«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тұрғындардың қауіпсіздігі тұрақты назарда

Тұрғындардың қауіпсіздігі тұрақты назарда
Автор
Кеше Меркі ауданында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов және құқық қорғау саласының өкілдері «Заң және тәртіп» қағидаты аясында тұрғындармен кездесу өткізді. Шараға Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің облыс бойынша өкілі Еркін Қуанышев, облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары, полиция полковнигі Бауыржан Жанаев, аудандық құқық қорғау органдарының басшылары және орынбасарлары, колледж студенттері, белсенді жастар, түрлі сала мамандары мен аудан тұрғындары қатысты.

Жиынды ашқан Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов Мемлекет басшысының тапсырмасымен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды тілге тиек етті. Ал облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы баяндама жасап, Меркі ауданындағы ахуалға тоқталды.

– Мұндай форматтағы кездесулер бұған дейін арнайы бекітілген кестеге сәйкес Тараз қаласында, Талас және Мойынқұм аудандарында өткізілген болатын. Аталған өңірлерде құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған маңызды ұсыныстар мен нақты ойлар ортаға салынып, талқыланды. Енді, міне, сол бастаманың жалғасы Меркі ауданында өтуде. Меркі ауданы бойынша қысқаша статистикалық мәліметтерге тоқталайын, ауданның жалпы халқы – 88 148 адам. Оның ішінде 25 614 адам немесе 29,1 пайызы – жастар. 2025 жылдың алғашқы төрт айында облыс бойынша 1 562 құқықбұзушылық тіркелсе, соның 83-і Меркі ауданына тиесілі. Сонымен қатар аудан көлемінде ересектер арасында 3 суицид фактісі орын алған. Облыс бойынша 538 жол көлік оқиғасы тіркелген болса, Меркі ауданында 16 оқиға орын алған. Салдарынан 36 адам зардап шегіп, 29 адам жараланып, 2 адам қаза тапқан. 2024 жылдың қорытындысы бойынша аудан көлемінде жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрайды. Ресми тіркелген жұмыссыздар саны – 1 583 адам. Бұл көрсеткіштер өткен жылмен және өзге өңірлермен салыстырғанда жоғары. Әрине, бұл тек әкімдік пен құзырлы органдардың жұмысына ғана емес, қоғамның, әрбір азаматтың белсенділігі мен ынтасына да байланысты. Қоғам болып жұмылмайынша, бұл мәселелердің алдын алу қиындық туғызары анық. Аталған мәселелер облыс және аудан әкімдігінің тұрақты бақылауында. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі ел азаматтарының қауіпсіздігі мен құқығын қамтамасыз етуді кез келген реформаның өзегі деп атап өтеді. «Заң мен тәртіп – әділетті қоғамның тірегі» деген ұстаным біздің жұмысымыздың басты бағдарына айналды. Басқосудың негізгі мақсаты – құқықбұзушылықтың алдын алу, заң талаптарын сақтауға деген ортақ жауапкершілікті арттыру. Заңды білу және оны сақтау – өркениетті қоғамның айқын белгісі. Әсіресе жастарымыз заң талаптарын терең меңгеріп, құқықтық сауаттылықтарын арттыра түссе, бұл – ел болашағына салынған маңызды инвестиция. Бұл жиын – біржақты есеп беру емес, керісінше ашық пікір алмасу, өзара сенім мен серіктестікке негізделген диалог алаңы, – деді Серік Сәлемов.

Жиын барысында полиция департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Жанаев жастар арасындағы құқықбұзушылық бойынша баяндама жасап, арнайы бейнероликтер көрсетті. «Облыс әкімінің қатысуымен өткен мүгедектігі бар азаматтардың әлеуметтік мәселелері бойынша кездесуде инватакси қызметінің жетіспеушілігі туралы мәселе көтерілді. Меркі ауданында бұл қызмет бар болғанымен, оның көлемі жеткіліксіз.

Бұл мәселе жергілікті бюджетпен тікелей байланысты. 24 сәуірде облыс әкімдігі мен басқармаларға арнайы ұсыныс берілді», – деді Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің облыс бойынша өкілі Еркін Қуанышев. Жиынды қорытындылаған Серік Сәлемов алдағы уақытта облыстың барлық аудандарында осындай шаралар жалғасатынын жеткізді.

 

Бақытжан БЕКБОЛАТ,

журналист.

Ұқсас жаңалықтар