«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұстаздығы бір төбе, ұсталығы бір төбе

Ұстаздығы бір төбе, ұсталығы бір төбе
Автор
Мемлекет басшысы қай кезде де кәсіпкерлерді қолдап, олардың ісінде кедергі болмауы керектігін айтып келеді. Атап айтқанда, отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде ел Президенті: «Мемлекет бизнестің дамуы үшін барынша қолайлы жағдай жасайды. Жекеменшіктің толық қорғалуын қамтамасыз етеді. Өз кезегінде кәсіпкерлер салық төлеу, экономикаға инвестиция құю, жұмыс орындарын ашу, қызметкерлерге қолайлы орта қалыптастыру секілді міндеттерді адал орындауы тиіс» деп атап көрсетті. Нәтижесінде қазіргі таңда ауылдық жерлерде де кәсіпкерлікке бет бұрғандар саны көбейіп отыр. Солардың бірі – Жарлысу ауылының тұрғыны Азамат Сәмбетқұлов.

Азамат Қадырбекұлының тіркеме жасау ісімен айналыса бастағанына 11 жыл өтіпті. Әуелі жалғыз өзі айына бір тіркеме құрастырып, тәжірибе жинақтап жүрді. Тіркемелері сапалы шыққандықтан, ауыл тұрғындары қызығушылықтарын жасырмағаны рас. Алғашқы тапсырыс та ауылдастарынан түсті. Осылайша, он жыл бойы кәсібін жалғыз өзі жүзеге асырып, бұйырған табысын қанағат тұтқанына ауылдастары куә. Себебі Азаматтың аталған ауылдағы орта мектепте де жұмысы бар. Физика пәнінен сабақ береді. Шәкірттеріне физика саласының формулаларын үйрете жүріп, кәсіпке ден қойғаны да – еңбеккештігі. Қазіргі таңда бір тіркеменің бағасы 600 мың теңге мен 1,5 миллион теңге аралығын құрайды. Осы қаржының 20-25 пайызы шығынға жұмсалады.

Былтырдан бері Азамат Сәмбетқұлов «Ақәділ» жеке кәсіпкерлігі аясында тіркеме жасау цехын ашты. Қазіргі таңда айына 20-25 тіркеме жасап шығаруға мүмкіндік алды. Цехта 12 жігіт жұмыс істейді. Оларға атқарған жұмыстарының сапасына қарай 250 мың және 400 мың теңге аралығында жалақы төленуде. Әрине, ауыл тұрғыны үшін 400 мың теңге жақсы жалақы деп айтуға болады.

– Тіркемелерді жасау жеңіл шаруа емес. Тапсырыс берушілер де өздерінің нақты талабын қояды. Тіркеменің түрлі бөлшектері мен тиімділіктері болуы міндетті. Біздің цехқа еліміздің бірнеше облыстарынан бөлек Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғыз республикаларынан өтініштер түсіп жатыр. Яғни, өнімімізді шет мемлекеттерге экспорттау мәселесі де сәтті жүзеге асуда. Кәсіпкерлік жұмысыма қатысты барлық салықтар мен шығындарды дер кезінде төлеп жүрмін. Кешіктіргенді ұнатпаймын. Дегенмен өзіме де қолдаулар қажет. Халықаралық деңгейдегі лицензиялар өте қажет. Әрине, аталған елдегі тапсырыс берушілермен алыс беріс жұмыстары жүріп жатыр. Мемлекеттер арасындағы байланыстарды нығайтуда бұдан да тиімді жолдар, барынша жеңілдіктер болса деген тілегім бар. Біздің цехтың жұмысын Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркепов өзі келіп көріп, қызу қолдау білдірді. Облысқа өтуі тиіс құжаттарды жеделдетіп дайындауға жауаптыларға нақты тапсырма берді. Алайда цех жұмысын қолдауға қатысты кейбір құжаттар «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының облыстық филиалы және «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан кешеуілдеп, тиісті оң шешімдер шықпай жатыр. Республикалық бағдарламалар арқылы көп көлемде несие қаражатын алғымыз келеді. Біраз жылдан бері «Ауыл аманаты» бағдарламасы қолға алынып, біраз ауыл тұрғындары мал өсіруде табысқа кенелуде. Осындай тиімді қолдаулар кәсіпкерлікке де, жаңадан ашылып жатқан цехтарға да көрсетілсе деймін. Мәселен, біздің цехтың жұмысын ұлғайтып, жауапкершілігі шектеулі серіктестік деңгейіне көтеруге мүмкіндік бар. Ол уақытта жұмыс көлемі ұлғайып, мамандар мен жұмысшылар көлемі де арта түсер еді. Олардың жалақысын көбейту барысында да кедергі болмайтын еді. Алдағы уақытта осындай ірі мақсаттарға қол жеткіземіз деп ойлаймын, – дейді Азамат Сәмбетқұлов.

Мұндағы жұмысшылардың барлығы да ынталы. Алтай Нарымбетов пен Береке Мамырқұловтың еңбек өтілдері жоғары, озаттар қатарында.

– Ауылымыздың экономикалық дамуы жаман емес. Кезінде елімізге танымал кәсіпкер Сайранбай Дөненбаев біраз қолдау білдіріп, көптеген азаматтарды жұмыспен, тұрғын үймен қамтығаны белгілі. Енді заман ағымына қарай тіркеме жасайтын цех ашылып, жергілікті азаматтардың тұрақты табыс көзіне айналып отыр. Біз осы жерде еңбек етеміз. Жақсы жалақы аламыз. Кешкілік отбасымыздың қасындамыз. Бізге бұл жұмыс өте қолайлы. Осындай жұмыс көзін ашқан азаматқа көп рақмет, – дейді А.Нарымбетов.

Біз осы орайда облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық дамыту басқармасына қарасты кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және индустриялды-инновациялық дамыту бөлімінің басшысы Дамир Досаляновтан кәсіпкерге қолдау көрсетудің тәртіптері туралы сұраған едік.

– Т.Рысқұлов ауданындағы бұл жоба құптауға татиды. Болашағы жарқын жобаның бірі. Алайда өз ісін дамытуға қанша көлемде несие қаражаты керек екенін кәсіпкер өзі біледі. Сондықтан цехты ашқан азамат өзі екінші деңгейлі банктерге өтініш жасайды. Екінші деңгейлі банктер несие беруді қолдаса, біздер «Даму» қорының облыстық филиалы арқылы кәсіпкерге қаржы алуына ықпал ете аламыз. Яғни, негізі 23 пайызбен алыну керек. Сол қаржының 15 пайызын «Даму» қоры төлеп, 8 пайызын кәсіпкер өзі өтейді. Ашып отырған өндірісінің қажеттілігіне қарай 1,5 миллиард теңгеге дейін несие ала алады. Ал ол үшін кәсіпкердің жеке кәсіпкерлігінде де мәселе болмауы керек. Салығы уақытылы төленуі, басқа да құжаттары дұрыс болуы маңызды. Тиісті тарап жеке кәсіпкерліктің болашақта жұмыс істеп кету мүмкіндіктеріне де ерекше назар аударады. Себебі несиенің толық қайтуы ашылған өндірістің табысты жұмыс істеп кетуіне тікелей байланысты. Біз несиені бұрыннан жұмыс істеп тұрған өндірістерге бірінші береміз. Жаңа жобалар қаржының болуына қарай қаражат алады. Қазіргі таңда қаражат мәселесі күрделі шешіліп, жаңа жобаларға қаржы бөлу кешеуілдеп жатыр, – дейді ол.

Ал Т.Рысқұлов ауданы әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Сақтаған Әбенұлының өз айтары бар.

«Аудан әкімі бізге нақты тапсырма беріп, жүзеге асырып жатырмыз. Бұл кісінің құжаттары облыстық «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына ұсынылып, алдағы уақытта 200 миллион теңге көлемінде қаражат алатын болып шешілді. Ал тіркеме тауарын шетелге шығаруды заңдастырып жатырмыз. Алдағы уақытта аталған кәсіпкердің тіркемелері шет мемлекеттерге кедергісіз шығатын болады», – деді ол.

Басқарма өкілінің сөзінен де біраз нәрсені ұғып, бағдарладық. Әрине, әр жағдайдың тәртібі бар. Қоғамда әртүрлі құндылықтарға қажеттілік туындайды. Қазіргі таңда тіркеменің қажеттілігі жоғары. Әр азамат өзінің саласына қарай түрлі талабын қойып, тапсырыс береді. Сол талаптың үдесінен шығу табанды еңбекті қажет етеді. Аталған цех халықаралық деңгейдегі сол талаптарға сай жұмыс істеуде. Мұндай цехтардың іріленгені пайдалы. Осындай жаңа өндіріс орнына қолдау керек-ақ.

 

Есет ДОСАЛЫ

Т. Рысқұлов ауданы

 

Ұқсас жаңалықтар