Психикалық жағдай - барлық дерттің бастауы немесе денсаулықтың демеуі
- author «Ақ жол»
- 17 мамыр, 2025
- 409

Денсаулық – аурудың болмауы ғана емес, сонымен қатар физикалық, психикалық және әлеуметтік әл-ауқаттың толық жағдайы. Бұл сөздер Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан тараған. Сондай-ақ, бұл ұйым адамның жалпы денсаулығының негізгі құрамдас бөлігі ретінде психикалық денсаулықтың маңыздылығын көрсетеді. Облыстық психикалық денсаулық орталығы бас дәрігерінің Стратегиялық даму жөніндегі орынбасары Эльмира Дәулетжанованың айтуынша, психикалық сау адам өмірге оң көзқараспен қарайды, стресске төзімді келеді және эмоциялармен күресуді біледі.
– Психикалық денсаулық – адамның қоршаған әлемді жеткілікті түрде қабылдай алуы және күнделікті қиындықтармен күресетін, өзінің әлеуетін іске асыратын, тиімді жұмыс істейтін және қоғамға қатыса алатын жағдай. Бұған эмоционалды тұрақтылық, анық ойлау, үйлесімді қарым-қатынас орнату, шешім қабылдау және олар үшін жауапкершілікті сезіну қасиеттері кіреді. Бұл – адамның эмоционалды, психологиялық және әлеуметтік әл-ауқаты. «Неліктен психикалық денсаулық соншалықты маңызды?» деген сұраққа тоқталайық. Біздің денеміз – физикалық, психикалық және рухани компоненттердің өзара байланысқан бірегей, біртұтас жүйе. Қазіргі кезде әлемде психикалық денсаулыққа қауіп төніп тұрғанын баса айтқымыз келеді. Оған негізгі себептердің арасында тұрақты стресс, ақпараттың шамадан тыс жүктелуі, жалғыздық және әлеуметтік оқшаулану, өмірдің жоғары қарқыны, қоғамдағы тұрақсыздық, әлеуметтік желілердің қысымы, экономикалық қиындықтар, болашақтың тұрақсыздығы мен белгісіздігі бар. Бұл әсіресе, өздерінің жеке басы мен дүниетанымын қалыптастыратын жасөспірімдер мен жастарға қатысты. Шын мәнінде, аталған факторлардың барлығы адамды күйзеліске ұшыратады. Стрессті адам ағзасының шамадан тыс жүктемеге, жағымсыз немесе жағымды эмоцияларға реакциясы деп қарастырған дұрыс. Ал, негізінде барлығына аз мөлшерде стресс қажет. Өйткені ол сізді ойлануға, проблемадан шығудың жолын іздеуге мәжбүр етеді, бұл жағдайда ол оң мәнге ие. Бірақ екінші жағынан, егер стресс тым көп болса, дене әлсірейді, күшін жоғалтады. Проблемаларды шешу қабілеті төмендейді және ауыр ауруларды тудыруы мүмкін, – дейді Эльмира Асқарқызы.
Созылмалы стресс, депрессия және мазасыздық иммунитетті әлсірететінінен көбіміз хабардармыз. Онымен қоймай, көңіл күйдегі мазасыздық ең алдымен жүрек-қан тамырлары ауруларының даму қаупін арттырады және психосоматикалық жағдайларды тудыруы мүмкін. Мысалы, стресс физикалық белгілерді тудыруы мүмкін, яғни ауырсыну, мигрень, асқазан-ішек жолдарының проблемаларын туындатады.
Бұл – психосоматикалық бұзылулар. Екіншіден, шизофрения мен биполярлық бұзылыстың биологиялық негізі бар, бірақ стресс алғашқы шиеленісті немесе нашарлауды тудыруы мүмкін. Сонымен қатар, стресс адамның алкогольді, есірткіні және басқа да белсенді заттарды қолдануына себеп бола алады.
– Иә, қоғамда «Неліктен күйзелістің салдарынан адамның бәрі ауырмайды, тек кейбіреулерді сондай сырқаттануға апарады?» деген сұрақтың тууы заңды. Бұл көптеген факторларға байланысты. Мысалы, генетикалық бейімділіктен, жүйке жүйесінің ерекшеліктерінен, тұрақтылық, оптимизм секілді жеке қасиеттерден болады. Кей кісілерде жарақаттарды психологиялық қайта өңдеу қабілеті бар. Енді біреулерде зейін деңгейі және өзін-өзі реттеу дағдылары болады. Ал, кей адамдарды күйзеліс ауруға жеткізбеуіне әлеуметтік қолдаудың әсері көмектеседі, яғни отбасының, достарының қолдауы жәрдемдеседі. Психикалық денсаулық мақсаттар қоюға, оларға қол жеткізуге, мотивация мен өзіне деген сенімділікті сақтауға, қолдауды сезінуге және қоғамға пайдалы болуға көмектеседі. Өз кезегінде, ішкі қиындықтарға тап болған адам салауатты әдеттерден бас тартып, дұрыс тамақтанбай, өмірге деген қызығушылығын жоғалтады. Осы жағдайларға қарап-ақ психикалық әл-ауқатсыздықтың адамды сау, бақытты және табысты болуына кедергі келтіретінін көрсетеді. «Психикалық денсаулықты қалай сақтауға болады?» дегенге келсек, ұйқы және демалыс режимін сақтау маңызды. Сонымен қатар, дұрыс тамақтану және физикалық белсенділікпен айналысу, әлеуметтік медиа мен жағымсыз ақпараттың әсерін шектеу, хобби мен қарым-қатынасқа уақыт табу керек. Бұл қарапайым ережелер үлкен проблемаларды болдырмауға көмектеседі. Атап айтқанда, психикалық аурулардың пайда болуын немесе өршуін, беттік белсенді заттарды қолданудың алғашқы қадамын болдырмауға үлкен септігін тигізеді. Өйткені, психикалық денсаулық – өмірлік қажеттілік. Әркім өзіне қамқорлық жасап, сезімдері мен эмоцияларына мұқият болса, сау, бақытты және қанағаттанарлық өмірге қадам басады. Күйзелістен психикалық денсаулығына зақым келтірген адам өзін-өзі жеңе алмайды. Мұндайда мамандандырылған медициналық мекеменің көмегіне жүгінуге тура келеді. Егер көмек қажет болса, облыстық психикалық денсаулық орталығының білікті мамандары көмек бере алатынын да айта кеткен жөн, – деген Эльмира Дәулетжанова аурудың сипатына және оның ауырлығына байланысты науқас амбулаториялық жағдайда немесе ауруханада емделетінін айтты.
Халық «Тағдырың өз қолыңда» деп бекер айтпайды. Барлық адам өмірге таза қалпында келеді. Өмір сүре келе кездескен түрлі жағдайларды қабылдауына қарай мінез қалыптастырып, алуан әрекет жасауымен өз тағдырын түзеді. Рухы берік жандар барлық қиындыққа төтеп беріп, өзіндік болмысын жоғалтпай, абыройлы атын да сақтап, денсаулығын да қорғайды. Ал, кездескен кедергіге морт сынатындар көңіл күйін уақытша сергітетін алкогольдік ішімдікке, темекіге, тіпті оның артынан нашақорлыққа қалай салынып кеткенін де байқамай қалады. Тіпті, мұндай зиянды тәуелділікке ұрынбағанның өзінде бойына теріс пиғылды мінезді сіңдіріп, өмір жолын көлеңкелі бағытқа бұрып алуы да бек мүмкін. Міне, сондықтан да психикалық денсаулық тағдыр үшін маңызды, саналы өмір сүруге аса қажет.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ауруын анықтау үшін адамнан жымиюды сұраңыз
- 14 маусым, 2025
Бала шыр етіп дүниеге келгенде қатты қуанамын
- 14 маусым, 2025
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді