Баланы қорғаймыз деп оның тәрбиесіне зиян келтіріп алған жоқпыз ба?
- author «Ақ жол»
- Бүгін, 16:27
- 69
Ең алдымен, құндылықтар жүйесі өзгерді. Бұрын білім мен тәрбие басты орында тұрса, бүгінде табыс пен атақ алдыңғы қатарға шықты. Мұғалім еңбегі көзге бірден көрінбейтін, жылдар бойы қалыптасатын нәтиже болғандықтан, оның қадірі кейде ескерусіз қалып жатады. Сала ардагерлері де бұл өзгерісті алаңдаушылықпен атап өтеді. Ұзақ жыл білім саласында еңбек еткен ардагер ұстаз Мәриякүл Ниязова былай дейді: «Біздің кезімізде мұғалімнің сөзі – заң еді. Ата-ана да, оқушы да ұстазға қарсы келмейтін. Қазір жағдай өзгерді. Құрмет сұраумен емес, тәрбие арқылы қалыптасуы керек. Бірақ сол тәрбиенің өзі әлсіреп бара жатқандай», – дейді ол.
Бұл пікір – бір адамның ғана емес, бүтін бір буынның жанайқайы екені жасырын емес. Ал енді екінші мәселе – ата-ана мен мектеп арасындағы байланыстың әлсіреуі. Кейбір ата-аналар баласының қателігін мойындаудың орнына, мұғалімді кінәлап жатады. Бұл ұстаз беделіне кері әсер етеді. Осы орайда көпбалалы ана Атина Сәрсенованың пікірі де ойландырады: «Біз кейде баламызды қорғаймыз деп, шын мәнінде оның тәрбиесіне зиян келтіріп жатқанымызды байқамаймыз. Мұғаліммен бір жақта болуымыз керек еді», – дейді ол. Бұл – қоғамда түсіністік қажеттігін көрсететін маңызды ой. Ал мұғалімдердің өздері де жағдайдың оңай емес екенін жасырмайды.
Мұғалім Бану Медербаева: «Бізден тек сабақ беру ғана емес, тәрбие, есеп, түрлі шара – бәрі талап етіледі. Уақыттың көбі қағазбастылыққа кетеді. Соның салдарынан оқушыға толық көңіл бөлу кейде қиындай түседі», – дейді. Бұл сөздер ұстаз еңбегінің сырт көзге көрінбейтін ауырлығын аңғартады. Үшіншіден, технологияның дамуы да әсер етпей қоймады. Бүгінде оқушы ақпаратты интернеттен оңай табады. Соның салдарынан мұғалімнің рөлі тек «ақпарат беруші» ретінде қабылданып, оның негізгі миссиясы – тұлға қалыптастыру екені ескерусіз қалып жатады. Ол ол ма соңғы уақытта, үйге берілген тапсырманың барлығы дерлік чат GPT мобильді қосымшасының көмегімен орындалатын болған. Кейбір оқушылар бұл қосымшаға мықтылап ден қойып, тіпті мұғалімнің үйге берген т апсырмасының барлығын соған сеніп тапсыратынды шығарған.
Бұлай жалғаса берсе, күндердің күнінде оқушылардың: «Мұғалім бізге не үшін керек, жасанды интеллект тұрғанда», деп айтпасына кім кепіл?! Бұл енді өз алдына бөлек әңгіме... Осы тұста Ахмет Байтұрсынұлының «Мұғалім қандай болса, мектеп те сондай болмақ» деген сөзі ерекше мәнге ие. Ал Әбу Насыр әлФараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп, білім мен тәрбиенің қатар жүруі қажет екенін ескерткен. Қорытындылай келе, ұст аз беделінің төмендеуі–тек мұғалімдердің мәселесі емес. Бұл – ата-ана, оқушы, қоғам болып ортақ жауапкершілік жүктейтін мәселе. Егер біз болашақтың білімді де тәрбиелі болғанын қаласақ, ең алдымен ұстазға деген құрметті өзімізден бастауымыз керек. Өйткені ұстазды сыйлау – ұлтты сыйлау.
Мақпал СҮЙІНБАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Мұғалім қағазбастылықтан қашан құтылады?
- 20 сәуір, 2026
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




