өздерін нағыз батырлар елінің ұрпағы екенін дәлелдеді. Олар бізге бейбіт өмірдің қадірін ұғындырды. Жеңіс күнін жақындатуға сүбелі үлес қосты.

Фашизмнің қара түнегі ел басына төнгенде атам Әскен (Әседілда) 1942 жылы қолына қару алып, қан майданға аттанды. Мойынқұм ауданының топырағында туған Әскен атамның жауынгерлік өмір жолын мақала арқауына айналдырып, көпшілік қауымға ұсынғанды немерелік парызым деп санадым. Тіршілік тауқыметін көріп өскен атам – Әскен Нағашыбеков 1917 жылы Қызыл отау округіне қарасты 2-ші Амангелді бөлімшесінде дүниеге келген.

Қылышбай деген шалдан екі ұл: Нағашыбек және Жиенбек тараған. Жиенбектен тараған ұрпақтың көпшілігі Шу ауданында қоныстанған. Ал Нағашыбектен тараған Әскен әулеті бүгінгі таңда Мойынқұм ауданы Күшаман ауылы мен негізгі бөлігі Алматы облысында тұрады. Әскен атам мұғалімдер даярлайтын Шымкент қаласындағы техникумға 1941 жылы оқуға түсіп, одан әрі 1942 жылдың сәуір айының 20-да Оңтүстік облыстық әскери бөлімінің №317 бұйрығымен майдан даласына жолдама алған. Онда 33-гвардиялық артиллериялық екпінді полктің құрамына кірген. Полктің құрамында жүріп, тұңғыш рет 1943 жылдың тамызында Қырым түбегі Керчь қаласы Федосеяны азат етуге қатысқан ерлігі үшін II дережелі орденін иеленген. Шені: қатардағы жауынгер. Орталық ВКП партиясына мүше болған. Партбилет: №5162350. Атам Әскен соғыс алаңында жүріп радист-мерген (снайпер) қызметін атқарған.

Тіл байлығы жеткілікті, өткір қара көзді, ұзын бойлы ақсары, әр қимылы мен іс-әрекетін тиянақты ұштастырған ісіне байланысты, артиллериялық взвод командирі капитан Ключанский Әскен атамды байланыс қызметі хатшылығына тағайындаған. Хатшылықпен бірге жаумен соғысып жүріп,1944 жылдың ақпанының 27-жұлдызында қару ұстайтын оң қолы мен оң жақ жамбастан ауыр жараланады. 1944 жылы 26 шілдеде Отаны үшін, халықты фашистік езгіден азат ету жолында өзінің өмірін, жанын құрбан етеді. Алланың құдіретін қараңыз, 26-сы күні атам жан тапсырып жатқанда әкем Аманкелді Әскенұлы осы 26 шілде күні жарық дүние есігін ашады. Бұл сәйкестік пе, әлде тылсым ба? Атамның сүйегі Ленинград облысы Остров ауданы Зобы ауылы «Бауырлар зиратына» жерленеді. Соғыс даласында ізі мен қаһармандық ерлігі қалады.

Артта қалған ұлы Аманкелді әкесін сағынып, 82 жыл әкемді көрсем деген арманда болады. Апам Рән тоқсан жастан асып, қартайып, ішкен асын ұмытса да, жары Әскеннің өлең жолдарын қателеспей, мүдірмей айтып өтеді. Бұл жерде айта кетерлігі, «осы уақытқа дейін атамның жалғыз суреті болған. Үздіксіз ізденістің арқасында әскери киімде, кеудесінде II дережелі орденімен түскен екінші суретін қолға түсіру мүмкіндігі туды», – деп тебірене баяндайды жауынгердің жалғыз немересі Жанкелді. Әседілда атамыз – жалғыз ұл, Нағашыбектің Ұзын Сарысы аталып кеткен, елге жанашыр, жұртқа жағымды, іске мығым, өзі де сымбатты жігіт болған екен. Ісіне қарай ел атын атамай Әскен деп кеткен.

1917 жылы ақпан айында дүниеге келген атамыз, 25 жасында Шымкент қаласында оқып жүрген жерінен Шымкент қаласының әскери комиссариатымен 1942 жылы соғыс даласына аттанады. Елде сүйіп қосылған жары – өте реңді, текті жердің қызы Рән іштегі үш айлық шаранасымен қоштасуға да қауқары болмай қала береді. Десек те, дәл осы жерде бір шегініс жасайық. Біздің қолымызда сақталған осыдан 24 жыл бұрын 07.05. 2001 жылы «Шу өңірі» газетінде «Жауынгер жырлары» тақырыбымен жарық көрген мақалада «Апаймен жөн сұрасып таныстым. Есімі Рән екен.

Биылғы жазда 82-ге толыпты. Бұл аз да емес, көп те емес. Бірақ әлі тың көрінеді. Күйеуі Әскенмен соғыстың алдында отау құрған. Өкінішке орай, нәресте көрмеген» делінеді. Әжеміз Рән редакцияға өз аяғымен барып, соғыс даласында жау оғынан қаза болған жарының өзіне, елге жазған жырларын жатқа оқыған сәтінде осынау «Өкінішке орай, нәресте көрмеген» деген өкінішті қателік қалай кетті екен деген дүние бізді талай толғандырды. Бәлкім, әмеңгерлікпен алған кейінгі жары мен балаларының арасына сызат болмасын деді ме, әлде басқалай бір себептері болды ма? Дәл сол сияқты жалғыз ұлдың әскерге алынбайтынын ескермей және оқуда жүрген жерінен елге келуге де, ауылда қалған ата-анасына, жас қосылған жары мен іште қалған баласына «Қош!» деуге де мұрсат бермей, соғыс даласына аттандыруға атсалысқан, кейін жаралы болып елге қайтуға мүмкіндік туғанда сол райынан қайтаруға бел шешіп кіріскен біреулер болды ма деген күдік те кейде бір жылт беретіні жасырын емес. Әлқисса...

Бойында ақындығы мен батырлығы қатар тулаған Әскен Нағашыбеков атамыз көп ұзамай ұлды болғанын да сол қан майданда жүріп естігенін, әкесі аман келсін деп ырымдап, ұлының атын Аманкелді қойғанын, өлім мен өмірдің арасында от пен оқтың ортасында жүріп жырмен жазған хаттарынан аңғаруға болады. 1944 жылы елге «1944 жылдың 25 шілдесінде оқтан алған жарақатынан қаза болды» деген қара қағаз келеді. Артында қалған жалғыз ұлы Аманкелді өмір бойы әкесінің сүйегі жатқан жерден бір уыс топырақ алуды армандайды. Санасы сағынышқа, жүрегі мұңға толады. Анасының ішінде жатқаннан аңсатқан әкеге деген сағыныш немересіне құдды бір қанмен өткендей:

«Мен атамды көрмедім, көрінбеді,

Көрінбейтін жүректің төрінде еді.

Менімен жасырынбақ ойнаймын деп,

Қай жерде екен тығылып жүрген жері...», – деп жырлайды Жанкелді.

«Артында қалған оңалар» деген қазақ әулие ғой, шіркін. Әкесін аңсаған баланың арманын орындау немересі Жанкелдінің маңдайына жазылған деп кім ойлаған?! Күмісбек Ердосов есімді жолдасының да көп көмегі тиіп, 2007 жылы атасының денесі Ресейдің Псков облысы (Ленинград) Островский ауданы Зобы деревнясындағы «бауырластар зиратына» қойылғанын анықтайды. Осы жаңалықты естіген әкенің кеудесіне толған сағыныш жасының ағыл-тегіл ақтарылғанын көру сонау соғыс даласында қаза болған бір батырдың жалғасы Жанкелдінің де ұрпақ парызының ақталғаны емес пе?

Осылайша, 2013 жылы қазақтың бір батырының басынан өмір бойы сағыныш пен аңсаудан құса болған бір бала топырақ алып, әкесінің рухына тағзым етіп қайтады. Аманкелді әкеміз 2023 жылы дүниеден озады. Әкенің аманатын орындаған ұлдың көкейіндегі тағы бір арман – елі мен жері үшін жанын қиған жауынгер Әскен Нағашыбеков атамыздың туып-өскен жерінен топырақ бұйырмаса да, Жеңістің 80 жылдығында бір көшенің аты бұйырса деген арман.

«Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» деген ұлы Ахаңның сөзі осы жерде тілге оралады... Ал сөзіміздің соңында алдияр оқырманға Екінші Дәрежелі орденнің иегері Әскен Нағашыбеков атамыздың майдан алаңынан жазған жыр-хатынан үзінді ұсынбасақ, қазақтың ақындығына да, батырлығына да сын болар.

Алматы Мәскеу арасы,

Ақ пен көздің қарасы.

Айырылып келіп елінен

Қырылды қазақ баласы.

Жиырмаға жетпей жастары,

Қағылмай кетті қастары.

Оқ тиген жерде қалады,

Оңға да келмей бастары.

Жазады қандай ажалды?

Берді Герман тажалды.

Жанды жерден оқ тиіп,

Құшты барып ақ қарды.

Өлген адам қалады,

Тірі алға барады.

Денеден аққан қызыл қан,

Жердің бетін бояды.

Көмілмеген өлікке,

Қарға-құзғын тояды.

Жолда жатқан өлікті,

Шығарып шетке қояды.

Аэродром бомбылар,

Сайға ағып қан толар.

Тірі қайтып бұл жерден,

Елді көрер күн болар.

Танкі атып пулемет,

Ішке толды қайғы, дерт.

Өмір қысқа көрінді,

Өлім болды келген бет.

Пулеметтен оқ төгер,

Ойылады тиген жер.

Тілге келген мұсылман,

Жасыра кет бетім дер.

Оқ жаудырып автомат,

Өткен жылғы келді март.

Өз жерінде көмілмей,

Қалды қазақ жерде жат.

Тызылдайды бесатар,

Қарсы қарап оқ атар.

Ажалды елге бұйырмас,

Елден барып дәм татар.

Сағат сайын өтер күн,

Қорқынышты қара түн.

Тілге келген адамнан,

Аллалаған шығады үн.

Жердің түбі алыста,

Көп күн болды атыс та.

Саяхат бізде болмады,

Оқ атылып әр тұста.

Боран соғып, қар жауған,

Қысқа болды бұл жалған.

Алға қарап басқарды,

Демалдырмай оқ жауған.

Атысамыз күн демей,

Жүгіреміз түн демей.

Неше сөтке жүреміз,

Ораза болып дәм жемей.

Айтуға мұны шама жоқ,

Өлсек тағы үндемей.

Бесатарым қолымда,

Гранат байлап солыма.

«Уралап» талай жүгірдім,

 Командирдің соңында.

Күндіз-түні атысып,

Окоп қазып, жатысып.

Поселкіге кірдік қой,

Атакаға қатысып.

Енді болдым жаралы,

Ойлап ойды қаралы.

Тоқтамаса бұл соғыс,

Елге қайдан барады?

Жалғыз шықтым ауылдан,

Тақ едім еркек бауырдан.

Хат алып, мауқымды баспадым,

Ағайын-туыс, бауырдан.

Көрем бе қайтып елімді,

Туып-өскен жерімді?

Мұнда жалғыз жатамыз,

Кімге айтамын шерімді? ...

Жалғызынан айырылған,

Қандай күйде жүр екен,

Ата менен анамыз?

Әбілда мен Боранбай,

Сіздерді көрсем көңілім жай.

Үйлеріңе барғанда,

Еркелеуші ем құлындай.

Көрер ме екем сендерді,

...Махаббат шырын алысқан,

Рән атты жолдас-ай.

Одан артық күн туар,

Жалғыздың жары бір Алла.

...Толып жатыр бізде арман,

Опасыз болды-ау бұл жалған.

Ажалды елдің сазайын Беріп жатыр ит Герман.

Қызықты өмір сүреді,

Бұл соғыстан сау қалған.

Мал тапқандай қуанып,

Қол-аяғы кем болған.

Жазылып келет жарамыз,

Соғысқа қайта барамыз.

Алла өзі сақтаса,

Тағы жүз дәм татамыз.

Ажал жетсе осыдан,

Қандай жерде жатамыз?

Бас көтертпейді жауған оқ,

Қимылдауға дәрмен жоқ.

Қате тисе шойын оқ,

Қарсы келер адам жоқ,

Қайғыға сонда батамыз.

Қош боп жүргің, халайық,

Не де болса басыңды,

Пешенеге жазғанды,

Тәуекел деп тұрамыз.

Жорытамын түсімді,

Бастан-аяқ ісімді.

Кешіргейсің, жан Әке,

Сіңірген маған күшіңді.

Жасқа қатер туды ғой,

Оңласын Алла ісімді.

Кешіргейсің, жан ана,

Емізген ақ сүтіңді.

Көз көреді батыста,

Бұрқылдаған түтінді.

Қайта соғу бізде жоқ,

Жаланған жау күтінді.

Қолыңды бер қарындас,

Қош, аман бол, кәрі-жас.

...Қандай жанды жаратад(ы),

Тастан мейірін қату ғып?

Шыдатпай тұр көз жасым,

Артта қалған семья,

Жүздерін бір көруді,

Қойғандай Алла сату ғып.

Жүрмеңіздер молдалар,

Ақ қағазда пәту ғып.

Қамықпаңдар бұл сөзге,

Қамкөл етпеген пендеміз,

Жаман айтпай жақсы жоқ,

Тұрғаным ғой қауіп қып.

***

Әскерде ұлымның атын естігенде,

Үш тұрып, үш отырдым қуанғаннан.

Әскеннің бес саусағы Аманкелді,

Әскен әкең сипайды маңдайыңнан.

Баласы Нағашыбектің Әскен аты,

Жолдасына сағынғанда жазған хаты.

Елестеп көз алдымнан кетпей жүр ғой Қияметтік Рән атты.

Ей, Рән, көргенше, көріскенше хош аман бол,

Сағыныш қуаныштың болар арты.

Бұл жыр-хатта жауынгердің ел жұртына деген сары тап сағынышы да, соғыс азабы да, өлім мен өмір бейнесі де, үміт пен сенім сәулесі де, үрей мен қорқыныш, ата-ана, бауыр-туыс, жарымен бақұлдасуы да, ажалға қасқайып қарсы тұрған батырлығы да бар. Әлемде соғыс болмасын! Соғыста жеңімпаз болмайды...

 

Айгүл ЖҰМАДІЛ,

ақын,

Жазушылар одағының мүшесі.

Ұқсас жаңалықтар