«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өндіріс пен білімді ұштастырған

Өндіріс пен білімді ұштастырған
Ашық дереккөз
Өмірінің ұзақ жылдарын қарапайым еңбекке, жұмысшы мамандарды дайындауға арнаған маманның бірі – Мақсат Сманқұлов.

Ол 1981 жылы орта мектепті бітіре сала киномеханик мамандығы бойынша курс оқып, Сарысу ауданының бұрынғы «Коммунар» кеңшарында киномеханик болып еңбек жолын бастаған. Осы жұмысты бір жылға жуық атқарған соң, Отан алдындағы әскери борышын өтеп қайтыпты. 1987 жылы Қордай ауданындағы Кенен Әзірбаев атындағы совхоз техникумын техник мамандығы бойынша тәмамдап, кейін Сарысудағы «Коммунар» кеңшарында диспетчер, ауданға бағынышты өзін өзі қаржыландыру тәсілімен жұмыс істеген радио шеберханасында рациямен қамту орталығының инженері болған.

Жалпы, аталған кеңшарда 21 жыл жемісті еңбек еткенін сарысулықтар жақсы біледі. Кейінірек техник-механик мамандығы бойынша жоғары білім алып, 2009 жылы Жамбыл жоғары политехникалық колледжіне өндірістік оқыту шебері болып қабылданды. Содан бері 16 жыл бойы студенттерге автомобиль бөлшектерінің қыр-сырын үйретуде.

Мақсат маманның еңбегі шәкірттерінің жетістіктері арқылы ақталып жатыр. Колледжді бітіріп кеткен шәкірттерін айтпағанда, Дінахмет Керімжан студенттер арасындағы республикалық кәсіби шеберлік чемпионатында жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету құзыреттілігі бойынша жүлдегер атанып, арнайы сертификат иеленген. Ал Мақсат Якудайұлы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасымен және облыстық білім басқармасы басшысының, салалық кәсіподақтың марапаттарына ие болған. Ерте кезден еңбекке араласқандықтан, қазір өз ісінің шеберіне айналған шағы.

– Өндірістік оқыту шебері мамандығым өзіме ұнайды. Күн сайын жұмысыма зор құлшыныс, күш-жігермен келемін. Шәкірттеріме үйретерім аз емес. Олардан да тиянақтылықты талап етемін. Студенттер білім мен өндірісті ұштастырып, өз мамандықтарын жақсы меңгеруде. Мамандықтың жаманы жоқ. Әр адам өз ісінің шебері болса – қоғамға пайда. Мен осы колледжге алғаш өндіріс шебері болып келгенімде колледждің кәсіподақ төрағасы Мәлік Омаров деген азамат еді. Мен сол кісіден көп жақсы қасиеттерді меңгердім. Осы Мәлік Омаровты ұстазым санаймын. Әкем Якудай шопыр болып еңбек етті. Ес білгелі үйімізде әкемнің жекеменшік «Москвич» көлігі болды. Сол көлікті мектеп жасынан жүргізіп, техникаға бейім болып өстік. Осы жағдай болашақ мамандығымды таңдауға әсер етті, – дейді Мақсат Сманқұлов.

Біз колледждің өндірістік базасын аралап көрдік. Ол жерде Мақсат маман өз шәкірттеріне техниканы жөндеу тәсілдерін үйретіп жатыр. Олардың да болашақта білікті маман болары даусыз.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар