
Бекенмен таныстығымыз 1997 жылдан бері. Жуалы ауданының ағайын-туыстар, жиендерім тұратын Жылыбұлақ, Қарабастау ауылдарына анда-санда жол түсетін сапарлардың бірінде танысқанмын. Билікөл ауылдық округінің әкімі екен.
– Аға, атқарушы билікте қызмет атқарып келе жатқаныма 15 жылдан асты (алдында ауылдық Кеңес төрағасы болған). 1980 жылдан ауылдамын, – деп ақтарыла жөнелген алғашқы таныстықтан кейін-ақ. Арадағы аздаған жас айырмашылығына қарамастан аға дейді. Ізеттілігі көрініп тұр.
– Е, «туған жерге туыңды тігуді» ойлағансың да. Оның жөн болған.
– Ол жағы да бар, оның үстіне үйдің кенжесі едім. Қарашаңырақ қаңырап бос қалмауы керектігін де ойладым. Анамның қалауы. Анам қолымда. Қазақ «аузын ашса, көмекейі көрінген» деп осындайды айтқан ғой. Әп-сәттік әңгімеде Бекеннің өмірінен қысқаша хабардар болып шыға келдім. Бекен Қарабастау ауылының байырғы тұрғындары Еркебай мен Раушанның кенжесі. Бекен бес жасқа шыққанда әкесі дүниеден озыпты.
«Анасы мен аға-әкпелерінің қамқорлығы арқасында жетімдікті сезінген жоқ» десек те, өзге замандастарының әкелерін көргенде бала жүрек әкесін іздеп сыздамады дейсің бе?
Іздеді де, сыздады да ғой. Олай дейтініміз, Бекен жастайынан сезімтал. Жақсыны да, жаманды да қағып ала қояды. Сабақ үлгерімі де жақсы. Мектептегі көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшесі, ән салады. Домбыра, гитара тартады. Жасырып өлең жазатыны да бар. Өйткені, сахнада тақпақ оқығанда кейбір өлеңдері түрленіп кетеді. Демек, жанынан қосқаны. Күрес секциясына қатысады. Денесі шымыр, жұмыр, төртпақ. Бір сөзбен айтқанда, белсенді. Ауылдағы Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектепті бітірген.
1972 жылы-ақ Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтына оқуға түсіп кетті. Сәттілік серік болғаны шығар?
Оның үстіне осындайлық белсенді оқушының ЖОО-ға түспеуі мүмкін емес те сияқты. Студент Бекен институтта да белсенділердің бірі болды. Әсіресе, спорттың қазақ күресі, самбо түрлерімен айналысқандағы белсенділігі жоғары. Талай рет оқу орнының қоржынына олжа да салған. Бекен Еркебайұлы 1975 жылы Целиноградта (қазіргі Астана) студенттер арасында самбодан өткен республикалық біріншілікте жеңімпаз атанған. Сол жылдың желтоқсанында ол Ерген досы екеуі Қарағандыда ғарышкерлердің жүлдесі үшін өткен Бүкілодақтық жарысқа қатысу бақытына ие болған.
Бекен 74 килограмм салмақта сынға түскен. Бұл салмақ бойынша 49 спортшы белдескен. Бұл дегеніміз – өте көп. Спортшылар Совет Одағының барлық түкпірінен бар. Бәрі де өздерінде жеңімпаз болып келгендер. Қазақша айтқанда, нағыз сен тұр, мен атайындар! Осы сында қазақстандық Бекберді Қашкеев сынған жоқ. Жүлделі үшінші орынға шығып, қола медальді иеленді.
Одақ деңгейінде бағаласаңыз, алтынға бергісіз қола медаль! Сонда ғой, Бекеннің «Ереке, біздің салмақта нағыз соғыс болды-ау өзі. Бірақ, бұған да шүкір, бұл жарысқа қатысқан да арманда, қатыспаған да арманда!» дейтіні. Есесіне ол сол жолы самбодан КСРО спорт шеберлігіне үміткер нормасын орындап қайтқан. Кейін ақыры спорт шебері атанды. Бұл – спортшы үшін жоғары жетістік.
Тағы да «есесіне» деп айтудың жөні келіп тұр. Келер жылы, яғни 1976 жылы, Бекберді Еркебайұлы қазақ күресінен екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев атындағы жүлде сарапқа салынған Орта Азия және Қазақстан бойынша біріншілікте жеңімпаз атанып, алтыннан алқа тағынды. Бекберді Қашкеев – Қазақстанның спорт шебері! Бұл – Ерген Қалдыбековтің досы Бекен туралы айтқандарынан білгеніміз. Бекен – Бекберді Қашкеев институтты бітіргеннен кейін де спорттан қол үзген жоқ. Ол – қазақ күресінен, самбодан бірнеше шәкірттер тәрбиеледі. Қалай дейсіз ғой.
Бекен институттан кейін ауылға оралған. Ол ауылына өзінің ұстазы Ізтілеуден аттай қалап бірнеше матрас сұрап алып қайтты. Оқу орнының материалдық жағдайы жақсарып, спортзалға татамилер төселгеннен кейін бұрынғы күрес кілемі ретінде пайдаланылған матрастар босап қалған. Пайдалануға жарамды. Материалдық жауапкершілігі – Ізтілеу Мінәрбековте. Бекен ұстазына «құда түсіп», осы матрастарды сұраған.
Мақсаты – матрастарды ауылға алып келіп спортзал ашып, ауыл балаларын күреске баулу. Ізтілеу де спорттың нағыз жанашыры еді. Бекеннің мақсатын қолдап, институт басшылығынан рұхсат алып берген. Әрі қарайғы әрекет – Бекеннің міндеті. «Билікөл» кеңшарында кадр жөніндегі инспектор Бекберді Қашкеев директордан жаттығу залына деп бір бөлме сұрап алды. Қызметкерінің салауатты өмір салтын қалыптастырудағы ізгі ісіне қолдау білдірген директорға рахмет!
Әрі қарай Бекеннің шәкірттері ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Жамбыл облысы парадзюдо федерациясының президенті Хайрулла Лукманов пен Жамбыл облысының пара және сурдо дзюдодан аға жаттықтырушысы Ербол Әлімбетовті тыңдап көрейік.– Бекберді ағай қалада жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін, туып өскен жеріндегі «Билікөл» совхозына мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Жұмыс істеп жүріп, кешке жұмыстан кейін ауыл жастарын самбо, қазақ күресінен жаттықтырды. Тегін.
Ауылда 1964-1988 жылдар аралығында туған жастарды тәрбиеледі. Шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда жеңімпаз, жүлдегерлер атанды. Айтатын болсақ, ағайынды Сәкен, Макен, Ербол Қашкеевтер, ағайынды Нұрлан, Ержан, Ербол Әлімбетовтер, Ғабит Миразов, Берік Мәмбетов, ағайынды Қазыбек пен Балғын Мажибаевтар, Руслан мен Айнұр Мәметовтер, Батыр мен Батырбек Қожамбаевтар, Берік Танкибаев, Ғалым мен Ғани Молдашевтар, Хайрулла Лукманов, Қайрат Есмұратов, ағайынды Тілеу, Жәнібек, Әлібек Исаевтар, тағы осылар сияқты жастар.
– Қарабастау ауылынан шыққан жасөспірімдер арасында дзюдодан және самбо күресінен Азия чемпионы, жастар арасында Әлем чемпионы Әнуарбек Архат Хайруллаұлының спорттық жолы да Бекен ұйымдастырған палуандар мектебінен бастау алған. Қазіргі таңда Ербол Әлімбетовтың шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда топ жарып жүр. Бекберді ағайдың көзі кеткеннен кейін ісін ауылда шәкірті Нұрлан Әлімбетов жалғастырды. Одан кейін Ербол Әлімбетов қолға алды.
Осы жігіт қазір ауылда бапкер. Бүгінде әртүрлі жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүрген Ерлан Ералиев, Қайрат Оразымбетов, Ғалым Үсіпбаев, Нұржігіт Жүнісов, Сабыржан Омаров, ағайынды Болат Тютебаев, Жеңіс, Ерлан, ағайынды Рүстем мен Қалдыбек Аптауов ағайынды Жаңабек Садықов пен Жәнібектердің болашақтары зор. Ұстаздарының туғанына 70 жыл толуына орай жоғарыда аталған шәкірттері ауылда самбодан 2010-2011 жылдары туған жасөспірімдер арасында КСРО спорт шебері Бекберді Қашкеевті еске алу турнирін өткізгелі жатыр. Өте құптарлық іс. Хош делік.
Спортшы, жаттықтырушы Бекен Еркебайұлы туралы аз да болса айтқан сияқтымыз. Енді азамат, қызметкер, отағасы Бекен қандай адам еді? Соны зерделеп көрейікші. Бекберді совхозда директордың орынбасары болып 10 жылдай жұмыс істегеннен кейін мемлекеттік қызметке ауысқан. Ол туған ауылы Қарабастауда 20 жылдай ауылдық кеңес төрағасы, әкім болып қызмет атқарып, дүниеден озарының алдында ауданға ауысқан. Ауданда ауыл шаруашылығы, халықты еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне басшы болды. Денсаулығы сыр бере бастағанына қарамастан, бұл қызметтерді де жоғары жауапкершілікпен атқарғанына ел куә. Бекберді өзінің өмірлік жары Нәзипа Жолдасқызымен 38 жыл жұбайлық ғұмыр кешіпті.
– Бекен үшін қашанда жұмыс, қызмет бірінші орында болды. Совхозда жұмыс істегенде үйдің бетін көретін кездері аз. Енеммен (Бекеннің анасы Раушан апайды айтып отыр) 25 жыл тұрдым. Енем ақылшым, қолдаушым, көмекшім болды. Құдайдың берген 7 перзент – 7 қызымыз бар. Бала тәрбиесінде енемнен үйренгенім көп. Пендеміз ғой, ұябасар ұл болар ма екен деп туа беріппін. Бірақ, бәрі де қыз болды. Бекен қыздарын өте жақсы көрді. Оларды ешкімнің ұлына теңемейтін. Ұлдан артық санайтын. Кім біледі, маған солай көрінетін. Жұмысы қандай қауырт болса да, бір мезгіл қыздарымен сырласуға, оларды еркелетуге уақыт табатын. Оның әкімдік кезеңі Тәуелсіздіктің бастауына, өтпелі кезеңге тап келді ғой. Әсіресе, жекешелендіру басталған кез өте ауыр соқты. Шаруашылықтың дүние мүлкі өз алдына, әлеуметтік нысандардың өзі аукцион деген бәлемен саудаға түсіп жатты. Оларды жекешелендіріп алғандар сол нысандардың мақсатты жұмыс істеуі былай тұрсын, бұзып алып жатты. Бекен жанын салып жүріп мәдениет үйі, пошта сынды әлеуметтік нысандарды сақтап қалды. Сол қиын кезеңде ауылдан балабақша ашты. Қазір солардың бәрі көзіме ыстық. Бекенді көргендей боламын, – дейді Нәзипа.
Біз Нәзипа айтқан бұл сырды Абай дана айтқан өлең-өсекшіден оқып та қойғанбыз. Бесаспап Бекеннің өлең жазатынын да сөз басында айтқан едік қой. Бекен көп сырларын өлеңмен бөлісетін. Өлеңмен өзін жұбататын, кейбіреулерді өлеңмен сынап та алатын, өлеңнен қайраттанатын. Ол туралы құдасы Жарылқасынның бастамасымен, балаларының демеушілігімен 2018 жылы жарық көрген «Бекзат ғұмыр» атты кітаптан оқып, біліп алдық.
Кітапқа негізінен Бекеннің өлеңдері топтастырылған. Сол өлеңдерде өмір жатыр. Содан екі өлеңді бөле жарып, ұсынғанды жөн көрдік. Оларда отағасы Бекберді Еркебайұлының отбасылық жай-күйі баяндалған.
Түстім бе, сірә, жолға анық,
Қаламымды қолға алып,
Отырмын бүгін толғанып.
Отыз жыл өтіп кетіпті-ау,
Екеуміз үй болғалы.
...Жарасып өкпе-назымыз,
Ән-ғұмыр әсем сазымыз.
Аспаны бұлтсыз жарқырап,
Өтіпті отыз жазымыз.
Бұл – жан жары Нәзипаға арналған өлең. Ал, «Тәубеге келу» атты өлеңін толқымай отырып оқу мүмкін емес. Ол өлеңде нағыз жүрек сыры жатыр.
Тобасы бар ғой әрненің,
Риза етті сүйген жар мені.
Бірінен бірі сүйкімді,
Жеті қызым бар менің.
Біреуді өмір әуре етті,
Қуғызып байлық, дәулетті.
Мен болсам, кейде жасимын
Жалғасын ойлап әулеттің.
Сызданба, жүрек, сызданба,
Өзгенің бағын қызғанба!
Бақыттың өзі кімде екен?
Ұлдан ба, әлде қыздан ба?!
Не болды маған соншама,
Кеудемді бір мұң жанши ма?
Жеті ұлы болып жетесіз,
Жүргендер қор боп қаншама!
Әкелік арман, борышым,
Жетеуі болса өрісім.
Ойласам байқап, о, тоба-ай,
Жан екем туған төр үшін.
Еңбегі еткен өтеліп,
Қызметке қалды төселіп.
Жолымды қуды Аидам,
Жігіттің жүгін көтеріп.
Бойында бар ма шын дарын,
Өнерді қуды Гүлнәрім.
Сенемін жеңіп шығар деп,
Өмірдің салған сындарын.
Кәмшатым жақын өзіме,
Әлден-ақ берік сөзіне.
Хор қызындай көрінеді,
Ділшатым кейде көзіме.
Ерекше бір әсерленем,
Пікірлессем Әселменен.
Ақ көңіл, дархан мінез осы қызым,
Теңесер көктемгі ақ нөсерменен.
«Болмады» деп ұл балам,
Несіне сонша бұлданам.
Он балаға татиды Сүйікті қызым – Ұлданам!
«Шүкір!» – деп күнде ойланам, Қырмызы гүлдей айналам. Дүние жайнап кетеді, Еркелей күлсе Айданам. Өтсе де жылжып жылдарым, Болыңдар аман, қыздарым. Сеземін, іштей қуанам, Алдымда жарқын күн барын! Бақыт па, әлде қайғым ба? Жалғыз мен осындаймын ба? Біреудің он ұлына, Біріңді айырбастаймын ба?!
Ақын Бекеннің, өнерге жақын Бекеннің әр өлеңі өзгелер өнеге алғандай. Оған осы кітапты оқып отырып көз жеткіздік. Қысқа да болса нұсқа ғұмыр кешкен, артында ел айта жүретіндей іс қалдырған, өшпес із қалдырған Бекен – Бекберді Еркебайұлы туралы айтпағымыз осы еді.
Болат ЖАППАРҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді