Осы ұжымның председателі Ақтанбердиевтің облыстық партия комитетінің кезекті VІ пленумында сөйлеген сөзіне мән берсек, колхозшылар СОКП XXI съезінің шешімдерін орындай отырып, соңғы бес жылдың ішінде шаруашылық жұмыстарында жақсы нәтижелерге жетіпті. Осы мерзімнің ішінде дәнді дақылдардың көлемі 19 пайыз, қант қызылшасының көлемі 165, көкөніс көлемі 200 пайызға көбейіп, көпжылдық және біржылдық шөптер егісінің көлемі 2 мың гектарға дейін ұлғайған. Ірі қара мал саны 152 пайыз, қой-ешкі – 232, жылқы – 172, шошқа – 450, құс 600 пайызға өскен. Мемлекетке астық сату төрт есе, қант қызылшасын тапсыру 3 есе, ет тапсыру 3,4 есе, жүн тапсыру 4,8 есе, сүт тапсыру 20 есе және жұмыртқа тапсыру 31,5 есе артқан. Бес жылдың ішінде ірі қара мал үшін үш стандартты қора және сондай мөлшерде бұзау қорасы, 20 мың қойға 30 стандартты қой қорасы және екі ат қорасы салыныпты. Тағы да 11 қой қорасы салынуда екен. Отарларда малды сумен қамтамасыз ететін жеті шыңырау және басқа да бірқатар құдықтар бар. Қойларды тоғыту және қырқу толық механикаландырылған. Колхоздың техникалық жабдықталуы да едәуір жақсарыпты. Аталған ұжымда 80 трактор, 40 автомашина, 30 комбайн, төрт дизельді электр стансасы, басқа да көптеген ауыл шаруашылығы машиналары бар екен. Автогараж, қойма үйлері, стандартты ұстаханалар салыныпты. Барлық техниканы өздері жөндейді. Машиналарды шебер пайдаланудың нәтижесінде жөндеуден 250 мың сом ақша үнемделген. Механизатор кадрлармен толық қамтамасыз етіліпті.
Колхозда мәдени-тұрмыстық құрылыс саласы да сүйсінерліктей жетістіктерге жетіпті. Айтар болсақ, соңғы бес жылдың ішінде екі стандартты мектеп, төрт балалар яслиі мен бақшасы тұрғызылған. Екі клуб, екі медициналық пункт, әйелдер босанатын үй, екі кітапхана, екі монша бар. Колхозшылардың үйлері толық радиоландырылған және электрлендірілген. Оларға су құбырлары жүргізіліп жатыр екен. Жасы ұлғайған колхозшылар, ауыл шаруашылығының мамандары және қоныс аударушылар үшін, сонымен бірге қысқы мал жайылымы учаскелеріндегі малшылар үшін тұрғын үй салынған. 200 жеке меншік үй тұрғызылыпты. Қоғамдық табыс жыл санап артып келеді. Егер, 1955 жылы ол 2517 сом болса, 1960 жылы 14850 сомға жеткен, яғни алты есе көбейген. Күрделі қаржы 1257 сомнан 5900 сомға артқан. Бұдан аз бұрын ғана колхозда жоғары білімді бірде-бір маман жоқ болса, қазір ондай бес маман бар, сонымен бірге ауыл шаруашылығының әртүрлі 22 маманы жұмыс істейді екен. Бағамдап қарасақ, өткен ғасырдың 60-шы жылдары тірнектеп тірлік жасаған ағаларымыздың еліне сіңірген еңбегі айтарлықтай екендігі көрініп-ақ тұр.
Осылай, коммунистік қоғам белсенділері жоспарлы экономиканы хал-қадірінше ілгерілетуге машықтанды. Қайсыбір жағдайда ол нәтижесіз де болған жоқ. Оны 1961 жылдың шілдесіндегі облыс аудандарындағы егін ору науқаны барысы жайлы мәліметтерден де көруге болады. Мәселен, «Меркі» қой совхозында егін ауа райының қолайсыздығына қарамастан бітік шыққан. Совхоз дирекциясы егінді жинап алуға дайындық жұмысын ерте қолға алыпты. Ораққа қатысатын 22 комбайн сапалы жөндеуден өткізіліп, олар таңдаулы комбайнерлерге тапсырылған. Комбайншылар өзара социалистік жарысқа түсіп, 2 мың гектар арпаны бес жұмыс күні ішінде орып, 12 мың центнер астық бастырыпты. Содан кейін бидайды оруға жаппай кіріскен. Егін орағында комбайншы Чулгар Сұттаев ерекше көзге түсіпті. Ол он күн ішінде 327 гектар егін орып, 1724 центнер астық бастырған. Нәтижесінде, ол комбайншылар арасындағы ауыспалы Қызыл туды жеңіп алған. «Мен Чулгармен социалистік жарысқа түскен едім, – дейді комбайншы Алексей Щавлев жолдас. – Бірақ одан қалып қойдым. Соның өзінде ауысымдық тапсырмамды 2,5 есе асыра орындап жүрдім. Алғашқы он күн ішінде 289 гектар егін орып, 1450 центнер астық бастырдым. Бұл оңайлықпен біткен іс емес, көп еңбектендім. Комбайнды биылғы егіннің шығымына қарай қайта жабдықтадым. Түнде жұмыс істеуге керекті түрлі тетіктерді орнаттым. Техниканы күту, майлау жұмыстарын орақ үстінде жүргіздім. Совхозда төрт қырман бар. Онда 15 астық тазалайтын механизмдер жұмыс істейді. Қырмандағы жұмыс үш ауысымға көшірілген. Жұмысшылардың өнімді еңбек етуіне толық жағдай жасалған. Әрбір қырманда асхана бар. Совхоз механизаторлары СОКП XXII съезі мен Қазақстан Компартиясының XI съезі құрметіне еңбек вахтасына тұрып, егінді төкпей-шашпай қысқа мерзімде жинап алуға күш жұмсауда».
Ал, Ленин атындағы ауыл шаруашылығы артелі Жуалы ауданы бойынша егін оруға бірінші болып кірісіпті. «Колхоздың «Дихан» учаскесінде арпа орылуда. Озат комбайншылар В.Устименко, А.Штольц жолдастар «С-6» комбайнымен арпа орып, жақсы көрсеткіштерге жетуде. Арпа комбайнның бункерінен тікелей қырманға жөнелтілуде. Астық тасуда шофер Мұсабек Иманбетов үлгілі еңбек етуде. «ДТ-54» тракторының трактористері Қ.Тұңғышбаев, М.Әбілдаев сияқты комсомолецтер агрегаттардың тоқтаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз етуде. Агрегат мүшелері биылғы орақ маусымында екі комбайнмен 700 гектар егін оруға міндеттеніп, көршілес «Қайрат» учаскесінің комбайншыларымен жарысқа түсті. №5 трактор бригадасының бригадирі Сергей Нестеренко басқаратын учаскенің механизаторлары ұйымшылдықпен еңбек етуде. Әсіресе, олар комбайндарды жабдықтау ісіне баса назар аударуда. Тракторларды майлау, сүрту, жуу жұмыстарын егін басында атқарады. Комбайндар тоқтаусыз жүруде. Жарылқасынов тракторларға қажетті жанармайларды егіс басына дер кезінде тасып жеткізеді. «Дихан» учаскесінің егінші-механизаторлары «Тастыбұлақтан» арпа оруға кірісіпті. Әттеген-айы, мұнда егіншілердің өнімді еңбек етуіне толық жағдай жасалмаған. Әрбір бригадада дала қостары ұйымдастырылмаған, егіншілерді ыстық тамақпен қамтамасыз ету жайы мүлде ұмыт қалдырылған».
Бұл жердегі тәнті боларлық жағдай, ол сынның дер кезінде және нақты айтылуы. Әрине, айтылған сыннан қандай қорытынды шығарылғаны бізге беймәлім, дегенмен, жіберілген кемшіліктерді түзеу бағытында оң жұмыстар атқарылғаны даусыз.
Кеңестік идеология көтермелеген тағы бір топ – шопандар болатын. Осындай құрметке ие болған Луговой (қазіргі Т.Рысқұлов) ауданындағы Ленин атындағы колхоздың аға шопаны Жексен Асаубаев Мәскеуде болып өткен тарихи қаңтар Пленумынан келген бойда былай дейді: «Қарауымдағы әр жүз саулықтан 1959 жылы 126 қозы, ал 1960 жылы 143 қозы өсірдім, әр қойдан төрт жарым килограмға дейін биязы жүн қырқып жүрмін. Қой бағудағы мұндай табыс мені құрметке жеткізуде. Өткен жылы «Құрмет белгісі» орденін алдым. Құрметтің ең үлкеніне биыл ие болдым. Менің өмірімдегі ұмытылмас оқиға, партиямыздың Орталық Комитетінің тарихи январь Пленумына қатысуым болды. Қарапайым шопанның партия мен үкімет басшыларымен және еліміздің басқа да таңдаулы адамдарымен бас қосып, өмірлік маңызы бар мәселелерді шешуге қатысуы зор бақыт, үлкен мәртебе емес пе? Кремльдің іші менің ойымды шалқытып, көңілімді тасытты. Пленумның күн тәртібіндегі мәселелер делегаттарды игілікті іс атқаруға жетеледі деген ойдамын. Мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен келген таңдаулы адамдардың сөзін тыңдадым. Олардың ішінде біздің қазақстандық шопандар да сөйледі. Оңтүстік Қазақстаннан барған Шақабаев, Гурьевтен (қазіргі Атырау) барған Дәулетқалиев сияқты шопандардың сөздері менің ойыма дөп түсті. Сондай-ақ Дағыстаннан келген шопан Мақсұтов та бәріміздің көкейімізде жүрген мәселелерді ортаға салды. Әсіресе, Никита Сергеевичтің сөйлеген сөзі, көптеген кеңестері үлкен әсер етіп, ұмытылмастай сабақ болды. Пленум қой шаруашылығын өркендетудің де көптеген жаңа резервтерін көрсетіп берді. Пленум шешімдерінің тұрғысынан қарасақ, біздің облыстың қой шаруашылығында жүзеге асырылуға тиісті шаралар толып жатыр. Пленумда мал шаруашылығының жемшөп базасын нығайту, оларға арнап қолайлы қоралар салу мәселелері жан-жақты талқыланды. Әсіресе, мал шаруашылығындағы жұмыстарды механикаландыруға баса назар аударылды. Сондай-ақ, жайылымдарды суландыру да аз сөз болған жоқ. Бұл жайылымдардың біздің облыс үшін маңызы ерекше. Неге десеңіз, жасыратыны жоқ, әлі күнге дейін біз мал күту жөніндегі көптеген жұмыстарды қолмен істейміз. Әрі-беріден соң, кейде қойдың біраз бөлігіне құдықтан суды қолмен тартып беруге мәжбүр боламыз. Біздің колхоздарымызда қой саны жылдан жылға көбейе түсуде. Колхозымызда 43 мың қой бар. Ал, осыншама малды ойдағыдай бағып-күту үшін, жаңа жайылымдарды игеру үшін алдымен суландыру керек. Міне, республика мен облыстың тиісті мекемелері осы мәселелерді тездеп шешуге шара қолдануы тиіс.
Никита Сергеевич Хрущев малшыларға мәдени-тұрмыстық жағдай жасау мәселесіне зор көңіл аударды. Мал отарларында мектеп, интернат және басқа да мекемелер салу қажеттігін ескертті. Дағыстандық шопан Мақсұтов шопандарға арнап моторы бар вагон жасау керектігін айтқанда, мұны Никита Сергеевич қызу қуаттады. Шынында мұндай вагондар біздерге де қажет. Пленумда озат тәжірибе мәселесі көп сөз болды. Бұдан мен де өзіме көп ой түйдім. Қазір мен ставропольдық шопан Малашенконың үлгісі бойынша саулықтарды жиі төлдетіп жүрмін. Алғашқы төлдеген әр жүз саулықтан 126 қозы, екінші рет 143 қозы алынды. Қазір саулықтарды үшінші төлдету аяқталып келеді. Әр жүз саулықтан 145 қозыдан аламыз деген сенімдеміз. Сонда әр жүз саулықтан екі жылда 414 қозы өсіретін боламыз. Январь Пленумының шешімдеріне біздің алғашқы жауабымыз осы болмақ». Қоғамда өмір сүре отырып, одан тыс болуға болмайды десек, ағамыздың халқы үшін жасаған қаракетін оң қабылдағанымыз жөн.
Жалпы, түрлі салада жетістіктерге жеткен еңбек адамдарын дәріптеу кеңес қоғамында дұрыс жолға қойылған болатын. Солардың ішінде жетіжылдықтың озаттары ретінде танылған майталмандарымызға тоқталсақ, Қордай ауданындағы «Путь Ленина» ауыл шаруашылығы артелінің озат сауыншысы, облыстық советтің депутаты, коммунист Бәкен Көшербаева туралы айтпай кетуге болмайды. Атақты сауыншы тарихи жетіжылдықтың екінші жылын өзіне бекітілген 12 сиырдың әрқайсысынан 3189 килограмм сүт сауумен аяқтаған еді. СОКП XXI съезі құрметіне еңбек вахтасына тұрған озат сауыншы 1961 жылы әр сиырдан 3300 литрден сүт сауып, бұзауларды түгелдей аман сақтауға міндеттенді.
Кеңестік дәуір жаңашылдықтың жаршыларын да марапаттан кенде еткен жоқ. Осы тұрғысында былай жазылыпты: «Өршіл таланты мен таңғажайып қабілеті қанат самғап, қияға өрлеген, өздерінің жасампаз еңбегімен коммунизмнің кең сарайын салып жатқан совет адамдары керемет жаңалық ашушы да, өнер табушы да болып отыр. Осындай тамаша дәстүрі, қасиеті бар бүкіл совет халқымен бірге, облыс еңбекшілері де жетіжылдықтың үшінші жылының тапсырмаларын ойдағыдай орындауға жұмыла кірісті. Әрбір еңбек адамы, әрбір коллектив, оның ішінде жаңашылдар да алдағы партия съезіне табыс тартуларын неғұрлым мол әзірлеу үшін табандылықпен күресіп, еңбек майданын қыздыра түсуде. Облысымызда жаңа техниканы дамытып, өндіріске енгізуге 1500-ден астам рационализаторлар мен өнертапқыштар қатысуда. 1961 жылы олардың техника мен технологияны жетілдіруге, жұмыс процестерін автоматтандыруға және механикаландыруға бағытталған екі мыңдай творчестволық ұсыныстары өндіріске енгізілді. Одан жылына 1,3 миллион сом мемлекет қаржысы үнемделді. Жалпы, 60-шы жылдардың басына қарай Қазақстандағы осындай кешенді шығармашылық бригадаларда 5,5 мыңдай адам жұмыс істеген болатын.
Осы орайда, Жамбыл жөндеу заводының слесары А.Тамковичтің осындай жаңашыл өнер жүйріктердің бірі болғандығын айта аламыз. Тамкович туралы: «Ол творчестволық ақыл-ойын жаңалық табуға, өндіріс процесін механикаландыруға талмай жұмсаған маман. Оның көп ұсыныстарының бірін алайық. Ол аспап-сайман цехының мастері В.Рыбакпен бірлесе отырып, бөлшек өңдеудің жаңа әдісін ұсынып, арнаулы қондырғы жасады. Бұл ұсыныстың өндіріске енгізілуі бес станок атқаратын өңдеу жұмысын бір станокте атқаруға, еңбек өнімділігін 1,5 есе арттыруға мүмкіндік берді. Завод коллективі Тамкович жолдасты құрмет тұтып, мақтан етті. Оның техника мен технологияны жетілдіруге қосқан үлесі аз емес. Ол 1961 жылдың күзінде рационализаторлар мен өнертапқыштардың Алматыда болған республикалық съезіне қатысып, «Республиканың озат рационализаторы» значегімен наградталды. Заводта Тамкович сияқты рационализаторлардың қатары аз болмаған. Мұндағы әрбір жеті жұмысшының біреуі жаңашыл екендігі соны көрсетсе керек», деп жазылды.
Мұндай мысалдарды облысымыздың басқа кәсіпорындарынан да келтіруге болады. Бұқаралық творчествоға кең жол ашылған Жамбыл суперфосфат, Шу цемент, Меркі қант заводтарында, Жамбыл локомотив депосы сияқты алдыңғы қатарлы кәсіпорындарда жаңашылдар мен өнертапқыштардың саны көбейіп, олардың творчестволық жұмысы жемісті болғандығы белгілі. Бұл кәсіпорындарда күрделі техникалық мәселелер ойдағыдай шешіліп, өндірісті комплексті механикаландыру және автоматтандыру, жабдықтар мен станоктарды модернизациялау шаралары жүзеге асырылған. СОКП Орталық Комитетінің маусым Пленумының шешімдерін жүзеге асыра отырып, кәсіпорындар мен құрылыстың, транспорттың ұжымдары, ауыл-село механизаторлары еңбекті көп тілейтін процестерді кешенді механикаландыруда едәуір жұмыстар жүргізді. Өнеркәсіп саласында 37 цех пен учаске қайта жабдықталды, 89 жабдық қайта жаңғыртылды, ескірген 58 жабдық жаңасымен алмастырылды, көптеген автоматты аспаптар орнатылды. Осылардың бәрін жұмысшылар мен жаңашылдардың, инженер-техниктердің шебер қолдары атқарды. Олар өздерінің жасампаз ақыл-ойын технологиялық процестерді одан әрі жетілдіруге, өндірістің алуан саласын механикаландыруға жұмсады.
Ал, бұқараның творчествосына жеткілікті көңіл бөлінбейтін жерлерде басқаша болған. Жаңалыққа самарқау қарайтын, өнерліге кең өріс ашудан көрі әуре болмауды ұнататын шаруашалық басшылары, инженер-техниктер жоқ емес екен. Мәселен, Жамбыл қант комбинатында 1961 жылы рационализаторлардан 89 ұсыныс түсіп, оның 79-ы өндіріске енгізуге қабылданды. Одан небәрі 49 ұсыныс өндіріске енгізілген, ал екі ұсыныс мүлде қаралмай қалған. Үлкен кәсіпорын – нан комбинатында небәрі екі жаңашыл ғана бар. Ет комбинатында, Жамбыл суперфосфат зауытында, құрылыс тресінде, жергілікті өнеркәсіп орындарында механикаландыруға болатын жұмыс процестері баршылық екен. Осыған байланысты берілген ақпаратта «Партия мен үкімет жаңалықты үнемі қолдап, жаңалықтың жаршыларына қамқорлық жасап, бұқараның техникалық творчествосын үздіксіз дамыта беруді талап етіп отырғанда, істегі мұндай кемшіліктерге жол беруге болмайды. Жаңалық жаршыларының творчествосы – техникалық прогрестің қозғаушы күші. Жаңалық пен бағалы ұсыныстың дер кезінде қаралуына, өндіріске енгізілуіне партия, кәсіподақ ұйымдары, шаруашылық басшылары, инженер-техниктер күнделікті көңіл бөліп, жаңашылдарға кең жол ашып отыруға тиіс. Рационализаторлар мен өнертапқыштардың облыстық советі президиумының, техникалық комиссиялардың жұмысын жандандыру қажет. Жаңашылдардың арасында ғылыми-техникалық насихатты кең өрістеткен жөн. Жетіжылдық жоспарды мерзімінен бұрын орындау жолындағы күреске, техникалық прогресті қарыштата дамытуға тамаша үлес қосатын өнертапқыштар мен рационализаторлардың бұқаралық қозғалысын кең өрістете түсейік!», – делініпті. Дұрыс әрине, тіпті бұл ұсыныстарды бүгінгі күн тұрғысынан да өзекті деп айтуға болатындай. Дегенмен, кеңестік билік сала мамандарын материалдық тұрғыда емес, мадақ-марапат тұрғысында көтермелегені белгілі.
Осылай, 1964 жылдың ақпанында КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Қазақ КСР қой шаруашылығы озаттарына Социалистік Еңбек Ері атағын және басқа да марапаттар беру туралы» Жарлығы шығып, Қазақ КСР-нің 297 шопаны – Ленин орденімен 10 адам, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен 20 адам, «Құрмет белгісі» орденімен 40 адам, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен 109 адам және «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен 118 адам наградталды. Жамбыл облысы бойынша Шу өндіріс басқармасындағы «Айдарлы» қызылша совхозының аға шопаны Ділдаш Итбасоваға Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, Ленин ордені мен «Орақ пен Балға» алтын медалі қоса тапсырылды. Ленин орденімен Талас өндіріс басқармасындағы «Талас» асыл тұқымды қаракөл совхозының аға шопаны Оразбай Ыбрайымов марапатталды. Аталған жарлық негізінде облыс бойынша тағы да 5 адам орденмен және 22 адам медальмен наградталған еді.
Сейдахан БАҚТОРАЗОВ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік
университетінің профессоры,
«Дулатитану және Өңір тарихы»
ғылыми-зерттеу орталығының басшысы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді