«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Білікті мамандар өз тәжірибелерімен бөлісті

Білікті мамандар өз тәжірибелерімен бөлісті
Автор
Биыл Жамбыл жоғары медициналық колледжінің құрылғанына – 90 жыл. Бұл мерейтой тек оқу орнының ғана емес, өңірдегі денсаулық сақтау саласының да маңызды тарихи белесі. Білім ордасының мерейтойы салтанатты түрде аталып өтті. Іс-шараның негізгі тақырыбы – «Жасанды интеллект және медициналық білім беру саласындағы заманауи әдіс-тәсілдер» деп аталды.

Бүгінде медицина мен білім беру жүйесінде цифрлық технологиялардың, оның ішінде жасанды интеллектінің рөлі күн санап артып келе жатқандықтан, бұл тақырып қатысушылар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды.

Салтанатты жиынды «Ғылымиклиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығы» ЖШС-нің директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик Сейітхан Жошыбайұлы ашып, 90 жылдық тарихы бар білім ордасының өзімен замандас екендігін айтып, құттықтау лебізін білдірді. Халықаралық деңгейде өткен басқосуға Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінен келген медицина саласының білікті мамандары қатысты. Шетелдік қонақтар өздерінің ғылыми баяндамаларын ұсынып, заманауи медициналық білім берудің озық тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар олар колледж ұжымын мерейтоймен құттықтап, білім ордасының өңірдегі кадр даярлаудағы рөлін жоғары бағалады.

Мерекелік іс-шараға колледждің әр жылдардағы түлектері, ардагер ұстаздары да арнайы шақырылды. Олар студенттік жылдарын еске алып, ұстаздарға деген алғыстарын білдірді. Ардагер түлектердің жылы лебіздері мен естеліктері кештің ерекше әсерлі сәттерінің біріне айналды. Салтанатты жиынға облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лаура Отарбайқызы да қатысып, Облыс әкімі Ербол Шырақпайұлының құттықтау хатын жеткізді. Ол өз сөзінде колледждің 90 жылдық тарихына тоқталып, оның қалыптасу кезеңдері мен жетістіктерін ерекше атап өтті. Жиын барысында «Санат» ЖШСның бас директоры Берік Елмағанбетов пен «Аmanat» партиясы облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Уалихан Болатбек оқу орнының үздік қызметкерлерін марапаттады.

Естеріңізге сала кетсек, білім ордасының іргетасы 1936 жылы ақпан айында Мирзоян қаласында қаланды. Ол кезде республика көлемінде білікті орта медицина мамандарына сұраныс жоғары еді. Осы қажеттілікті өтеу мақсатында екі жылдық медсестралар мектебі – Жамбыл өңіріндегі медициналық білім беру мен медициналық училищесі ашылып, болашақта мыңдаған жүрекке мейірім ұялатқан ұлы орданың бастауы мейірім мен парасаттың, адалдық пен еңбектің ұясына айналды. 90 жылда оқу орны мыңдаған орта буын медицина қызметкерлерін даярлап, еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің дамуына зор үлес қосты.

Бүгінде колледж «Жалпы практика мейіргері», «Мейіргер ісі қолданбалы бакалавры», «Массажист», «Фельдшер», «Акушерлік іс» және «Зертханалық диагностика» сынды мамандықтар бойынша мамандар даярлайды. Қазіргі таңда колледжде 3654 студент білім алуда, оның 69 пайызы (2536 студент) мемлекеттік тапсырыс негізінде оқиды.

Салтанатты іс-шара бағдарламаға сәйкес көрмеге, колледждің 90 жылдығына арналған кітаптың тұсаукесері мен шеберлік сабақтарына, түстен кейін Баласағұн концерт залында өткен мерекелік гала концерт пен отшашуға ұласты.

 

Арна ЖҰМАТАЙ

Ұқсас жаңалықтар